31 МАМЫР – САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН ЖӘНЕ АШАРШЫЛЫҚ ҚҰРБАНДАРЫН ЕСКЕ АЛУ КҮНІ
Ғарифолла ӘНЕС:
АШАРШЫЛЫҚ АҚИҚАТЫ: 1932-1933 жылдардағы қазақтың басына түскен ұлттық апаттың шындығы әлі ашылмай келеді
Ғарифолла Әнес – Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, репрессияға ұшыраған Қазақстан зиялыларының мұрасын зерттейтін «Арыс» жеке қорының президенті. Ғылыми жұмыстары қазақ тілінің тарихына, этимология мен лексикология, Махамбет шығармаларының тілі мәселелеріне арналған. Х.Досмұхамедовтың «Аламан» және «Исатай – Махамбет» жинақтарын, «Наурыз: жаңғырған салт-дәстүрлер», «Бекет ата» кітаптарын құрастырып, шығарушылардың бірі. Алаш зиялыларының тағдыры туралы деректерді жинастырып, бірнеше кітаптар кұрастырған ғалым.
«ЖЕТІСУДІҢ ШЕРЛІ ТАРИХЫ»
ХХ ғасыр нәубет-зұлматтарын саралап, қуғын-сүргін құрбандарын ғылыми-зерттеу жұмыстары пандемия уақытында тоқтап қалды. Оған дейін біраз зерттеу жұмысымен айналыстық. Өзіміздің ғалымдармен қатар, шетелдік ғалымдармен, оның ішінде қырғыздармен байланыс орнатылды. Алашорда үкіметі тұсында Батыс Алашордасы, Семей Алашордасы, Торғай Алашордасы болғанымен, Жетісу Алашордасы деген болмады. «Арыс» қоры «Жетісудің шерлі тарихы» атты ғылыми-зерттеу бағдарламасын ұсынды. Министрлік бекітіп, Алматы облысының ғалымдары қолдады. Кеген, Жаркент архивтерінен бұрын-соңды зерттеушілер назарынан тыс қалған құнды архивтік деректер, шекараны заңсыз кесіп өткен босқындардың тізімдері табылды. Осы жұмысты бастарда алдымыздан бірнеше мәселе шықты. Өйткені, тарихта ең көп көтеріліс болған өңір – Алматы облысы. Көтерілістердің тарихы әлі зерттелмей тұр. Ең көп қырылған да осы облыстың халықтары болды.
АЛАШ ЗИЯЛЫЛАРЫН ҰСТАЗ ТҰТҚАН
Қырғыз елінде «Алаш» партиясының қырғыз филиалы» мәселесі жан-жақты зерттеліп, бірнеше еңбек жарық көрді. Мәселен, Қырғыз Республикасы Жоғарғы Кеңесінің экс-төрағасы, қырғызстандық ғалым Зайнедин Құрманов 2000 жылдары «Алашорданың қырғыз филиалы» деген кітап жазды. Қырғыз қайраткерлері Ахмет Байтұрсыновты, Әлихан Бөкейханов пен Халел Досмұхамедовті, т.б. көптеген Алаш зиялысын ұстаз тұтқан. 1922 жылдың желтоқсанында Ташкентте «Қазақ-қырғыз мәдениетін көркейтудің талап қоғамы» деген қоғам құрылып, оның басшысы Халел Досмұхамедов болды. Ташкентте Түркі республикасында қырғыз халқының алғашқы баспасөзі жарияланып, этнографиясы зерттелді. Үлкен жұмыстар жүргізілді. Біздің қазіргі күні атқарып жатқан ең үлкен жұмыстарымыздың бірі – бұрынғы Алматы округі Жетісу өңіріндегі Алаш қозғалысының тарихын зерттеу. Алаш әскері деп жүргеніміздің бәрі осы Жетісу өлкесінде құрылды. Жаңалық ауылында біраз адамның сүйектері шашылып жатыр. Оларды экспертизадан өткізу керек. Биыл археологиялық қазба жұмыстары басталды. Боралдай маңында 19 комиссарымыз жер- ленді деген әңгіме бар. Биыл Жаңалық ауылының маңы, келесі жолы Боралдай қазылады. Табылған адам сүйектерін қайтадан арулап, жерлемекшіміз. Ол да үлкен мәселе. Сондай-ақ, биыл бірнеше кітаптың тұсауы кесіледі. Солардың бірі – Моңғолиядан келген жазушы Сұраған Рахметұлының «Моңғолиядағы 1937-1938 жылдардағы қуғын-сүргіннің тарихы» еңбегі. Бұл еңбекте бірнеше қазақтың аты-жөні кездеседі. 1937-1938 жылғы үлкен террордың кезінде бетке шығар адамдардың бәрін атып тастаған. Моңғолиядағы үлкен террор туралы Сұраған Рахметұлының осы еңбегінде толық баяндалған. Кітап бірнеше тиражбен жарыққа шығады. Биыл мамырдың 31-і күні тұсауы кесіледі. Қазақтан шыққан зиялылардың ішінде есімі айтылмай жүрген азаматтар көп. Ұлттық интеллигенция өкілдерінің бәрін зерттеу керек. Қазіргі бағыттарымыздың бірі – осы.
