Алматыны басқарған әкімдер: қала көшбасшылары туралы не белгілі?

  • 10:19, 24 мамыр 2025
Алматыны басқарған әкімдер: қала көшбасшылары туралы не белгілі? Коллаж aqshamnews.kz

Алматы — Қазақстанның ең ірі мегаполисі әрі экономикалық орталығы. Қала дамуы мен тыныс-тіршілігіне тікелей ықпал ететін әкімдердің еңбегі орасан. Бұл мақалада 1992 жылдан бергі Алматы әкімдері мен олардың қызметтеріне қысқаша шолу жасалды. 

Заманбек Нұрқаділов (1992–1994)

Қазақстан тәуелсіздігін алған кезде Алматыны басқарған алғашқы әкім. Ол саяси реформалардың алғашқы толқынына куә болып, жаңа басқару жүйесіне көшуді жүзеге асырды. Нұрқаділов – "Азия дауысы" халықаралық байқауының басты бастамашыларының және ұйымдастырушыларының бірі болды. Бұл байқау Алматының ұзақ жылдарға танымал брендтерінің бірі ретінде қалыптасты. Сондай-ақ, оның басқару кезінде қалада жекешелендіру жүргізіліп, алғашқы коммерциялық кәсіпорындар мен банктер ашыла бастады. Нұрқаділов харизмасымен де, қоғамға ашық болғанымен де есте қалды.

Фото: voxpopuli

Шалбай Құлмаханов (1994–1997)

Қалада әлеуметтік тұрақсыздық кезде басшылыққа келді. Инфрақұрылым мен тұрғын үй мәселелері бірінші кезекке шықты. Құлмахановтың басқару кезінде пәтерлердің бірінші қабаттарын өздері рұқсатсыз дүкендер мен кафе ретінде қайта жабдықтауына жол бермеу үшін тұрғын үй инспекциясы құрылды. Сонымен қатар, жер қатынастары және жерді басқару комитеті пайда болды, сондай-ақ қала тұрғындарының шағымдарын қарастыратын арнайы жедел топ құрылды.

Фото: kozkaras.kz

Виктор Храпунов (1997–2004)

Ол әкім болған жылдары қалада құрылыс қарқыны күшейді. Жаңа тұрғын үй кешендері, бизнес-орталықтар бой көтерді. Қалада осал топтарға арналған баспаналар, 500 адамға арналған ардагерлер үйі, диагностикалық орталық, емделмейтін науқастарға арналған хоспис, сондай-ақ қаңқа-бұлшықет жүйесі бұзылған балаларға арналған мектеп салынды. Алайда кейінірек оның аты сыбайлас жемқорлық дауларына байланысты жиі аталды. Храпунов — шетелге қашқан экс-әкімдердің бірі.  

Фото: viktor-khrapunov.com

Иманғали Тасмағамбетов (2004–2008)

Білікті шенеунік ретінде қала дамуына жүйелі көзқарас енгізді. Алматыда тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру, қоғамдық кеңістіктерді дамыту, көлік инфрақұрылымын реттеу жұмыстары жанданды. Жаңа әкім қалаға қосылған аймақтарды дамыту бағдарламасын қабылдады. Оның кезінде Заманбек Нұрқаділов негізін қалаған "Азия Дауысы" фестивалі жабылды. Елдегі экономикалық жағдай кенет жақсарған соң, жолдарды жөндеу мен көлік қиылыстарын салу жұмыстары белсенді жүргізілді. Сол кезде "Алматы Паркингі" пайда болды. Тасмағамбетов қала ішіндегі "Сайран" және "Саяхат" автовокзалдарын қала сыртына көшіру туралы шешім қабылдады, олардың орнына сауда-ойын-сауық орталықтары салынуға тиіс болды. Нәтижесінде "Сайран" өз орнында қалса, "Саяхат" сүрілді.

