Бүгін Алматы қаласында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен ҚР аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі Ведомствоаралық комиссияның көшпелі отырысы өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz
Кеңеске Алматы қаласында орналасқан қалалық және республикалық медициналық ұйымдардың басшылары қатысты. Негізгі мәселелер COVID-19-бен күресуге және денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қатысты болды. ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ерлан Қиясов ағымдағы эпидемиологиялық ахуал мен жұмыстың басым бағыттары туралы түсінік берді.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров қазіргі кезде жұмыстың басты бағыты коронавирус инфекциясынының таралуын тежеу жөніндегі іс-шаралар болып қалатынын баяндады. Бүгінгі таңда қалада КВИ бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақты, қала «сары аймақта». Дерттің төмендеуі ұжымдық иммунитеттің 55%-ы деңгейінде қалыптасуына, халықты вакциналаумен қамтудың өсуіне (бірінші компонентін 996 486 адам, 2 компонентін 930 мыңнан астам адам алды) байланысты. Қазір қала әкімдігі вакциналау қарқынын одан әрі арттыру үшін жұмыс істеуде.
Бүгінде медициналық ұйымдарда, мектептерде, мәдениет, спорт нысандарында, базарларда және қаланың СОО-да 137 егу пункті жұмыс істейді. Бұдан басқа, вакциналу пункттерінде вакцинаның тиімділігіне әсер ететін «суық» тізбек режимінің сақталуы қатаң бақыланады. Сонымен қатар, Pfizer вакцинасын қабылдауға дайындық жүргізілуде: мұздатқыш камераларды орнатуға арналған орындар әзір, логистика, вакцинаны сақтау алгоритмдері пысықталды, әр кезеңнің жауапты тұлғалары анықталды, медициналық персоналды оқыту жүргізілуде. Қалада инфекцияның таралуына жол бермеу бойынша шектеу шараларын сақтауды бақылау күшейтілген әрі жалғасуда. Алматыда 40 мониторинг тобы жұмыс істейді, жыл басынан бері 44 мыңнан астам нысан тексерілді, карантин шараларын бұзған 4297 нысан анықталды, карантинді жиі бұзатындарға қатысты сотқа 78 материал берілді.
Қала мектептерінде қауіпсіздікті сақтау және ауруды жұқтырудың алдын алу ерекше бақылауда. Тиісті контингенттен мұғалімдердің 100%-ы екпе алды. «Ashyq» заманауи технологиясын белсенді енгізе отырып, «Салауатты мектептер» бағдарламасы іске асырылуда, соның арқасында мектеп оқушылары арасында аурудың төмендегені байқалады. Дегенмен, жыл соңына дейін дертті жұқтырудың болжамын ескере отырып әрі бірқатар басқа елдерде ауруды жұқтыру деңгейінің өсуі салдарынан 2022 жылғы мамырға дейін өнімнің 68 атауынан тұратын дәрілік препараттар мен медициналық бұйымдардың қажетті қорын қамтамасыз ету, төсек-орындарды дайындау бойынша әзірлік жұмыстары жүргізілді. 375 дәріханада, қала қоймаларында сұранысқа ие препараттардың әр түрі бойынша күнделікті өткізу көлемі мен қалдықтарына мониторинг жүргізіледі.
Баяндамаларды тыңдаған Ералы Тоғжанов қаладағы эпидемиологиялық ахуалдың тұрақтанғанын – 24 қазаннан бастап мегаполис «сары» аймақта екенін, соңғы 2 аптада ауырудың 1,5 есеге, өлім-жітімнің 1,6 есеге төмендегенін атап өтті. Премьер-Министрдің орынбасары қала әкімдігінің басшылығына COVID-19 бен маусымдық тұмауға қарсы вакциналауды ұлғайтуды тапсырды. ЖОО ректорларының назары студенттерді вакциналау жөніндегі жұмысты күшейтуге аударылды, өйткені бүгінде мегаполистің ЖОО-да студенттерді вакциналау 57% құрайды. Бұл мәселе қауіпсіз білім беру процесін қамтамасыз ету үшін маңызды. Кеңес жұмысын қорытындылаған вице-премьер Е. Тоғжанов Алматы қаласы еліміздің ең ірі мегаполисі екенін, сондықтан денсаулық сақтау жүйесін дамыту, эпидемиологиялық ахуал, халықты вакциналау мәселелері жергілікті атқарушы органдардың басшыларының қатаң бақылауында болуы тиіс екенін атап өтті.