ffin.kz

Алматы – көруге де, өмір сүруге де өте ыңғайлы қала

Алматы – көруге де, өмір сүруге де өте ыңғайлы қала Almaty-akshamy.kz. 

Айхан КОРКМАЗ Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдығының Білім атешесі

 

Құрметті Айхан мырза, Түркияның Алматыдағы Бас консулдығының Білім атешесі болып тағайындалуыңызбен құттықтай отырып, газетіміздің қадірменді оқырмандары үшін өзіңізді таныстырып өтсеңіз.

Ең алдымен Алматының бас ақпараттық басылымына осындай мүмкіндік жасағаны үшін ризашылығымды білдіремін. Алматы ақшамына сұхбат беру мен үшін үлкен абырой. Мен он үш жасымнан бастап «Түркі әлемі» деп қолына қалам алған, «Түркі әлемі» деп әңгіме айтып, бұл әлем туралы қиялға беріліп, арман мақсатын осы жолда құрған адаммын. 1974 жылы дүние келдім. Мектепті туған жерім Түркияның Болу аймағы Гөйнүк деген ауылында бітірдім. Ауылдағы ең алғашқы мектеп бітірушісі болдым. Бұл мен үшін мақтаныш, зор жауапкершілік. Бұл туралы менің ылғида айтатын бір сөзім бар: ауылдағы тракторшылар өз араларында кезек құрып, мені мектепке жеткізуге көмектесетін. Сол себепті ауылымның тракторшыларына, ата-анама, туған жеріме алғысымды білдіре отырып, оларға деген қарызымды ешқашан да өтей алмайтынымды білемін, дегенмен солар үшін барымды салуға дайынмын. Жоғарғы сыныпты Ескішехирде оқып, мектепті аяқтадым. 

Содан кейін Ұлыдағ университетінің Түрік тілі мен әдебиеті мұғалімі мамандығы бойынша жоғары білім алдым. Бұл мамандықты таңдауымның себебі әрине мектептегі Түрік тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген ағайыма еліктеу, сол сияқты болсам деген арманымның көрінісі еді. Педагогика бойынша білімімді одан әрі жетілдіріп, 1994 жылы Стамбұл университетіне Түрік тілі мен әдебиеті оқытушысы болып қызметке кірістім. Бір жарым жылдан кейін отан алдындағы азаматтық борышымды өтеп келгеннен кейін, мектептерде жұмыс істедім. Сабақ берумен қатар директордың орынбасары қызметін де қатар атқардым. Мұғалім болып қызмет ету көңіл қалауым. 

2010 жылы Бешіктас мектебіне директор болып тағайындалдым. Алты жыл осы қызметті атқарып, телеарна шақыртуымен журналистік қызмет атқарып, білім, ағартушылық бағдарламалар шығарумен айналыстым. Кейіннен қайта мектепке оралып, жан қалауы мұғалімдік қызметімді жалғастырдым.

2020 жылы Түркияның Ұлттық білім министрлігінде басқарма басшысы секілді қызметтер атқардым. Елімнен ұзақ кетіп қызмет жасаған ең алғашқы ел – бауырлас Қазақстан. Әсемдіктерін айтып тауыса алмайтын Алматыда қызмет атқарудың қандай ғажап екенін сөзбен жеткізу мүмкін емес.

 Ауылда ең алғашқы болып мектепті аяқтадым дедіңіз, сонда сізге дейін мектеп бітірген ешкім жоқ па еді, әлде ауылыңызда мектеп жоқ па еді?

Ол уақытта ауылымызда жалпы білім беретін мектеп жоқ еді. Көбісі бесінші сыныпқа дейін оқып, ауылда тұрмыстық жұмыстармен соның ішінде боя ісімен айналысып, бояшы болып ауылда қалып қоятын. Ауылымыздан шыққан бір кәсіпкер балалардың барлығын бояшы ретінде қалаға жұмысқа алып кететін.

Көкірегі ашық, көргені мол бір нағашым әкеммен дауласып жүріп, менің жоғары білім алуыма, оқыған азамат болуыма көп септігін тигізді. Сол уақыттың жағдайы солай болды-ау, ауылдастарымыздың басым көпшілігі кедей өмір сүрді. Менен кейін көбісі балаларының мектепті толық бітіріп, қалаға оқуға түскенін қалап, сол жолда әрекет етті. Осындай жағдайға себеп болудың қуанышы мен мақтанышы маған әрқашан да зор жауапкершілік жүктейді. Бүгінгі таңда ауылымызда оқыған адамдардың қарасы өте көп. Ауылымнан ең бірінші болып жоғары білім алған, ең бірінші мемлекеттік қызмет, дипломатиялық қызмет атқарған мен екенімді ауылымдағылар кездескен жерде айтып, жігерлендіріп отырады. 

 Бұл қызметке тағайындалмай тұрып, Алматы яки туысқан қазақ топырағына келген бе едіңіз? Алматы туралы пікіріңіз қандай еді?

