Демократиялық қоғамның қалыптасуында референдум институтының орны ерекше
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында 2024 жылғы 6 қазанда елімізде Атом электр станциясын салу бойынша жалпыхалықтық референдум өтетінін айтты. Соңғы жылдары елімізде АЭС салудың тиімділігі мен мүмкін болатын қатері туралы ауқымды талқылаулар мен тыңдалымдар өтуде. Әрине, стратегиялық маңызды шешім болғандықтан халықтың үніне құлақ асып, барлық тарапты тыңдау – еліміздің халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасы аясында өте маңызды қадам.
Бүгінде Қазақстанда референдум өткізудің бірегей жүйесі қалыптасты десек те болады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары референдум саяси өкілеттілікті ұзартумен шектелсе, енді маңызды стратегиялық шешімдер бойынша халықпен тікелей ақылдасу, қоғам пікірін тыңдап, саяси көпшіліктің көзқарасын зерделеу үрдісі қалыптасты.
Осы ретте «референдум дегеніміз не?» деген заңды сұрақ туындайды. Референдум дегеніміз – елімізде өткізілетін жалпыхалықтық дауыс беру процесі. Қоғамдық өмірдің маңызды мәселелері референдумда шешіліп, анықталады. Әдетте референдум барысында екі сұрақ қамтылады. Мақаламызда саяси ғылымдағы референдум процесінің мәні мен мазмұнын талдап, оның еліміз үшін қазіргі таңдағы маңызын талдап көрелік.
Тәуелсіз Қазақстанда Президент өкілеттігін ұзарту жөніндегі алғашқы республикалық референдум 1995 жылы 29 сәуірде өтті. Екінші референдум – конститутциялық мәселе бойынша 1995 жылғы 30 тамызда ұйымдастырылды. Референдумға «Сіз жобасы 1995 жылы 1 тамызда баспасөзде жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген сұрақ қойылды.
Биылғы референдумда «Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?» деген сұраққа жауап беретін боламыз.
АРНАЙЫ ЗАҢНАМА НЕГІЗІНДЕ ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ
Халықаралық тәжірибеден көргеніміздей, азаматтық қоғам қалыптасқан, демократиялы елдерде маңызды саяси мәселелер бойынша жиі жалпыхалықтық референдум өткізіледі. Басты мақсаты – нақты сұрақ аясында саяси электораттың пікірі негізінде шешім қабылдау. Референдумды өткізу процедурасы Орталық сайлау коммисиясы негізінде жүзеге асып, нақты мәселені халық болып талқылап, ортақ шешімге келеді. Референдумға азаматтардың қатысуы ерікті түрде жүреді. Референдумда азаматтар жариялылық принциптерiне негiзінде, жасырын дауыс беру арқылы жалпыға бiрдей, тең және төте қатысады.
• Елінің болашағына бей-жай қарамайтын әрбір саяси сауатты азамат үшін референдум арқылы өз пікірін білдіру – әркімнің азаматтық парызы.
Жалпыұлттық референдум Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 2 қарашадағы №2592 Конституциялық заңы негізінде бекітілген «Республикалық референдум туралы» заңнама аясында реттеледі.
Заңнама бойынша референдумның талқысына: Республика Конституциясын, конституциялық заңдарын, заңдарын қабылдау, оларға өзгертулер мен толықтырулар енгiзу және республиканың мемлекеттiк өмiрiнiң өзге де неғұрлым маңызды мәселелерiн шешу қойылады.
• Елімізде заңнамалық актілер бойынша, маңызды стратегиялық саяси шешімдер бойынша референдум өткізудің бірегей жолы, қазақстандық моделі қалыптасты.
Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев Ата Заңымызға толықтырулар мен өзгертулер енгізу бойынша 2022 жылғы 5 мамырда тағы бір референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Референдум 2022 жылдың 5 маусымында өтті. Конституцияға енгізілген түзетулер мен толықтырулар бойынша өткізілген бұл республикалық референдумның мақсаты – жаңа мемлекеттік үлгіге, мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылының жаңа форматына көшу барысында Конституцияның 33-бабына өзгерістер енгізу. Референдум қорытындысы бойынша оған елімізде сайлау құқығына ие азаматтардың 68,06 пайызы қатысып, үн қосты. Нәтижесінде дауыс бергендердің 77,18 пайызы Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қолдап, маңызды шешім қабылданды.
Референдумның әлеуметтік саяси мәнге ие тұсы – халық үніне құлақ асатын мемлекет қалыптастыру. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда атап өткеніндей, республикалық референдум өткізу арқылы азаматтардың өз таңдауын жасауына, үн қосуы үшін ресми мүмкіндік қалыптасады.
Осы орайда ескеретін маңызды ұстанымдар бар екенін білгеніміз жөн. Халықаралық тәжірибеден көргеніміздей, маңызды саяси процестер қарсаңында референдумда талқыланатын мәселелер бойынша ауқымда тыңдаулар мен талқылаулар болады. Референдумға дауыс беру, сайлауда кандидаттың бағдарламасы негізінде азаматтық таңдау жасауға өте ұқсас болғанымен, біршама ерекшеліктерге ие. Сайлауда партияға немесе кандидат бағдарламасына қарап дауыс берсек, референдумда нақты қойылған сұраққа иә немесе жоқ деп жауап береміз.
Әрине, бұл тұрғыда дауыс беруге таңдау жасамастан бұрын азаматтардың аталмыш тақырыпты ауқымды зерттеп, кәсіби мамандардың пікіріне құлақ асып, шешімге саналы түрде келуі қажет.
Елімізде 6 қазанда жоспарланған республикалық референдумда «Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?» деген сұраққа жауап беретін боламыз. Аталмыш сұрақтың салмағы мен ықпалын толық сезініп, нақты шешім қабылдауда ауқымды талдауға негізделген мақалалардың мәні бөлек. Бұл тұрғыда атом электр станциясының мүмкіндігі мен әлеуеті, маңызы мен мүмкін болатын қатерлері туралы келелі сараптамалармен танысып, ой қорытуда отандық бұқаралық ақпарат құралдарының орны ерекше.