Осы аптада қаламызда болған маңызды жаңалықтарға шолу.
Жәрмеңкеге келуші көбейді
Алматыда демалыс күндері өтетін жәрмеңкелерге апта сайын келушілер саны 45 000 адамға дейін өсті. Демалыс күндері азық-түлік тауарларын сататын жәрмеңкелерге қатысатын алматылықтар мен қала қонақтарының саны аптасына 45 000 адамға жетті. Апта сайын жәрмеңкеге қатысушылар жалпы көлемі 1000-нан астам атаулардан тұран 800 тоннаға жуық азық-түлік тауарларын ет, жұмыртқа, көкөністер, жемістер, ашытылған сүт өнімдері, шұжықтар, бал және басқа да өнімдерді сатады. Жәрмеңкелерді «Алматы» ӘКК» АҚ ұйымдастырады. Бағаны тұрақтандыру тетіктерін іске асыру шеңберінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары жәрмеңкелерде нарықтық бағадан 15-20% төмен бағамен сатылады.
Алматылықтарға жеңілдетілген несие беріледі
«Алматы» МҚҰ-да бір қарыз алушыға қаржыландырудың ең жоғары сомасы 78 640 000 теңгені құрайды. Қарыз мерзімі - 7 жылға дейін. Бағдарламаға қатысудың негізгі шарты — Алматы қаласының аумағында бизнесті тіркеу және жүргізу. Өндіріс және қайта өңдеу, әлеуметтік бағдарланған кәсіпкерлік (оның ішінде білім беру, спорт және денсаулық сақтау салаларындағы) салаларындағы жобалар, сондай-ақ импортты алмастыруға, экспортқа бағдарлануға, креативті индустрияларға және т. б. бағытталған бастамалар қарауға басым болып табылады. Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі жеке-жеке есептеледі және 13% - дан аспайды. Жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы туралы толығырақ +7 (727) 390 80 42 телефоны немесе веб-сайт арқылы біле аласыз: https://mfoalmaty.kz
Алматыда 120 төсек-орындық жаңа жатақхана ашылды
Бұл жатақханада Қазақ Ұлттық Қыздар педагогикалық университетінің студенттері тұрады. Жатақхана аумағында студенттердің жайлы өмір сүруі үшін барлық жағдай қарастырылған: жарық әрі кең бөлмелер, ас үй, оқу және демалыс орындары да бар. Сонымен қатар, конференц зал wi-fi желісімен жабдықталған, бұл білім алушыларға түрлі іс-шаралар ұйымдастыруға және онлайн білім алуына мүмкіндік береді.
Алматы қаласында 127 студенттік жатақхана жұмыс істейді. Бұл жатақханаларда 40,3 мыңнан астам студент тұрып жатыр.
Мерзімі өткен дәрілер қабылданады
Қала бойынша бірқатар емханаларда арнайы қабылдау жәшіктері орнатылған, онда тұрғындар жарамсыз дәрілерді тегін және қауіпсіз түрде өткізе алады. Бұл жоба 2023 жылы басталып, бүгінде Алматының бірнеше аудандарын қамтып отыр. Дәрілерді қабылдайтын мекемелер тізімі жергілікті әкімдіктер мен емханалардың ресми парақшаларында жарияланған.
Қалада электр энергиясын өндіретін зауыт салынады
Алматы әкімі Ерболат Досаев пен SUS Environment компаниясының президенті Лонг Цзишэн қоқыс өңдеу зауытын салу перспективаларын талқылады. Shanghai SU Environment Co., Ltd. - экология және энергетика саласындағы кешенді қызметтердің әлемдік басты жеткізушісі, қалдықтарды энергияға қайта өңдеу саласында (Waste-to-Energy) Қытайдағы нарық үлесінің 40% - ын қамтиды. Алматыда зауыт салу жөніндегі жобаны іске асырудан басқа, SUS Environment компаниясы кадрлар даярлау жөніндегі өңірлік оқу орталығын құру жөнінде бастама көтерді. Орталық экологиялық құзыреттерді дамытуға және озық технологияларды өңірге беруге жәрдемдесе отырып, Қазақстаннан, Орталық Азия елдерінен, Моңғолиядан, Ираннан және Ауғанстаннан жас мамандарды оқытуға бағдарланатын болады.
Алаяқтар адам таңдамайды
Алматылықтарға қажылық пен умраға қатысты алаяқтық жайлы ескерту жасалды, себебі діни турларға байланысты алаяқтық жағдайларының өсуі байқалады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында Қазақстандық туристік қауымдастықтың директоры Рашида Шайкенова мәлімдеді, деп хабарлайды aqshamnews.kz
Шайкенова қажылықты ұйымдастыру бойынша қызметтерді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында аккредиттелген компаниялар ғана көрсетуге құқылы екенін атап өтті. «Бүгінде осындай 15 компания бар, олардың тізімі Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының ресми сайтында орналастырылған. Умра үшін серіктес таңдағанда беделге, шарттардың ашықтығына және заңды жауапкершілікке назар аудару керек», - деп қосты ол.
Қажетсіз киімді кәдеге жарат!
