Алматыдағы әйгілі Медеу мұз айдынында 660 құрақ көрпені біріктірген әлемдік рекорд тіркелді, деп хабарлайды aqshamnews.kz
Таңмен жарысып ұлттық киім киген қолөнер шеберлерінің басы қосылып, Медеуге жиналды. Белгі берілген сәтте олар өздерімен ала келген құрақ көрпелерін мұз айдын үстіне жаюға кірісті. Күннің нұрымен жарқыраған түрлі-түсті көрпелер теңіздей құлпырып, көз жауын алатын бояулар мен өрнектердің керемет үйлесімі болды. Әрбір құрақ, әрбір тігіс – шебердің жүрегінен шыққан өнер туындысы, оның дүниетанымы мен дәстүрге деген сүйіспеншілігін көрсетті. Қолөнерге қызығатын жұрт көз майын тауысып тіккен көрпелерге қызыға қарап, олардың нақышына, орындау шеберлігіне таңдай қақты. Бұл күні ұлттық мұраға деген мақтаныш пен тарихи сәттің куәсі болудың қуанышы жұртшылыққа бұйырды.
Мерекелік іс-шараға өнерсүйер қауым, жастар, блогерлер мен қала қонақтары көптеп қатысты. Сонымен қатар тікелей эфир ұйымдастырылып, еліміздің түкпір-түкпірінен және шет елдерден де бақылауға мүмкіндік болды.
«АЛАМАН ҚҰРАҚ 2025» жобасы – әлемде теңдесі жоқ ерекше мәдени бастама. Бұл жолы 6 жастағы баладан бастап, тоқсанға таяған қарияларға дейінгі әр буын өкілдері тіккен 660 құрақ көрпе мұз айдынының 1366,8 шаршы метр аумағын толық жауып, халқымыздың бірлігі мен жылуын, ұлттық рухын бейнелейтін әсерлі композицияға айналды. Осылайша, бұл туынды «Global World Book of Records» кітабына ресми түрде енді.
– Мұндай көлемдегі этно-рекорд Алматыда алғаш рет тіркеліп отыр. Қазақстан атынан Global Book of Records ұйымына өтінім жолданған болатын. Бұған дейін мұндай жоба елімізде де, әлемдік тәжірибеде де болмаған соң, бұл бастама қолдау тапты. Шараға еліміздің 20 өңірінен, оның ішінде 17 облыс пен республикалық маңызы бар Алматы, Астана, Шымкент қалаларынан 660 шебер қатысты. Қатысушылар барлық талаптарға сай дайын көрпелерді алып келді (өлшемі, салмағы, кестесі, өрнегі және т.б.). Бұл рекорд Алматыға арналатын болғандықтан, көрпелердің түстері де қаладай жарқын болды. Көрмені сәндеген алма пішінді жастықтар есепке алынбады, бірақ мерекеге сән берді. Рекордтың әділ өтуін сегіз тіркеуші бақылады. Сонымен қатар Чехиядан арнайы төреші мен Үндістандағы тіркеу бөлімінің хатшысы процесті онлайн режимде қадағалады. Нәтижесінде, Алматыда әлемдік рекорд тіркеліп, алдағы он күнде ресми тізімге енетін болады, – деді GLOBAL BOOK OF RECORDS ұйымының Қазақстандағы өкілі Қуандық Құдайбергенов.
Жобаның жетекшісі Нұргүл Абайхан – ұлттық өнерге жанашыр, идея авторы әрі ұйымдастырушы. Ол бұл жобаны қазақ қолөнерін әлемдік деңгейде танымал ету мақсатында қолға алғанын айта кетті.
– «АЛАМАН ҚҰРАҚ» жобасы – қазақ халқының қонақжайлығы мен кеңпейілдігін, бірлігін танытатын символ. Құрақ көрпенің өзіндік бай ою-өрнегі арқылы біз халқымыздың терең мәдениетін жеткізгіміз келеді. Бұл жоба үшінші жыл қатарынан жүзеге асып келеді. Алғашында 200 адам қатысты, өткен жылы Көшпенділер ойындарында 450 шебердің қолынан шыққан көрпелер ұсынылса, биыл Алматыда 660 қатысушы жиналды. Қазақ қолөнерінің халықаралық деңгейде мойындалуы – біздің еңбегіміздің лайықты бағалануы. Барлық қатысушылардың көрпелері біркелкі болу үшін арнайы маталар мен сызбалар еліміздің түкпір-түкпіріне таратылды. Тігін жұмыстарына алты ай уақыт жұмсалды. Бүгінгі күн – барша қазақстандықтар үшін мақтаныш сәті, – деді жоба жетекшісі.
Павлодардан келген этно-шебер, «Алып кимешек» жобасының авторы Гүлайым Ақымбаева бұған дейін төрт метрлік ұлттық кимешек тігіп, Global Book of Records тізіміне енген болатын. Алматыда өткен рекордтық шараның бір бөлігі болғанына ол да дән риза.
– Жаһандану дәуірінде тарихи тамырымызды ұмытпау аса маңызды. Құрақ көрпе – қазақ мәдениетінің көрнекті бөлшегі. Ол ұлттық мақтаныш пен өзін-өзі тану сезімін нығайтады. Әсіресе жастар үшін бұл – тамыры терең дәстүрмен байланыс орнатудың жолы. Осындай шаралар арқылы біз өз мәдениетіміздің байлығын ұрпаққа жеткіземіз, – деді шебер.
Фестиваль аясында салтанатты марапаттау рәсімі өтті, концерт ұйымдастырылды, ұлттық бұйымдар көрмесі құрылды. Шарада қазақтың халық әндері мен заманауи аранжировкадағы туындылар шырқалды. Ұлттық киім киген би ұжымдары мәдениетімізді көрсететін жарқын қойылымдар ұсынды.
АЛАМАН ҚҰРАҚ 2025 – жай ғана рекорд емес, ұлттық өнерге серпін берген маңызды мәдени құбылыс. Бұл жоба арқылы қазақ халқының қолөнері, шеберлігі, бірлігі мен рухани мұрасы бүкіл әлемге таныстырылды.