ӘЛІ КҮНГЕ ДЕЙІН ЖАБЫҚ ТАҚЫРЫП
Біздегі тағы бір маңызды мәселе – ашаршылық. Әлі күнге дейін жабық тақырып болып тұр. 1932- 1933 жылдардағы қазақтың басына түскен ұлттық апаттың шындығы әлі ашылмай келеді. Осы мәселеге келгенде ескі кеңестік идеологияның сарыны байқалыпақ қалады. Атақты 58-бап бар. 1936 жылы біз одақтас республика болдық. Бірақ 1937-1938 жылдары адамдардың бәрі РСФСР-дің қылмыстық кодексімен атылған. Соның конституциясымен өмір сүргенбіз. Ол баптың бірнеше тармағы бар. Атылғандардың бәрі қазір толық ақталды деуге болады. Ал қазақ жерінде болған ең үлкен 30–40 көтерілістің басшылары мен көтеріліске шыққандар 59- бап (бандитизм) бойынша жаза алған. Құпия туралы заңда «Кеңес үкіметіне қару алып, қарсы шыққан адамдарды ақтауға болмайды» деген бап тұр. Соның кесірінен әлі ақтай алмай отырмыз. Ел Президентінің 2020 жылы құрбандарды толық ақтау туралы Жарлығы шыққаннан кейін осы істер қайта қаралып жатыр.
КЕҢЕСТІК КЕЗЕҢНІҢ ЕҢ ҮЛКЕН ҚҰПИЯСЫ
Сотталса да, атылса да, жер аударылса да, ол адамның ісі бар. Архивте тұр. Негізгі заң бойынша да, әлемдік тәжірибеде де 50 жылдан кейін архивтердің бәрі ашылу керек. Тіпті, өте құпия деген мемлекеттік архивтердің өзі халықаралық конвенсия бойынша 70 жылдан кейін ашылады. Кез келген адам қайтыс болғаннан кейін 70 жыл бойы оның мұрагерлігі сақталады. Одан кейін мұрагерлігі жойылады. Бізде қазір не Кеңес Одағы жоқ, не оларды атқан, соттаған комунистік партия жоқ. Бірақ біз сол заңды әлі ұстанып отырмыз. 2021 жылы Тәуелсіздіктің 30 жылдығында 30 көтерілістің атылып кеткен басшысына «Халық батыры» атағын беру туралы хат жаздық. Олар шын мәнінде халықтың батыры болды. Қолдарында қаруы жоқ болса да, коммунистік режимге қарсы шықты. Бәрі сол жолда құрбан болды. Нағыз халық батыры – солар. Осы ұсынысымызды биыл тағы да айтамыз. Шамамыз келгенше барлық көтеріліске белгі қоямыз. Қазір бәрі анықталды. Әр көтерілісті кім бастады, басында кім тұрды одан кейін ол кісінің тағдыры қалай болды, қалай атылды, қалай құрбан болды – бәрі жазылады. «Халық батыры» деген атақ беріп, оқулықтарға кіргізуіміз керек.