Алматылықтар бір айда 20 мыңнан астам қажетсіз киім тапсырды, шаһарда тоқыма қалдықтарын жинау және өңдеу бойынша жаңа экологиялық акция басталды. Тоқыма қалдықтарын жинау, сұрыптау және қайта өңдеуге бағытталған FABRIKA жобасы бір айдың ішінде алғашқы нәтиже көрсетті. Бүгінгі таңда қалада 18 арнаулы контейнер орнатылды, жақында тағы 22 контейнер орнату жоспарланған. Экологиялық бағалаулар бойынша қазірдің өзінде жиналған көлемді қайта өңдеу 74 000 килограмнан астам CO₂ эквивалентінің ауаға таралуын болдырмауға мүмкіндік береді – бұл мөлшердегі көмірқышқыл газын бір жылда 3 730-дан астам ағаш сіңіре алар еді.
Сүйер ұлың болса, сүй!
Көрнекті қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, ұлттық құраманың көшбасшысы Михаил Шайдоров әлем чемпионатындағы тарихи жетістігінен кейін туған еліне оралды. Алматы қаласының әуежайында 20 жастағы спортшыны салтанатты түрде қарсы алды. Оны Алматы қалалық спорт басқармасының өкілдері, жанкүйерлер мен командаластары құшақ жая күтіп алды. Бұл — тек бір спортшының жеңісі емес, тұтас қазақстандық мәнерлеп сырғанаудың дамуындағы жаңа кезеңнің бастауы.
Михаил Шайдоров АҚШ-тың Бостон қаласында өткен мәнерлеп сырғанау бойынша әлем чемпионатында күміс медаль жеңіп алып, ел тарихындағы ең үздік нәтижеге қол жеткізді. Ол еркін бағдарламада да, жалпы ұпай санында да өзінің жеке рекордтарын жаңартты. Бұл жетістік оны 2026 жылы Италияда өтетін Қысқы Олимпиада ойындарына қатысатын басты үміткерлердің біріне айналдырды.
Алматыда үй жануарларын тегін зарарсыздандыру бағдарламасы басталды
Қаңғыбас жануарлардың санын реттеу мақсатында үй жануарларын тегін зарарсыздандыру және піштіру бағдарламасы 1 сәуірден жыл соңына дейін жалғасады. Бағдарламаға қатысуға деректер қорында сенімді есепке алу үшін ветеринариялық паспорты мен микрочипы бар жануарлар жіберіледі. Микрочипы мен паспорты болмаған жағдайда, оларды төменде аталған кез келген емханадан қосымша ақы төлеп алуға болады. Иттер мен мысықтарды зарарсыздандырудың жас шектеуі 7 айдан 9 жасқа дейін, төбет иттер мен ер мысықтарды зарарсыздандырудың жас шектеуі 6 айдан 9 жасқа дейін.
Мамыр айында «Целинный» орталығы ашылады
Алматы мәдени астана мәртебесін нығайтуда. Өткен жылы жеке инвестициялар есебінен қалада жалпы саны 836 нөмірді құрайтын 35 орналастыру орны ашылды. Қосымша таңда 5,6 мыңнан астам нөмірге арналған 40 қонақүй құрылыс жобасы жүзеге асырылуда, оның ішінде 10 қонақүйді 2025 жылы ашу жоспарланып отыр. Алматыда туристік қызметтердің экспортын арттыру үшін іскерлік және іс-шаралық туризм белсенді дамуда. Бүгінгі таңда MICE және EVENT инфрақұрылымы бойынша 27 жоба іске асырылуда.
«Қаламыздағы маңызды нысандар Almaty Museum of Arts және “Целинный” заманауи мәдениет орталығының 2025 жылдың мамыр айында құрылысын аяқтауы – Алматыны еліміздің мәдени астанасы ретінде айқындайды. Қаланың негізгі инфрақұрылым нысандарын жаңғырту жалғасуда. Биыл «Медеу» мұз кешенін және «Орталық стадионды» 35 мың көрерменге дейін ұлғайта отырып модернизациялай жұмыстары басталады. Жұмыстардың аяқталуы 2027 жылға жоспарланған», - деп атап өтті Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Алматыға келдің бе сен?
Қала әкімінің айтуынша, өткен жылы Алматының туристік саласы қарқынды өсім көрсетті. 2024 жылы туристердің жалпы саны 14,8%-ға өсіп, 2,3 млн туристті құрады.
«Шетелдік туристер саны 27%-ға артып, 680 мыңнан астам адамға жетті. Ішкі туристер саны 10,4%-ға артып, 1,6 млн адамнан асты. Нәтижесінде көрсетілген туристік қызметтер көлемі 30%-ға өсіп, 96,3 млрд теңгені құрады. Алматыға Үндістан, Қытай, АҚШ, Түркия, Оңтүстік Кореядан туристер келеді», - деді Ерболат Досаев.
Алматыға алғаш рет Talgo пойызымен жүк әкелінді
Қазақстанда жолаушылар пойызы арқылы коммерциялық жүк тасымалдаудың жаңа кезеңі басталды: Астанадан Алматыға Talgo пойызы арқылы 1 тонна 700 келі жүк сәтті жеткізілді. Жүк тасымалы "Қазақстан темір жолы" ҰК мен Warehouse Management IAA логистикалық компаниясының бірлескен серіктестігі арқылы жүзеге асты. Аталған компания еліміздегі киім-кешек дүкендерінің 80%-дан астамына қызмет көрсетеді және LTL-жеткізу бойынша жетекші саналады.