Алматыда белсенділер күзгі «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы «Жарқын күз» науқанын қолдап, Алмаарасан ыстық бұлағында кезекті сенбілікке жиналды, деп хабарлайды aqshamnews.kz
Салауатты өмір салтын ұстанушылардан құралған топ әр демалыс сайын тауға шығып, тазалық жұмыстарын жүргізеді. Олар қолдарына қолғап пен қап алып, шынайы ниетпен іске кірісіп, туристер тастап кеткен бөтелкелерді, пластикалық қаптамаларды және экожүйеге қауіп төндіретін басқа да қоқыстарды жинайды.
Белсенділердің бірі Тимур Хасеновтың айтуынша, олардың тобы бастапқыда 2023 жылдың наурыз айында шынығу мақсатында құрылған және 35 адамнан тұрады.
— Біз тауға денсаулығымызды нығайту және өзенге шомылу үшін келетінбіз. Бірақ адамдардан қалған қоқысты көріп, оны жинай бастадық. Осылайша әр сенбі-жексенбі сайын тазалық жүргізуді әдетке айналдырдық. Кейін команда үлкейе түсті. Қазір мұны шамамен екі жыл бойы жасап келеміз, аптасына 3-4 рет топқа бөлініп, қоқыс жинаймыз. Алғашында бір қап қоқыс жинасақ, қазір әр шыққан сайын 6-7 қаптан жинаймыз. Орта есеппен 75-80 келі қоқыс шығарамыз, біз арнайы қаптарды өлшеп көргенбіз, — дейді Тимур.
Оның айтуынша, қаңтар айында ол TikTok-та парақша ашып, таудағы бейнелерін жариялай бастаған. Қазіргі уақытта парақшасында 16 мың жазылушы бар.
— Жазда адамдар шомылып, қалдырған заттар суға ағып кетеді, ал көктемде олар жағалауға жиналады. Ақпанда жағалаудан екі қап тәпішке жинадық. Сол кезде шолақ шалбар пен футболка киіп, қоқыс жинаған сәтімді видеоға түсіріп, әуенмен әрлеп желіге жарияладым. Жазылушылар бірден реакция білдірді: «Құдайым-ау, адам өліп қалуы мүмкін, ал ол қоқыс жинап жүр. Әкімдік қайда қарап отыр?» — дейді белсенді.
Бейне барлық әлеуметтік желіге тарап, БАҚ-тың назарын аударды. Қоқыс жинау үшін адамдар ақша жібере бастады, кейбіреулер қолғап, қап және антисептик жіберіп тұрады. Неліктен адамдар әлі де тауда қоқыс тастайтыны туралы Тимур бұл мәселені менталитетпен байланыстырады.
— Біз қоқыстың 80%-ын кешкі уақытта жинайтынымызды байқадық. Мұнда шлагбаум ашық, бақылаусыз, алкоголь алып келген адамдарды кіргізбеу үшін будкада ешкім отырмайды. Оның үстіне, жарық жоқ, сондықтан адамдар өздерінің артынан қоқыс қалдырып кетеді. Таудың жоғары жағында жағдай тіпті нашар. Бұрын қоқыс жәшіктері болмағандықтан, адамдар қоқысты бұталарға лақтыра салатын. Өкінішке орай, экскурсия жүргізетін гидтер де бұл мәселеге назар аудармайды. Ұлттық саябақ жеке меншік аумақ болғандықтан, мұнда тазалықты тек белсенділер мен еріктілер ұстап отыр, — деді Тимур Хасенов.
Белсенділердің тағы бір мүшесі Владислав Волков олардың қоғамдық еңбегі жастар мен алматылықтарға үлгі болатынын айтады.
— Біз қоқыс жинап қана қоймай, тәпішкелер ағып кетпес үшін өзен жағалауына торлар орнатамыз, адамдар құлап кетпеу үшін кілемшелер төсейміз және тазалықты сақтауға шақыратын тақтайшалар ілеміз. Біріншіден, мұндай жорық сергектік береді. Екіншіден, біз табиғатты қорғаймыз және оған қамқорлық жасаймыз. Көп адам табиғатқа дұрыс қарамайды — қоқыс тастап кетеді. Біз жұмыс күндері де келіп, қоқыс жинаймыз — әр адамға 1,5-2 қап қоқыс шығады, ал демалыс күндері 8-9 қапқа дейін жинаймыз, — дейді Владислав.
Оның айтуынша, жағдай тауда ғана емес, қалада да осындай — адамдар барлық жерде қоқыс тастайды.
— Мен әрдайым ескерту жасаймын, бірақ пайда жоқ. Адамдарға айтарым, бірінші кезекте өздеріңізді құрметтеңіздер — қоқысты қоқыс жәшігіне дейін жеткізіңіздер. Қайда болса, сонда түкірмеңіздер, себебі ол үшін айыппұл бар. Қала тұрмысын жақсартайық, — деп алматылықтарға үндеу жасады белсенді.
— Саябақтағы басты мәселе — демалушылардан кейін қалатын қоқыс. Бізге белсенділер көмектеседі. Олардың арқасында саябақ таза болып тұр. Біз оларға қолдау көрсетіп, тегін кіре алатындай жағдай жасадық және жаңа еріктілерді әрдайым қуана қарсы аламыз, — дейді Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи саябағының инспекторы Қайрат Майзабаев.
Мұндай бастамалар табиғи аумақты ластаудың мәселесіне назар аударуға, қоғамның экологиялық тәрбиесіне ықпал етіп, кең танылуда.