Оған М.Саакашвили мен Б.Иванишвили арасындағы бәсеке себеп болып отыр
Михаил Саакашвили биліктен кеткеннен кейін Грузияда Парламенттің саяси ықпалы күшейді. Кезең-кезеңімен президенттің билігі төмендеп, мемлекет толық парламенттік республикаға айналды. Дегенмен, соңғы жылдары президент пен парламент арасында кикілжің белгілері білінуде. Оған бір жағы Саакашвилидің елге оралуы әсер етсе, екінші жағынан Брюссель ықпал етуде. Жақын болашақта саяси дағдарыс күтілмесе де, елдің тар жол, тайғақ кешуіне тура келеді.
СААКАШВИЛИ САЯСИ ҚАТЕЛІК ЖАСАДЫ
Михаил Саакашвили 2004– 2013 жылдары Грузияның президенті болған. Ол 2003 жылы жаппай наразылықтан кейін билікке келді. Сол кездегі наразылықтың басты себебі парламент сайлауындағы сайлау туралы заңның бұзылуы еді.
Парламенттегі басым орынға таласқа басты екі саяси партия түсті. Бірі экс-президент Э.Шеварднадзе бастаған «Жаңа Грузия үшін» және А.Абашидзенің «Грузияның демократиялық түлеуі» партиялары болса, оған қарсы М.Саакашвилидің «Бірлескен халық қозғалысы» мен Н.Бурджанадзе, З.Жвания басқарған «Бурджанадзе демократтары» бәсекеге түсті. Саяси бәйгеде президенттің саяси бірлестігі жеңіске жетті. Алайда, бұған Саакашвили келіспей, елде кең көлемде наразылықтар болып өтті. Қоғамдағы наразылық күшейіп, Шеварднадзенің биліктен кетуіне тура келді.
2004 жылы Саакашвили басқарған саяси бірлестік ірі күшке айналып, бірлескен «Біртұтас ұлттық қозғалыс» партиясы құрылды. Сол жылы 4 қаңтарда жаңа президент сайлауы өтіп, қозғалыстың лидері Саакашвили айқын басымдықпен жеңіске жетті. Алайда, ішкі және сыртқы саяси дағдарыстан кейін 2008 жылы мерзімінен бұрын сайлау өтеді. 5 қаңтарда өткен сайлауда ол 53%-дан астам дауыспен жеңіске жетті. Мұндай төмен нәтиже көрсетуіне оның саяси ықпалының төмендеуі себеп болды. Ал оның саяси ықпалына олигарх Бидзина Иванишвили құрған «Грузия арманы» партиясымен текетіресі әсер етті.
Әйтсе де, Саакашвилидің реформатор екені сөзсіз. Ол билікке келгесін елде күрделі құрылымдық реформаларды жүзеге асырды. Олардың ішінде жемқорлықпен күресті ерекше атап өткен жөн. Ө т ке н ж ы л ғ ы Tr a n s p a r e n c y International үкіметтік емес ұйымының жемқорлыққа деңгейі бойынша рейтингте Грузия 180 елдің ішінде 41 орынды иеленген. Бұл көрсеткіш посткеңестік кеңістіктегі ең жақсы нәтиже. Десе де, халықаралық ұйым соңғы 10 жылда бұл салада айтарлықтай өзгеріс жоқ деген қорытындыға келген. Оған басты себеп елдегі клептократиялық тенденцияның күшеюі дейді сарапшылар. Грузиядағы олигополияның ықпалы туралы ЕО та айтып келеді.
БИДЗИНА ИВАНИШВИЛИ – ГРУЗИЯНЫҢ СҰР КАРДИНАЛЫ
2011 жылы олигарх Б.Иванишвили «Грузия арманы» атты саяси қозғалысты құрды. Жаңадан құрылған қозғалыс 2012 жылы өтетін парламент сайлауына қатысуды өз алдына мақсат етті. Алайда, сол жылы Михаил Саакашвили қозғалыс жетекшісін азаматтықтан айыру туралы үкімге қол қойды. Оған оның 2010 жылы Франция азаматтығын алуы желеу болды. Азаматтықтан айырылғаннан кейін қозғал ы с қ а М а н а н а К о б а х и д з е басшылыққа келді.
Ал 2012 жылы 7 мамырда қозғалыс «Грузия арманы – Демократиялық Грузия» ретінде саяси партияға айналды. 1 қазанда өткен парламент сайлауында 150 орынның 85 мандатын жеңіп алды. Қалған орындарды Саакашвилидің партиясы иеленді. Осылайша мемлекетте қос билік қалыптасты.
Дегенмен, біртіндеп Саакашвилидің саяси беделі түсе бастады. Ол 2013 жылғы президент сайлауына түсуден бас тартты. Бұл сайлауда билеуші партия мүшесі Георгий Маргвелашвили жеңіске жетті. 2016 жылғы парламент сайлауынан кейін «Грузия арманы – Демократиялық Грузия» партиясы билеуші партияға айналды.
БРЮССЕЛЬДІҢ КӨЗДЕГЕНІ БІР ОҚПЕН ЕКІ ҚОЯН АТУ
Өткен жылы Украина, Молдова мен Грузия бірінен соң бірі ЕО-қа мүше болуға ниет білдірген еді. Алайда, Грузияның жолы ашылмай қойды. Брюссель өзге екі мемлекетті ресми түрде одаққа мүше болуға үміткер ретінде мойындаса, Грузияға қатысты екі ойлы болып отыр. Оны одаққа қосуға мүдделі болғанымен, мемлекеттегі клептократиямен бірлескен автократиялық тенденциялар және соған сәйкес Мәскеудің ықпалының күшеюі бұл мәселе бойынша кідіре тұруға мәжбүр етуде.
Брюссель Грузияның одаққа мүше болайық деген өтінішіне 12 талап қойған. Грузия тарабы бұл талаптардың ішінде әсіресе «деолигархизацияға» қарсылық көрсетуде. Себебі, билеуші партияның бенефициары Б.Иванишвили. Оның бизнесінің басым бөлігі Ресейде екенін ескерсек, Брюссель бір жағынан демократиялық институттарды дамытуды көздесе, екінші жағынан Мәскеудің ықпалын төмендетуге әрекеті байқалады.
Билік сондай-ақ, медиа еркіндігін қамтамасыз ету мәселесіне де тосқауыл қойып отыр. Мұны биыл билеуші партия ұсынған шетел агенттері туралы заң көрсетті. Бұл заңға оппозиция мен үкіметтік емес ұйымдар қарсылық көрсетіп, түрлі наразылық акциялары өтті. Бұдан кейін билік заңды қабылдай алмады.
2021 жылы М.Саакашвилидің елге қайта оралып, оның тұтқындалуы онсыз да күрделі жағдайда отқа май құйғандай болды. Оның бұл әрекетін саяси қателік деп бағалауға болады. Себебі, одан кейін парламенттің ықпалы одан сайын күшейіп, президент билігі төмендейтін заңдар қабылданып, жоғарыда аталған шетелдік агент туралы заң жобасы дайындалды. Сондықтан бұл шешімімен Саакашвили елдің Еуропалық интеграция процесін аз болса да шегерді.