ARYSMEDIA.KZ ПОРТАЛЫ АШАРШЫЛЫҚ ҚҰРБАНДАРЫНЫҢ ЖОҚШЫСЫ
Халықтың бастан кешкен азалы тарихын тереңдей тану үшін, ашаршылықтан, Кеңес Одағының қудалауынан азап шеккен, геноцидтен өлген адамдардың аты-жөнін анықтау мақсатында Аrysmedia.kz атты үлкен ғылыми портал ашылмақ. 40 шақты сайт жұмыс істейді. Жүктелетін материалдар әр уақытта толықтырыла береді. Қай жерде атылды, не үшін атылды, ұрпақтары кім деген, сол кісі туралы барлық ақпарат сайтқа енгізіледі. Атылған, қуғын-сүргінге ұшыраған адамдардың тіпті, депортацияға ұшыраған адамдардың тізімі бар. Біз ашаршылыққа ұшыраған адамдардың санын ғана білеміз. Қазақстан коммунистік партиясының басшысы Голощекинге күнде кешке таман қанша адам аштан өлді, қанша адам өзін-өзі жеп қойды деген сияқты мәліметтер түсіп тұрған. Бірақ адамның аты-жөні жоқ. Халыққа жар салып осы порталды ашудағы мақсатымыз – аштықтан өлгендердің аты-жөнін анықтау. Біз барлық шежірені қарап шықтық. Өкінішке қарай, шежірелерде «менің пәленше деген атам аштан өлді» деп жазбайды екен. Қытайда қызай деген рудың 40 том шежіресі шыққан. Оны да алып қарадық. «Пәленше адам босқын болып өлді, шекарада өлді, қытайдың қолынан болмаса советтің әскерінің қолынан өлді» деген сөз жоқ.
АШТЫҚ ҚҰРБАНДАРЫНЫҢ САНЫ ӘЛІ ТОЛЫҚ АНЫҚТАЛМАДЫ
Қазақтың басынан өткен ашаршылықтың құпиясын ашу мәселесі тұр. Ұлттық сана сілкінетін уақыт келді. Мектеп бағдарламасына енгізіліп, халықтық педагогикада айтылмаса, кейінгі ұрпақ бұл трагедияның зардабын түсінбейді. Шын мәнінде, ашаршылыққа ұшырамаған, оның зардабын көрмеген бірде-бір қазақ жоқ. Қазақтың отбасында ең кемі бір адам аштық зардабын көрген. Бұрын қазақтың үштен бірі аштан өлді десе, қазір қазақтың үштен екісі аштан өлді. Тек аштықтан емес, босқынға, қуғынға ұшырағаны бар, бәрін қосқанда 7 миллион адам Кеңес үкіметінің зардабын шекті. Мұны бұрын да айтқанмын. Сонда әлеуметтік желіде «Барлық қазақтың саны 6 миллион болса, қалай 7 миллион адам аштан өледі» деп бәрі шулап кетті. Қазақтың саны әлі күнге дейін дұрыс анықталмай жүр. Қазақ қай уақытта да балаларының санын нақты айтпаған. Соғысқа алмас үшін са- нын кемітіп айтқан. Малына салық төлемеу үшін санын кемітіп айтқан. Әлі күнге дейін қазақтардан «неше балаң бар?» деп сұрасаң санын айтпайды. «Бар ғой» деп қоя салады.
ЖАЛҒЫЗ ҚАЗАҚТЫҢ ҒАНА ЕМЕС, БҮКІЛ АДАМЗАТТЫҢ ТРАГЕДИЯСЫ
Соңғы кездері осы тақырыпта сұхбат беруге тартынатын болдым. Себебі, елдің бәрі қазір жаңалық күтеді. Аштан өлген, атылып кеткен, қуғын-сүргін көрген адамның саны неғұрлым көп болса, соғұрлым сенсация болып көрінеді. Екіншіден, бұл бір атыңды шығарып, білгіш болып көрінгің келетін сияқты құбылыс. Ал шын мәнінде халықты тұтас алғанда алдыңғы буынмен қазіргі ұрпаққа дейін өзіміздің трагедиямызды жүрегімізден өткізіп, сезініп отырған жоқпыз. Аштықтан осынша миллион адам өлді десең, өз ұлтыңның емес, басқаның басынан кешкен оқиға ретінде қарайды. Қазақтың басынан өткен ең үлкен зардапты жүректен өткізіп, сабақ алмай келеді. Өзіміздің атамыздың, туысқанымыздың трагедиясы екенін сезіне алмай отырмыз. Қайта қайталанбауына кім кепіл? Біреулер «оның не қажеті бар, болар іс болды, өткен істі қазбалағаннан не шығады?» деп айтып жатады. Қалай болған күннің өзінде бұл – үлкен мәселе. Бір адамның болсын аты-жөні табылса дейміз. Тарих, шежіре деген қызықты нәрсе ғой. Бүгінгінің өзі тарих. Өзіміздің тарихымызды өзіміз жазбасақ, бізге ешкім жазып бермейді. Сондықтан әркім жеті атасын, ата-бабаларын қайта қарап, қанша адам аштықтан немесе басқа да себеппен өлгенін жазса дейміз. Аrysmedia.kz порталы сол үшін ашылды. Жалғыз қазақтың ғана емес, бүкіл адамзаттың трагедиясы. 15–20 жылдың ішінде бір халықтың үштен екісі құрып кету, оның ішінде аштан өлу деген – үлкен трагедия.
