Қазіргі таңда адам баласы қайда барам десе де, өз еркі. Оның қолын ешкім қақпайды, аяғын тұсамайды. Алайда, шексіз- шетсіз шекара жоқ. Әйтеуір бір тоқтам, байлам болуы қажет. Әйтпесе, жер ғаламшары түгілі, өз ортаңды аман-есен сақтап тұру қиынға соғады. Жалпыадамзаттық құндылықтар, тыныштық, тағылым-тәрбие туралы ой-пайымдарды бір арнаға тоғыстыруды жөн санаймыз.
Кісінің затын алма…
Бұрын үлкендер «кісінің затын алма» деп тыйым салып отыратын. Санаға сәби кезден сіңген өсиет бойда қалады екен. Тәрбиені тал бесіктен құлаққа ілмейтін немесе осы игі іспен шұғылданбайтын болып барамыз.
Бірер уақыт бұрын қалта телефоным жоғалды. Таңертең тұрып таксиге отырғанмын. Сонда қалыпты. Күні бойғы уақытым зая кетті. Ойлаған жоспар тас-талқан болды. Дереу банк есеп-шоттарын өзгертіп, бұғаттап бастадым. Түрлі ақыл-кеңес естідім. Kaspi.kz қосымшасынан төлем жіберген адамның мәліметтерін тауып, хабарласып, зорға қинап алғандай қайтардым. Сөйтіп жүріп қас қарайды, көңілге кірбің түсті. Кешкісін үйге жете шаршап-шалдығып құладым. Сонда ойланып отырсам, небәрі 30 жастың төңірегіндегі қысық көзді сары жігіт, өзінің істегеніне еш қымсынбай, сүйінші тілеп тұр. Өзі белгілі бір дүкендердің бірінде күзетші екен. Істеген ісіне шімірікпеді. Бірақ осындай пасық пиғылды көріп, «Құдай аясын сені!» деп кетіп қалдым. Жарты жолда ойланып қайта барып едім, сырттай қарап тұрып бетінде ұяттың бір белгісін байқай алмай, сол күйі оралмадық. Қуанышты жағдайды естіген жақын-жуықтар «қайтқан малда қайыр бар» десті. Хош, солай болғай! Осыған қарап жұрттың бәрі сондай деп илану әбестік болар.
Ұрлық түбі – қорлық
2000 жылдары көрші үйден жыңғыл әкеткенбіз. Шамамен, 3-4-сынып оқитын шығармыз. Сонда көрші әйел анама әлгі шалалықты келіп айтты. Сонда шешем «ешкімнің ала жібін аттама!» деп оқты көзін қадады. Бала болсақ та, сол құдіретті бір ауыз сөз мәңгі жадымызда қалды. Біз де періште емеспіз, шалыс кеткен тұстар болған шығар. Бірақ «ұрлық түбі – қорлық», осыны ұғынған жөн.
Көрнекті жазушы Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі» шығармасында бір затты қолды қылып, атпен біраз жер шауып кетіп, қайта әкелуші еді. Айыбын мойындап, алдынан өтетін. Дәп бүгінгі заманда өз ықтиярымен қайтаратындар қатары сиреп барады. Күштеп, өз затының қайтуына өзің әрекет етпесең құр қаласыз. Осы оқиғадан соң дербестік алған шақтан бастап бір буын алдау-арбаумен өскені ме?! Бұл да сұрақ. Иә, 1991 жылдан кейінгі кезең тоқырауға тура келді. Жұрт жетіспеушілікті көрді. Енді ептеп елдің аузы аққа тиіп отыр. Баяғыда қоңсының салғырттығынан біздің бақшаны су көтеріп кеткен болатын. Сонда ақысын сұрамақ үшін көршілерге жетіп барыппын. Көрші һәм туысқан апай «өз-өзіңе бекем бол, көршіңді ұры тұтпа» деді. Жалпы, халық даналығы әр нәрсеге тіл қатып тұр ғой.
Не істеу керек?
Қазір қайтсем мал табам деген сауал әркімнің көкейін тесіп барады. Бәрі дереу мол қаржы табуды көздейді. Қай экономистен сұхбат алсаң да, жаңалықтарды оқып қалсаң да табысты көтеру жайын айтады. Біреу инфляцияны тежеуді ұсынады. Ендігісі айлықты арттыруды айтады және т.б. Бірақ санада мәдени өзгеріс керек.
Кезінде бабаларымыз Майқы би, Мөңке билер заманға сын айтқан екен. Би-шешендердің айтқаны бүгін дәл келіп тұр. Қалай десек те, заманды өзгерту адамның өз қолында. Себебі, жұмыр жер еркелікті көтеруі мүмкін. Алайда, орасан зор адам қолымен жасалатын қылықты кешпейді.
Қанша батыр болса да,
Жауға салма жалғызды.
Қанша шешен болса да,
Дауға салма малсызды.
Қанша сұлу болса да,
Қатын қылма арсызды.., –
депті бұрынғылар.
