Алматыға 1997 жылдың 16 маусымында әкім болып тағайындалған Виктор Храпунов бұның алдындағы әріптесі Шалбай Құлмахановтың бастамасын, яғни қаладағы тұрғын үйлердің бірінші қабатын шағын және орташа кәсіпкерлікке беруді одан әрі ілгерілетті. Бұған дейін бірнеше жыл қала әкімі болған энергетик шаһардың ұңғыл-шұңғылын жақсы білетін еді. Содан болар, бұл іске қамшы салдырмай жан-тәнімен кірісті.
Мәселен, шаһардағы үш мыңға жуық дүнгіршектер мен алпыстан аса ұсақ базарларды жауып, олардың орнына заман талабына сай келетін үлкен, шағын маркеттер ашуға бетбұрыс басталды. Келер жылдан бастап жалға беру және тендер өткізу арқылы 293,7 мың шаршы метрді құрайтын нысандар мен пайдаланылмай тұрған орындар есебінен түпкілікті меншікке жалпы көлемі 24,2 мың шаршы метр болатын 27 нысан берілді.
Сонымен қатар, орталық көшелердегі үйлердің бірінші қабаттарына орналасқан жалпы аумағы 40,7 мың шаршы метр тұратын 767 пәтер кәсіпкерлерге теңдей бөлініп берілді. Сондай-ақ, кәсіпкерлерге бұл нысандарды өз қаражаты есебінен жөндеп, таза, күтіп ұстау міндеттелді. Әрине, бұл тірліктің қала өндірісінің тамырына қан жүгірткені сөзсіз.
Алматы қиын кезеңде осылайша шағын және орта кәсіпкерліктің орталығына, тіпті, көшбасшысына айналды десе де болады. Шағын кәсіпкерлікке осынша ден қоюдың басты себебі, әрине, қала бюджетіне кіріс түсіру. Осы ретте қалада тіркелген 30 мыңға жуық орта кәсіпкерліктің тек 8 мыңы ғана салық төлеуге қабілетті болып шықты. Бірақ заң орындарының жаппай араласып, тәртіпті қалпына келтірудің арқасында 1998 жылдың он айы ішінде салық төлеуден жалтарғандардан қазынаға 1млрд 316 млн 336 мың теңге салық пен айыппұл төленді.
Әрине, мұның бәрі жақсы. Қиын кезде билік тарапынан тығырықтан шығудың түрлі жолдары қарастырылғанымен, бұл бағыттағы алыпсатарлық пен жең ұшынан жалғасу да қатар жүрді. Отандық кәсіпкерлер ауырдың үстімен, жеңілдік астымен жүріп, оңай олжаға кенелуге кірісті. Сырттан дайын өнімдерді әкеліп, отандық өндірісті дамытуға аса пейілді болмады. Мәселенки, минералды сулар Австралиядан, алма Ираннан, сондай-ақ күнделікті тұтынатын шұжық, сары май, қант өнімдері басқа жақтан жеткізіліп, қала қаржысы сыртқа есепсіз шашылды. Кейбір нысандар оның ішінде балаб а қ ш а л а р д ы жалға немесе сатып жіберу ретсіз жүзеге асырылды. Соның салдарынан бар болғаны жарты жыл ішінде 46 балабақша жекеменшікке өтіп кетті.
Қысқасы, шаһардағы 400-ден астам балабақшадан 199-ы ғана қалды. Храпуновтың тұсында Алматы астана мәртебесінен «айырылып», қырық шақты мекемелер мен министрліктер жаңа астанаға үдере көшті. Сол күндерде әуежайда Зейнолла Қабдоловтың бата беріп тұрған сәтін бейнелейтін бір тарихи сурет болғанын жұрт ұмыта қоймаған болар. Бірнеше нұсқасы бар сол суретті бажайлай қарасаңыз, Храпуновтың да қол жайып тұрғанын көрер едіңіз. Бұдан не түюге болады? Әрине, заманында ел басқарған басшылардың жағымпаздықтан алыс болғанын аз дей алмайсыз. Біз білгенде Храпунов та сол қатардағы алғашқылардың бірі болды деп айтуға негіз бар. Ол да өзгелер тәрізді мақтау, мадақпен бір кісідей ауырды. Қазақша сөйлеген болып, жылы жымиып жүріп Алматыны жеті жыл басқарды.
Әдетте әкімді шаруашылықты, өндірісті жақсы білетін, іскер, ұйымдастырушылық қабілетіне қарай таңдап қояды. Сөз жоқ, Храпунов та сол үдеден көрінуге тырысты, басқа әріптестеріндей қабілет-қарымын танытты. Ал ол есесіне басқаларға қарағанда саяси мәселеге де «жетік» екенін байқатты. Олай дейтініміз, оның тұсында Алматының 150 жылдығын тойлауға қатты көңіл бөлінді. Белгілі адамдардың атынан хат дайындап, Президентке жолдамақшы болады.
Бір күні сол кездегі тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымының докторы, профессор, еліміздің бас тарихшысы Мәмбет Қойгелдиевті әкімнің орынбасары шақырып, хатпен танысып, қол қойыңыз дейді. Мәкең қол қоюдан бас тартады. Кабинетіне келе сала Мемлекет басшысының атына жеделхат жолдайды. Ол хат сол кездегі Мемлекеттік хатшы Иманғали Тасмағамбетовке тапсырылады. Содан арнайы комиссия құрылып, бұл істі тоқтатады.
Айтпағымыз, сол тұста орыстілді басылымдарда Алматының тарихын Верный бекінісінен бері бастайтын мақалалар жиі шығатын. Ол күні кеше шаһардың мың жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде тойланған соң барып тоқтады. Бұл бағытта «Алматы ақшамы» көп жұмыс істеді. Газетіміздің маңдайшасына «Мың жасаған шаһардың шамшырағы» деп ұрансөз жаздырдық. Қысқасы, Храпуновтың бұл зәлім ісін кейіннен «Храпуновтың қалпағын қайырып жіберген ғалым» атты мақаламызда бүге-шігесіне дейін жазған болатынбыз.
Өзімізге де обал жоқ, Алматыдай майшелпекті, жіліктің майлы басын жеті жыл қолына ұстаттық. Оның үстіне әйелі ұлттық арнаны басқарып, қалай билеп-төстегенін де әлі ұмыта қойған жоқпыз. Одан кейін де тоқтаған жоқпыз, министр қойдық. «Қасқырды қанша асырасаң да орманға қарап ұлиды» деген, ақыр соңында талтүсте бірнеше ұшақпен шетелге көшті. Дұрысы, қашып кетті. Отыз жыл ішінде ел басқарған талай қашқынды көрдік қой. Соның ішіндегі ең зоры осы болар. Тағы біреу қашып жүр. Ол да Алматыны басқарған.
Қ.ҚОШҚАРҰЛЫ.
«Аlmaty-akshamy», №137 , 16 қараша, 2023 жыл