ffin.kz

Авторлық құқыққа қатысты істер  неге сотта қаралмайды?

Авторлық құқыққа қатысты істер  неге сотта қаралмайды? almaty-akshamy.kz

Әлеуметтік желі дамығалы қазір басқаның жеке авторлық туындысын иемдену, заңсыз меншіктеп, қолдану жиі кездеседі. Авторлық құқықтың бұзылатын кезі көп. Әсіресе, сайттар мен мессенджерлердегі мәтіндерді еш өзгертпестен, көшіріп жазады. Суреттер мен музыкалық туындыларды, киім-кешектердің авторлық үлгілерін ұрлайтындардың көбейгенін естіп жүрміз.


Арнайы анықтайтын ақылы онлайн қызметтер бар. Оның көмегімен плагиатты анықтай алады. Мәтіндер мен басқа да авторлық құқықпен қорғалған туындылардың түпнұсқасын авторын көрсетпей, өз атынан жариялайтындардан гөрі, із жасырып, ұрланғанын білдіртпеу үшін түрлі әдіс-тәсілдер қолдану көп кездеседі. Мәселен, бір сөзді соған мағыналы басқа сөзбен алмастыру, нақты авторын, дереккөзді көрсетпеу, т.б. деген сияқты.


Мамандардың айтуынша, мұндай әрекеттерден соң авторлық құқықты дәлелдеу қиынға түседі. Дәлелденген жағдайда заң алдындағы жауаптан жалтара алмайды.


1996 жылы маусымда қабылданған "Авторлық құқық туралы" заң құқықты автордың жеке мүліктік емес және мүліктік құқықтары ретінде анықтайды. Ал 2015 жылы авторлық құқық пен сабақтас құқықтарды бұзу қылмыстық құқықбұзушылық санатына ауыстырылды.


Ел заңында авторлық құқық санатына не кіреді, жаза қандай? Сұрақтарды заңгер  маманнан сұрап көрген едік.


 


Лаура СЕРІКҚАЗЫҚЫЗЫ, заңгер:  Сотқа жүгінетіндер жоқтың қасы



 Әр адамның ой-өрісі мен іс-әрекетінің өз бағасы бар. Әркім өз ойлап тапқан мүліктік құқықтарын, білім, әдебиет, өнер шығармаларын және одан басқа ойлап тапқан туындыларын заңды түрде қорғауға құқылы екенін естен шығармаған жөн. Ол Қазақстан Республикасының «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» заңымен қорғалады. Әдеби, драмалық, музыкалық сценарий, ғылым, өнер туындылар, тіпті мәтіні жоқ әуендер, т.б шығармашылық еңбектің туындылары авторлық құқыққа жатады.


 


Мұны дәлелдеу қиын


Мұндай заңсыздықтар жиі кездесетініне қарамастан, авторлық құқық қорғау бойынша сотта қаралатын істер жоққа тең десек, артық айтқандық болмас.  Былтыр 2022 жылы осы бағытта бір ғана іс қаралған. Залалды өтеудің немесе кірісті өндiрiп алудың өтемақы мөлшерiн сот айқындайды. Ол 100 айлық есептік көрсеткіштен 15 000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі сомада. Сот шығындары өтемақыдан көп шығады және авторлық құқық бұзылғанын дәлелдеу өте қиын болғандықтан, жеке және заңды тұлғалар сотқа жүгіну тиімді деп ойламайды. Қарапайым тілмен айтар болсақ, қолын бір сілтеп, жүре береді. Мән бермей жатады.


Екіншіден, бізде авторлық құқықты тіркеу заңмен міндеттелмеген, бірақ интеллектуалды меншікті ҚР Әділет министрлігінде тіркеген жөн. Өйткені, кейін құқығы бұзылғаны туралы дәледеу қиынға соғады. Аталмыш жеке меншікті құқық автордың өмірінің соңына дейін беріледі және қайтыс болғаннан кейін де 70 жыл сақталады. Содан кейін мұрагерлеріне беріледі. Егер мұрагерлері болмаса, жалпылама мүлікке айналады.


Бүгінгі таңда көбіне интернет желісінде жүктелген фотосуреттердің авторлық құқығы бұзылуда. Бұл түсінікті. Біз әлеуметтік желілер дәуіріндеміз. Instagram қосымшасы желілер арасында ең танымалы, яғни 1 миллиардтан аса қолданылушылардан мөлшермен алғанда 50 миллиард фотосурет жүктелген. www.datareportal.com сайтының мәліметі бойынша, Қазақстан әлемде Instagram қосымшасын қолданушылар арасында 17-орында тұр. Осы статистикаға қарап-ақ, екінің бірі авторлық құқықбұзылушылыққа соқтығысатыны сөзсіз. Егер желі қолданушысы басқа біреудің суретін немесе туындылары мен мәтіндерін  қолданғысы келсе, тек автордың келісімін алып, автордың аты-жөнін белгілеп қойғаны абзал. Сонымен қоса, айта кететін жәйт, егер белгілі бір тұлға фотосессия жасап, суретке түссе, авторлық құқық фотографқа тиесілі болады. Дау-дамайға жол бермес үшін алдын ала фотографпен келісімшарт жасасқаны дұрыс.


Оқырманға құлаққағыс...


*Егер сіз өз суретіңізді немесе туындыңызды басқа біреудің заңсыз жариялағанын көріп қалсаңыз, біріншіден, сол адамға хабарласып, алып тастауын өтініңіз. Егер ол өтінішіңізді орындамаса, әлеуметтік желі қосымшасының техникалық қолдауына хабарласып, авторлық құқығыңыздың бұзылғаны туралы айтыңыз. Техникалық қолдау өзі-ақ құқық бұзушылықпен жарияланған материалды алып тастайды немесе парақшасын бекітіп тастайды. Сондай-ақ, құқық қорғаушыға және авторлық құқық қорғаумен қоса өтемақы өндіріп алу үшін сотқа жүгіне аласыз.


 


Жаңа заң қажет


Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексіне сәйкес, авторлық құқық бұзушы 80 есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 80 сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға жазаланады. Дәл сол іс-әрекеттер, егер олар айтарлықтай мөлшерде жасалса немесе айтарлықтай залал не автордың немесе өзге құқық иеленушiнің құқықтарына немесе заңды мүдделерiне елеулі зиян келтiрсе не бірнеше рет жасалса, 160 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 160 сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға не 40 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.


Маман ретінде айтарым, «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» заң ескірген деп ойлаймын. Өйткені, бұл заң 90-жылдарға арналған. Заманауи әлеуметтік желілердегі авторлық құқықбұзушылық реттелмеген.


 


 *Керек дерек


Авторлық құқыққа саналмайтындар:  



  • 1) ресми құжаттар (заңдар, сот шешiмдерi, заң әкiмшiлiк, сот сипатындағы және дипломатиялық сипаттағы өзге де мәтiндер), сондай-ақ олардың ресми аудармалары;

  • 2) мемлекеттiк нышандар мен белгiлер (жалаулар, елтаңбалар, ордендер, ақша белгiлерi және өзге де мемлекеттiк нышандар мен белгiлер);

  • 3) халық шығармашылығы туындылары;

  • 4) оқиғалар мен фактiлер туралы ақпараттық сипаттағы хабарлар.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

14:45

14:40

14:34

14:07

13:47

13:30

12:58

12:32

12:13

11:56

11:52

11:40

11:29

11:11

11:05

10:49

10:47

10:36

10:16

10:08

09:54

09:17

09:03

08:49

08:05