Фото: POOL 

Ахметжан Есімов (2008–2015)

Ахметжан Есімов Алматы әкімі ретінде қызметін алдан қалған құрылыс салушылар мәселесін шешуден бастады. Сол кезде мегаполисте құрылысы тоқтап қалған 125 тұрғын үй кешені болған, ал алданған отбасылар саны 16 мыңнан асатын. Ол тозығы жеткен үйлерді сүріп, олардың орнына жаңа тұрғын үйлер салу бағдарламасын іске қосты. Жаңа әкім қоғамдық көліктің жұмысын өзгертуге белсенді кірісті. Елде бірінші болып автобустарға арналған арнайы жолақтарды енгізді. Оның алғашқысы Абылай хан даңғылында пайда болды. Сонымен қатар, "Алматы – жаяу жүргіншілер қаласы" бағдарламасын жүзеге асыруды бастады. Қалада велосипед жолдары салынды, веломарафондар ұйымдастырылды, бұл алматылық автокөлік жүргізушілері арасында сынға ұшырады. Сонымен қатар, Алматыда көптеген сауда-ойын-сауық орталықтарының құрылысы басталды.

Фото: "Астана ЭКСПО-2017"

Бауыржан Байбек (2015–2019)

Мегаполис басшысы болып тағайындалғаннан кейін, Бауыржан Байбек "Оңай!" жүйесін енгізді. Қаланың әртүрлі жерлеріне төлем терминалдары орнатылып, бірыңғай жол жүру картасы пайда болды. Қала көшелерінде "Алматы Паркинг" ақылы автотұрақ жүйесі іске қосылды. "Адамдарға арналған қала" бағдарламасы аясында қала орталығы мен аулаларды қайта жаңғырту жұмыстары белсенді жүргізілді. Панфилов көшесі жаяу жүргіншілер аймағына айналды. Сонымен қатар, қоршаулар, киоскілер және трамвай жолдары жойылды. Жерасты өткелдері жөнделіп, олардың ішіне музыка қосылды. Әкімдік құрылымы қайта ұйымдастырылып, әлеуметтік әл-ауқат, жайлы қалалық орта, қала жоспарлау және урбанистика, "жасыл" экономика басқармалары құрылды. Барлық аудан әкімдігі әлеуметтік желілерде ресми аккаунттарын ашты.

Фото: orda.kz

Бақытжан Сағынтаев (2019–2022)

COVID-19 пандемиясы тұсында әкім болды. Қалада санитарлық шектеулер енгізіліп, онлайн форматтарға жаппай көшу басталды. Экономиканы қалпына келтіруге және бизнесті қолдауға арналған бағдарламалар қабылданды. Қаланың айналасына 27 блокпост орнатылып, кейін қала тұрғындарының өз ара еркін қозғалысы шектелді. Әкім мемлекеттік мекемелер қызметкерлерін, кәсіпорындар мен ұйым басшыларына қызметкерлерді қашықтан жұмысқа көшіруді тапсырды. Қаңтар оқиғасы кезінде әкім мінген көлікке оқ атылды. Сағынтаевқа зақым келмеді. Алайда әкіммен бірге жүрген "Алматы" телеарнасының жүргізушісі қаза тапты, ал әкімдік пен телеарна қызметкерлерінің екеуі жараланды.

Фото: primeminister.kz

Ерболат Досаев (2022–2025)

Қаңтар оқиғаларынан кейін қала басшылығына келді. Оның басты міндеті — қала тұрғындарының сенімін қайта қалпына келтіру мен Алматыны тұрақты дамыту. Туризм, экспорт, инфрақұрылым саласында алға ілгерілеу байқалды. Досаев басшылыққа келгенде қала қалай өзгергені туралы толығырақ мына мақалада. 

Фото: Алматы әкімдігі

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
1
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

15:15

14:16

13:07

12:47

12:15

12:10

12:08

12:06

12:04

12:02

11:56

11:55

11:53

11:51

11:48

11:42

11:23

11:11

10:38

10:21

10:19

10:19

10:10

09:26

09:09