ҚАСІРЕТТІ ЖЫЛДАР ТАРИХЫ ЗЕРДЕЛЕНЕТІН БОЛАДЫ
Бізге Жаңалық ауылының құжаттарын әлі күнге бермей отыр. Адамдарды қазіргі НКВД-ның ғимаратының алдында атып, 35 шақырым жерге апарып көмген. Неге ол жерге апарып көмген? Ол жерде полигон болды ма, әлде оқ ататын стрелбище болды ма, нақты құжатын бермеді. Мысалы, Мәскеуде 6-7 аумақта адамдар жерленген жерлер бар. Бөкейханов пен Нұрмақовтың жерленген жері белгілі. Ал бізде табылған сүйектер кімдікі, тіпті қай жерде жерленгені белгісіз. Басты кедергі – осы. Мал өлсе де акт жасайды ғой. Үш деген жерден 163 адамның сүйегін қазып алдық. Экспертизаға бергенімізде жартысы қазақ, жартысы славян халқы, 5-еуі әйел екенін анықтап берді. Болашақта наркомдардың сүйегін қазып алып, генін анықтауымыз мүмкін. Жалпы, кімнің қай жерде жерленгенін білмейді. Олардың бәрі тек қана осы сайтқа енгізіліп, анықталып, мәрмәр тақтаға аты-жөндері жазылу керек деп ойлаймын. Сол үшін жұмыс жүріп жатыр. Халықтан сайтқа ата-бабаларының аты-жөндерін жазып, қол ұшын берулерін сұраймын. Алдағы уақытта барлық көтерілістің, қазақ басынан өткерген қасіретті жылдардың тарихы зерделеніп, сайтқа енгізілетін болады. Тізім бойынша аштықтан өлген адамдардың саны – 2 миллиондай адам. Бұл тек еліміз бойынша анықталған мәлімет. Ал елден тыс жерде өлгендердің саны белгісіз. Қытайдағы, Моңғолиядағы, т.б. елдердегі халықтың есебін білмейміз. Төребек Османов деген қазақтың тұңғыш банкирі болған. Оның 3 қызы болды. Өзі төре, әйелі қожа болған. Ол кісінің әйелін «Алжирге» алып, 3 қызын 3 бөлек балалар үйіне тапсырған. Қазақстанның емес, үшеуін 3 республиканың, бірін Украина, екіншісін Беларусь мемлекетіне, үшіншісін Ресейге жіберген. Бізге белгісіз қаншама адамның тарихы бар. Төребек Османовтың қарындасы 3 қыздың басын қосып, жоғары білім берген. Кенже қызының көзі тірі. «Мен өліп қалсам, әкем туралы айтып беретін ешкім қалмайды» деп жүрегі ауырса да, операция жасатпай келеді. Қызыл орда қаласында Төребек Османовқа көшенің атын бердік. Мұндай фактілер миллиондап кездеседі. Оның бәрін анықтау керек. Анықтап қана қоймай, айтып жариялауымыз керек. Оқулықтарға енгізілуге тиіс. Әрине, мұның бәрі бір адамның ғана қолынан келетін шаруа емес. Бүкіл халық болып жұмылу керек. Портал да сол үшін ашылды. Қазір дүниенің бәрі шоу сияқты. Көбіне шоу қызық болып көрінеді. Теледидар трагедиялық, ашаршылық туралы хабардың өзін шоу қылып көрсетеді. Шоудың заманы болып кетті. Өмірдің бәрін шоу жасауға болмайды... 31 мамыр – Саяси қуғын сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Бұл күні гүл шоқтарын қойып, өтірік жылап-сықтап, түстен кейін тойға барғаннан өркениет болмайды. Өркениетті елдерде Ту түсіріледі. Барлық жерде Құран оқылады. Олардың аты-жөндері аталады. Ең болмағанда, бір күнді ата-баба әруағына арнаған жөн. Бұл күн адамды ойландыратын күн болуы тиіс.
Әзірлеген Гүлжанат СЕМБАЕВА.