Әр шығарма – бір әлем...

Әр шығарма – бір әлем... qazaqstan.tv

Аға буын өкілдерінен «қазіргі жастар кітап оқымайды, біз бұлардың жасында әдеби шығармаларды жата-жастана оқитынбыз» деген кейісті пікірді жиі естиміз. Жалпы, бүгінде жастарды ғана емес, жұрттың басым көпшілігін кітап оқымайтындар қатарына жатқызатындар көп. Дегенмен бұл көзқарастың таласты екені тағы рас.

Қарапайым ғана мысал, егер де жас, кәрі, үлкен-кіші демей, жұрт жаппай кітаптан жеріп, телефон, смартфон, компьютер, планшет сияқты басқа да заманауи құрылғыларға ғана бас қойған болса, баспалар мен кітап дүкендерінің жұмысы тоқырап, кітапханалар да әлдеқашан жабылып тынған болар еді. Керісінше, соңғы жылдары аталған мекемелердің де, сәйкесінше, кітапты «білім бастауы» деп, алтын қазынаға балайтын жұрттың да қатары көбейе түсуде. Сонымен қатар өздерінің жас ерекшелігіне қарай, кітапқұмарлардың әдеби кітаптарды таңдауында да айырмашылық байқалады. Бұл ретте, 18 – 24 жас аралығындағыларды махаббат тақырыбындағы туындылар, фантастика және таңдаған мамандығына қатысты әдебиет қызықтырса, 25 34 жастағылар романтикалық шығармаларға, ғылыми, анықтамалық әдебиеттерге басымдық береді, 35 жастан ары қарайғы аудиторияның ықыласы детективтер мен тарихи шығармаларға, классикалық әдебиетке көбірек ауады деген болжам бар. Сондай-ақ арнайы сауалнамалар оқырмандардың басым бөлігі кітапты басылған нұсқада оқығанды ұнататынын көрсеткен. Ал 25  44 жас аралығындағылар электронды форматта оқуды қаласа, аудиокітаптарды көбіне 45-тен ары қарайғы жастағылар қолайлы көретінін жеткізген.   

Жалпы, кітап – рухани қазына, адамзат ақыл-ойының баға жетпес байлығы екені даусыз. Егер әрбір шығарма, әрбір кітап өз алдына бір әлем десек, соншама байлықты сақтап, оларды мазмұны мен бағыт-бағдарына қарай жіктеп, жүйелеп оқырмандарға ұсынып отырған кітапхана қызметінің бүгінгі қоғам үшін маңызы зор. Бұл ретте Алматы қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты мекемелер жұмысы көңілге қонады. Қала кітапханаларында оқырмандар үшін жақсы мүмкіндіктер жасалған. Олардың біразы тіпті тәулік бойы үзіліссіз жұмыс істейді және оқимын деген адамға алуан түрлі кітаптарды ұсынады. Қандай шығарма болса да қолжетімді.

– Бізге келетін оқырмандардың жас ерекшеліктері де әртүрлі. Олардың арасында: «Мына кітаптардың барлығын оқып бітірдім» дейтіндері де, «Бір жылда 60 кітап оқуым керек» деп алдына мақсат қоятындар да бар. Сонымен қатар кітаптардың жарнамасын көріп іздеп келетін азаматтар да аз емес.  

Қазір қазақтілді оқырмандар үшін шетел әдебиеттерін аударып шығарып жатқан баспалар көп. Сол кітаптардың барлығы дерлік жоғары сұранысқа ие. Мәселен, Н.Хиллдің «Ойлан да, бай бол», П.Коэльоның «Алхимик», Дж.Роулингтің «Гарри Поттер», Л.Хейдің «Өмірің өз қолыңда» секілді және тағы басқа да көптеген шығармаларды жұртшылық іздеп жүріп оқиды. Жазғы каникул басталғанда мұғалімдер оқушыларға «жазда оқып келіңдер» деп көптеген кітаптардың тізімін береді. Міне, сол кезде де балалар бізге келеді. Балаларды бұлайша кітап оқуға тарту дұрыс деп ойлаймын.

