16 қазан – Дүниежүзілік нан күні. Осыған орай Алматы мемлекеттік бизнес колледжі «НАН-FEST – 2025» атты қалалық кәсіби шеберлік байқауын ұйымдастырды.
Фестивальдің басты мақсаты – жастардың еңбекке деген сүйіспеншілігін арттыру, наубайшы мамандығының маңызын танытып, жұмысшы мамандардың қоғамдағы беделін нығайту. Соған қоса, шығармашылық арқылы ұлттық дәстүр мен заманауи кәсібилікті ұштастыруды көздеген.
Алматы қаласы мен Алматы облысының үздік колледж студенттерінен бөлек, іс-шараға Алматы қаласы Білім басқармасының өкілдері, әлеуметтік серіктестер, жұмыс берушілер және БАҚ өкілдері қатысты. Олар кәсіби білім саласындағы тәжірибе алмасу мен серіктестік диалогтың жаңа мүмкіндіктерін талқылады.
– Бүгінгі іс-шара бәріміз үшін маңызды. Қатысушылар бір-бірімен сайысып қана қоймай, достық қарым-қатынас орнатады деп сенеміз. Байқауға қатысу үшін колледжерге арнайы шақыру жібердік, әрқайсысы ең мықты студенттерін өздері ұсынды. Байқау жеңімпаздарына әлеуметтік серіктестеріміз демеушілік етеді. Топ жарып, қаражат қолдарына тиген студенттердің еңбекке деген құлшынысы арта түсетіні анық, – деді Алматы мемлекеттік бизнес колледжінің директоры Айнұр Мұқажанова.
«НАН-FEST» байқауы биыл үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Алғашқы жылдардағы жетістіктердің жалғасы ретінде биылғы фестиваль кәсіби тәжірибе мен шығармашылықты тоғыстырған жаңа деңгейге көтерілді.
– Біздің дастарханымыздағы нанның өзінде зор еңбек жатқаны бәрімізге белгілі. Нанды қадірлеп ақ дастарханымыздың төріне қоямыз. Нанды қадірлеу, оны үнемдеу ұлттық дәстүрімізге де айналған. Ата-бабаларымыздың даналығын жастар үлгі-өнеге ретінде көрсе екен деймін. Бұл – нанға деген құрметтің белгісі, – деді «Қалалық білім берудегі жаңа технологиялар мен ғылыми-әдістемелік орталығы» КМҚК Техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Гүлнәр Сүлейменова.
Байқауға Алматы қаласы мен Алматы облысының 12 колледжінен үздік студенттер қатысты. Жас наубайшылар өз шеберліктерін үш бағытта танытып, нан пісірудің дәстүрі мен заманауи технологияларын үйлестірді. Мұндай байқаулар «WorldSkills», «Jasskills» және «Жұмысшы мамандықтар жылы» жобаларының сабақтастығын жалғастырып, елдің еңбек нарығына сапалы мамандар даярлауға жол ашады.
«НАН-FEST – 2025» – бұл тек кәсіби байқау емес, еңбек адамына арналған құрмет мерекесі. Байқау үш модульден тұрды: А модулі – «Қиш пирогы»; B модулі – «Хала өрімі»; C модулі – «Еңбек және дәстүр» тақырыбындағы декоративті жұмыс.
Байқау техника қауіпсіздігі, ұйымдастырушылық, дәм мен сапа, креативтілік және кәсіби шеберлікке қарай бағаланды. Байқау қорытындысы бойынша үздік студенттер мен тәлімгерлер арнайы марапаттарға ие болды. Іс-шара Алматының кәсіби білім беру кеңістігінде жаңа серпін беріп, халықаралық ынтымақтастық пен еңбек құндылығын дәріптеудің үлгісіне айналды.
Жансұлу ӘБЕНБАЙ, сарапшы:
Тазалық пен сапаға назар аударамыз
Қатысушылар өздерінің қабілеттерін барынша көрсетеді. Байқауда шыдамдылық, жеңіс пен жеңіліс жолында төзімділік сыналады. Бағалауда дәм мен жылдамдыққа ғана емес, тазалық пен сапаға да баса назар аударамыз. Әр қатысушының киген киімдері мен ас дайындайтын үстелдің тазалығы да сай болуы керек.
Адель ҚАЛАН, қатысушы:
Байқаудан жеңіс күтемін
Халықаралық инженерлік технологиялық универсиеті колледжінің 2-курс студентімін. Байқауға қатысқаныма қуаныштымын. Сайысқа бір апта тыңғылықты дайындалып келдім. Мұндай байқауға алғаш рет қатысып отырғандықтан, ұстаздарыма және қолдап келген достарыма алғыс айтамын. Олардың қолдауы мен үшін аса маңызды.