ffin.kz

АҚШ–Үндістан: Моди сапары аймақ елдерінің сыртқы саясатын өзгерте ме?

АҚШ–Үндістан:  Моди сапары аймақ елдерінің сыртқы саясатын өзгерте ме? newizv.ru

Өткен аптада Үндістанның Премьер-министрі Нарендра Моди Америка Құрама Штатта­рына сапарлады. Бұл сапарын­да ол АҚШ Президенті Жо Байденмен кездесті және конгресте сөз сөйледі. Тараптар бірқатар маңызды келісімдерге де қол қойды. Вашингтон мен Бейжің қарым-қатынасы шиеленісіп тұрған шақта, АҚШ пен Үндістан арасындағы ынтымақтастықтың кеңеюі сарапшылардың назарын өзіне аударды. Бұл сондай-ақ, Құрама Штаттардың Үнді-Ты­нық мұхиты стратегиясының нәтижесіне қайта зер салуға да итермеледі.


Үндістан премьер-министрінің Құрама Штаттарға ресми сапары 2009 жылдан кейін алғаш рет болып отыр. Байден-Моди келіс­сөзі жабық отырыста екі жарым сағат бойы өткен. Бұл Модидің 4 күндік сапарының ең маңызды тұсы еді. Кездесуден кейін АҚШ– Үндістан ортасында «Жақын жаһандық серіктестік» қарым-қатынасы орнағанын қос тарап бірдей растады. Қол қойысқан келісім­дері негізінен жасанды интеллект (AI), жар­тылай өткізгіштер, жеткізу тізбегі және қор­ғаныс салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.


АҚШ президенті Жо Байден бірлескен баспасөз жиынында екі елдің қарым-қатына­сын «тарихтағы кез келген уақыттағыдан күштірек, жақынырақ және серпінді» деп бағалады. Ол және Вашингтон мен Жаңа- Дели (Нью-Дели) арасындағы жоғары дең­гейдегі ынтымақтастық қазіргі дәуірдің ең үлкен қажеттілігі екенін айтады. Қос тарап­тың ортақ күшімен бұл қажеттіліктен шыға алдық деп сенетінін де жеткізеді.


Тараптардың ресми мәлімдемелері және келісімдердің бағытына қарап та екі елдің бір-бірінен не күтетінін аңғару қиын емес. Былайша айтқанда, АҚШ–Үндістан ынты­мақтастығы Үнді-Тынық мұхит аймағында­ғы Қытай ықпалына қарсы бағытталды. Мо­дидің АҚШ сапарының басты мақсаты Үндістанның ұлттық мүддесіне сай, Құрама Штаттармен ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған. Дегенмен, көптеген шетелдік сарапшылар кездесулерде Қытай мәселесі негізгі тақырыптың бірі болды деп санайды.


Моди мен Байден ортасындағы кездесуде болсын немесе оның Конгрестегі сөздерінде болсын Қытай тікелей аталған жоқ. Алайда, Моди Үнді-Тынық мұхит аймағындағы жағ­дайды бағалау сөздерінің көбі Қытайдың аймақтағы ықпалы жайында болғанын толық аңғарамыз.



Ұзақ мерзімдік перспективадан қараған­да, АҚШ–Үндістан ынтымақтастығының болашағы Қытай мәселесіне тікелей қатыс­ты. Себебі, Вашингтонның Жаңа-Делиге де­ген ықыласы «Қытай қаупі» теориясы және «Үнді-Тынық мұхит стратегиясымен» қатар өсіп шықты. АҚШ-тың Үнді-Тынық мұхиты стратегиясы немесе аймақтық және жаһан­дық стратегиялық жүрістері үшін Үндістан өте маңызды болды. Үнді-Тынық мұхиты стратегиясы дегеннің өзі Үндістанды қосқан Азия-Тынық мұхиты стратегиясының жаңа нұсқасы болатын. Құрама Штаттар аймақта­ғы мүддесін алға бастыру үшін Үндістан сынды ірі елдің қолдауына ие болудың ма­ңыздылығын ерте білгендей. Бірақ тараптар­дың ынтымақтастығы түбегейлі дамып, одақ деңгейіне жетуі екіталай. Бұл арада ұлттық және мәдени құндылықтардың мәселесі тұр.



Үндістан демократиялық елдердің қата­рында аталады. Алайда, өзге демократиялық әлеммен қайшылықты мәселелері де жоқ емес. Айталық, адам құқығы, дін және аза­маттық қоғамға қатысты соңғы кездердегі елдің бет-бейнесі батыстық әлемге тым жа­ғымды емес. Бұндай қарама-қайшылықтар Үндістан–АҚШ ынымақтастығының алды­нан шығатын кең тұсау деуге де болады. Құ­рама Штаттар үшін Үндістанның Ресеймен болған қорғаныс ынтымақтастығын қысқар­туда көп күш шығаруына тура келетіні тағы бар.


Үнді-Тынық мұхитындағы АҚШ пен Қытайдың жауаптасқан қимылы аймақ ел­дері үшін жаңа сынақтарды алып келді. Бұл бір жағынан Орта Азия елдерінің қазіргі жағдайының масштабты бейнесіне ұқсайды. Біздің аталған аймақтағы елдерге, олардың сыртқы саясаты және ірі державалармен қа­рым-қатынасына назар аударатын себебіміз де сол. Моди сапарына орай АҚШ-тың ай­мақтағы стратегиялық жүрістеріне қайта бір баға берудің орайы да туғандай.



Бір қарағанда, державалардың бәсекесі аймақ елдерінің экономикалық дамуына та­рихтағы ең үлкен мүмкіндікті алып келді. Оңтүстік-Шығыс Азия болашақ әлемнің экономикалық дамуындағы көшбасшы аймақ ретінде бағалануда. Алайда, бұл оларға белгілі деңгейде қауіп те ала барды. Себебі, Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азия елдері қауіпті қару-жарақ бәсекесінің ортасында қалды. Оның үстіне державалардың страте­гиялық жүрістері олардың сыртқы қатысуын жоғарылатуға итермеледі. Бірақ аймақтағы үлкенді-кіші елдер де сыртқы саясатта бізге ұқсас жолды таңдағанын байқаймыз.



Кезекті АҚШ–Үндістан ынтымақтасты­ғына назар салып көрелік. Тараптар маңызды келісімдерге қол жеткізгенімен, келісімдер тек стратегиялық серіктестік деңгейін сақта­ды, одақтастық деңгейге көтерілген жоқ. Біз бұдан Үндістанның толықтай Вашингтонға бет бұрмағанын көреміз. Жалпы, Үндістан ғана емес, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің де сыртқы саясаты осыған ұқсайды. Құрама Штаттардың аймақтағы саясатына барынша бейімделгенімен, АҚШ пен Қытай арасында бір тарапқа толықтай бет бұрудан барынша сақтанады.


Жалпы қарағанда, қазіргі жаһандық жағ­дай державалар арасындағы бәсекелік қа­рым-қатынастардан асып, жоғары температу­раға жетті. Ал бұл орта-шағын елдер үшін үлкен қиындықтар алып келуде. Саяси үйек­тенудің ашыққа шыға бастауы, былайғы ел­дерді таңдау жасауға итермелейтіндей. Бірақ осы әлемнің ауқымды қақтығысқа немесе лагерьлерге бөлінген те­ке-тірес күйіне түсіп кет­пеуіне тағы сол орта және шағын елдер се­бепші болып тұр деуге болады.



Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:10

18:45

18:02

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14

14:45

14:40

14:34

14:07

13:47

13:30

12:58

12:32