Ал енді осы қазіргі уақытты алар болсақ, соңғы аптада Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Мағауиннің шығармаларына деген сұраныс артты. Мұхтар ағамыздың «Аласапыран», «Көк мұнар», «Шақан Шері», «Жармақ», «Мен», «Тазының өлімі» секілді шығармаларын күн сайын келіп алатын оқырмандар қатары көбейді. Бұл жалпы қазақ әдебиеті үшін өте жақсы үрдіс деп ойлаймыз әрі осы сұраныстың үзілмей жалғаса беруін тілейміз,дейді А.П.Чехов атындағы орталық қалалық кітапхана қызметкері Ләззат Ерекенқызы.

«Өзім «Меломан» дүкеніне жиі барып тұрамын. Ол жерде әлем әдебиетінің әртүрлі жанрдағы туындылары өте көп. Қазақ қаламгерлерінің де шығармалары бар. Маған ондағы кітаптардың сапасы ерекше сияқты көрінеді. Безендірілуі, мұқабасы, бояуының қанықтығы бірден көз тартады. Дүкен ішіндегі атмосфера да бөлек. Әлде тура сондай кезге тап боламын ба, әйтеуір «Меломанда» үнемі жастар жүреді және арзан демей, қымбат демей, бәрі кітап сатып алып жатады. Кітапқа деген сүйіспеншілік жоқ жерден пайда болмайды. Баланың әдебиетке құштарлығын ояту ата-ананың жауапкершілігіндегі нәрсе. Ата-анасының кітапқұмарлығын көріп өскен бала ертең өзі де оны қолынан тастамайтын болады. Кітап дүкеніне мектепте оқитын ұлымды алып барамын. Ол тура музей аралағандай болып, сөрелерге шұқшиып, дүкенді шарлап кетеді. Бұрын Гарри Потер оқиғаларына қызығатын еді, қазір жапон, корей комикстерін іздейді. Өзім қандай жаңа кітаптар шықты, қайсысын оқуға болады деп, көбіне қазақ тіліндегі шығармаларды қараймын», дейді алматылық Әсел Ғазизқызы.

«Меломан» демекші, Алматыдағы өте танымал осы кітап дүкенінде ең көп сатылған кітаптар қатарында Қ.Жолдыбайдың «Кемел адам», С.Керімбайдың «Бейсен және болмыс», Б.Бұқарбайдың «Бизнес пен өмір туралы», Д.Карнегидің «Шешендік өнер» атты кітаптары бар.

Алматылықтар арасында іздеген шығармасын кітапханадан да, кітап дүкендерінен де таппағандардың тіпті «Букинистке» бас сұғатындары да жетіп артылады. Әлеуметтік желідегі жазбаларға жүгінсек, кітапқұмар кейбір қыз-жігіттер «Букинистен» Ремарк, Агата Кристи, Ф.Достоевский шығармаларын сатып алғандарын айтқан. Әлемдік классикадан бөлек, жастардың психология бойынша кітаптарға қызығушылығы артқан. Мұның сыртында, «Букинистке» өткен ғасырдың орта шенінде жарық көрген таңдаулы шығармаларды, әлем халықтарының ертегілері жинағын іздеп келетіндер бар екен.

Алматылық ұстаз Жазира Мейірманқызы қала тұрғындарының кітап оқу мәдениетінің артуына соңғы онжылдықта дәстүрлі түрде өтіп келген «Kitap Fest» шарасының да әсері болды деп есептейді. Жазира Мейірманқызының бұл реттегі ойы: «мұндай фестивальдер кітаптың құндылығы мен маңыздылығын көрсетіп қана қоймай, жастардың кітап оқуға деген ықыласын арттырады. Жалпы, осындай іс-шаралар арқылы адамдардың кітапқа деген құрметі оянады, білім алуға ынталанады» дегенге саяды.

Адамның болмысын, өмірлік ұстанымдарын қалыптастыруда кітаптың атқарар ролі ұланғайыр. Әлем ойшылдарының бірі айтпақшы, кітап дегеніміздің өзі де қоғам. Жақсы қоғам тәрізді, жақсы кітап та сезім мен сананы нұрландырады, көркейтеді. Оған талас жоқ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

06:15

18:25

17:51

17:46

17:39

17:25

17:18

17:02

16:49

16:35

16:27

16:14

15:37

15:27

14:50

14:49

14:25

14:06

13:31

13:05

12:58

12:51

12:46

12:37

12:27