Осындай кесек-кесек сөздер бүгінгі ұрпақтың санасына сіңсе екен. Иә, дүние-мүлік бір күні жиналар. Байлыққа да қол жетер. Алайда, рухани байлық екінің бірінің уысына түсе бермес. Ақын Мұхтар Шаханов «материалдық байлық ең алдыңғы қатарда, ал рухани байлық ең соңғы қатарға ысырылып кетті» деп еді. Бұлай кете берсе, варварлық құлдырау болғалы тұр.
Нобель сыйлығының лауреаты, физик ғалым атом бомбасын жетілдіреді. Жаппай қырып-жоятын қаруға айналуына тікелей мұрындық болыпты. Оның атағы КСРО аумағынан әрі асып мәшһүр болады. Бірақ ғайыптан тайып кілт ойланады. Сөйтіп, 1950 жылдарда үдере жарыла бастаған Семей полигоны сияқты кез келген жарылысқа қарсы шығады. 1989 жылы Қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрған тұста жоғары советке халық депутаты болып сайланады. Жастайынан жарылғыш затқа бар ақылын жұмсап, ұлғайғанда әлемді қарусыз, бейбіт ғұмыр кешуге шақырады. Тоқырау жылдар тұсында өмірден озады. Оған дейін қара тізімге ілініп, біраз қысым көреді. Ол кім дерсіз, әрине академик Андрей Сахаров еді. Егде шағында өз істеген ісін ой елегінен өткізіп, адамзаттық құндылыққа бой ұрған нағыз құптарлық іс. Әрине, қарапайым жанмен салыстырып болмас, бірақ өнеге алатын мұндай істер дүниеде баршылық.
Біздің қоғамға тікелей ұрпақ тәрбиесімен айналысу қажет. Соның ішінде қазақи менталитетке жас буынды балабақшадан бастап баулыған абзал. Бұл игі іс бүгін істемесе, ертең кеш, ағайын.
Дүниені жақсы адамдар ұстап тұр
ХХІ ғасыр ғылым мен жаңа технологияның дамыған шағы. Тіпті, ұшатын машина, робот, жасанды интеллект ойлап таптық деп жаһанға жар салып жатырмыз. Сол жасанды интеллект әлемде мойындалған 5-6 державадағы ядролық қарудың бірнешеуін түймесін басса, жер планетасының күлі көкке ұшпай ма? Ондайдан сақтасын!
Ақын әрі журналист Аманхан Әлім ағамыз «Олжас! Дүниені жақсы адамдар ұстап тұр, мен солардың жақсылығын көп көрдім» деуші еді. Осы бір ауыз сөз жазу үстеліне отырып әлеуметтік тақырыптарды қозғағанда, жиі ойға орала береді. Осы сөздің қадірі күн өткен сайын артып барады. Оған қазіргі дүниедегі қақтығыстар дәлел. Әйтеуір арты жақсы болса екен.
Жақсы адамдар қатары көп болса деп ойлаймыз. Қысылсаң демейтін, сүрінсең тұрғызатын, шалыс кетсең түзеп жіберетін жомарт, адал, иманды жандар көптеп қажет. Шіркін, сонда ғалам тіпті керемет болады.
Қазіргі таңда «жақсы адам» концепциясын мықтап қолға алу қажет. Оқу ордаларының бәрінде аталған қағидамен акциялар ұйымдастырылса екен. Бәлкім, сонда жаңа интеллигенция қалыптасар. Өйткені, болашақ тәрбиелі, білімді, алғыр жастардың қолында. Осыны ескерейік!
Шығармашылық адамы бәрін байқайды
Мектепте жүргенде адамды орта тәрбиелейді дейтін. Мұғалімдер неге айта береді дейтінбіз. Қазір ептеп түсініп келеміз.
Бәзбіреулер жап-жас кейпінде ақсақалдың сөзін неге айта береді дейтін болар. Оны да білеміз. Алайда, «ақылы асса, ініні аға тұт» деген қайран қазақ. Сондықтан қоғамдық орындардың бәрінде болған сәттер жадыға жинала береді. Қанша айналып өтейін десең де, бәрібір жан-дүниеңде маздап от боп тұрады. Айтпасқа амал жоқ. Естіген құлаққа, тыңдаған миға бәрі жетіп жатыр.
Көңіл деген құрғыр қылпылдап, әр сөзге елпілдеп тұрады. Әркімдер «тік мінезді өзгерт, кей уақытта қыртпа, өйтпе-бүйтпе» деп жатады. Әлбетте мың ойланып, жүз толғанып сөйлеген дұрыс-ау. Дегенмен, біз адамбыз ғой, кейде қойып қаламыз. Бірді айтып, екіншіге кетеміз. Дейтұрғанмен, әр тақырыпта астарлы ойлар тұнып жатыр. Оны қалам ұстаған жан байқамау мүмкін емес-ті
Адамзаттық құндылықтарға ең бірінші адамгершілік қасиет жатады. Осыдан асырып, әспеттеп айта алмаспыз. Жаңылыссақ та, тез тәубеге келген жақсы. Жаратқан Ием жар болғай!
«Аlmaty-akshamy», №137, 16 қараша, 2023 жыл