Ешқандай да пікір болмады. Бауырлас халық ретінде танып, түркі әлемі бір бүтін екенін білетінмін. Түркия тарапынан қарағанымызды бұл аймақтың өмір сүру ерекшеліктері мүлдем басқаша екен. Арамызда мыңжылдық туысқандық бар. Сол қасиет бізді жақын етіп ұстап тұр. Алматыға келгенде қатты таң қалдым. Алматының мұншалықты әсем қала екенін, мұншалықты қалалық қағидаттарға сай қалыптасқан, қалалық мәдениеттің барлық стандартына сай екенін мүлдем білмедім.

Өз басым балалық шағымнан мұғалім болуды армандап, сол жолда жан-тәніммен жұмыс жасап, басты назарымды бала оқытуға қойып, еліме, жеріме пайдам тисін деп жүріп, туысқан халықтардың әсем қалаларының тарихы мен өмірінен алыстау қалған екенмін.  Алматыға келмей тұрып және Алматыға келгеннен кейінгі пікірлерімнің арасы жер мен көктей. Сөз басында да айтып өткендей мен Түркияда бес жыл телеарнада қызмет атқардым. Азды-көпті танымалдығым бар. Соның арқасында Алматыға қызмет ауыстырғанымды естіген жұрттың көңіл жағрафиясына Алматы енді. Бұл мен үшін өзінше бір мақтаныш. Келгенімнен бері жеті ай өтті. Осы аралықта Түркиядан жиырмадан астам делегация келіп кетті. Бәрі де Алматыға дән риза болып, ерекше көңіл-күймен қайтып жатыр. Тіпті өткен айда, ұстаздардан құралған бір топ хабарласып, ұшақ билетін қарастырып жатқанындарын айтты. Жалпы жинақтап айтар болсақ, Алматы көруге де, өмір сүруге де өте ыңғайлы қала.

 Бауырлас екі ел арасында отыз жылдан астам уақыт белсенді түрде жүріп жатқан байланыстар бар. Білім саласында да жақсы жобалар жеткілікті. Бұлардан басқа да жоба жұмыстарыңыз болса, оқырмандарымызбен бөлісе отырсаңыз.

Ең алдымен мынадай сүйінші жаңалықпен бөліскім келеді: 26-сәуірден бастап екі ел арасында Білім ынтымақтастығы туралы келісімге қол қойылды. Осындай тарихи кезеңде біздің де осындай қызметте болу бақыты бұйырыпты. Бұл да бізге зор жауапкершілік жүктеп отыр. Бауырлас екі елдің Президенттері және жоғары лауазымды тұлғалары жиі-жиі кездесумен қатар, өте жақсы келісімдерге келіп, ынтымақтастықты бекемдеумен келеді. Бауырластық рухтық пен туысқандық шеңбер шебінде біздің үлкен мақсаттарымыз бар. Ол ортақ тіл бірлігі, ортақ әліпби.  Әрине әліпби, тіл емес. Алайда туысқан тілдердің бірлігі мен ынтымақтастығы үшін ортақ әліпбидің атқарар рухы өте жоғары.  Осы тұста мына бір мысалды айтқым келеді: Адамзат тарихының арғы-бергі тарихында ешқашан өзге бір халықтан жәбір көрмеген, тәуелсіздігіне көлеңке түсірмей келген дүние жүзіндегі жалғыз мемлекет Түркия екенін тағы бір рет айтқым келеді. Осындай рухпен туысқан халықтардың жанында болып, болашаққа бірге қадам жасап, бір болу жолында жұмыс жасап, түрік тілі арқылы туысқан халықтардың бірлігі мен ынтымақтастығын дамытқымыз келеді. Осынау жобалардың шеңберінде азаматтарымыздың барыс-келісін жандандырып, туысқандығымыздың артқанын қалаймыз. Осы мақсатта Алматыда қаланың төрт бұрышынан түрікше үйрететін жаңадан түрік тілін оқыту орталықтарын аштық. Атап айтар болсақ, ғылыми-зерттеу мекемелеріне, журналистерге және мектеп оқушыларына арналған курстарымыз алғашқы жылын сәтті аяқтады. Осы орайда алдағы жылдың да сүйіншісімен бөлісе кетейін: Алматыдағы 16 мектепте келер жылы түрік тілін оқыту бойынша келісім жасастық. Ол меткептерде таңдау пәні ретінде түрік тілі оқытылатын болса, олар үшін Түркиядан 10 түрік тілін оқытушылары арнайы шақыртып отырмыз. Болашақта барлық мектептерде түрік тілін оқытуды да мақсат етіп отырмыз. Мектеп түлектер түрік тілін біліп, Түркиядағы ЖОО-дарына және мекемелерінде өздеріне лайықты бағытта іс-тәжірбеден өтетіндей дәрежеде болса деген ниетіміз бар. Алматыдағы 6 ЖОО-да түріктану мамандығы оқытылады екен. Келер оқу жылында біз 8 ЖОО-да түрік тілін үйретуге көмектесетін боламыз. Екі туризм кафедрасы бар университеттің өтініші бойынша олар үшін де түрік тілі оқытушысын алдыртамыз. Университтеттерде түрік тілін үйрететін 8 оқытушымыз тек түрікше үйретіп қана қоймай, Түркияның университеттерін таныстырып, келісімшарттар жасасуға дәнекер болады. Қазіргі уақытта Түркияның 12 университетінің келісімшарты болса, алдағы оқу жылы оны 20-ға шығартуды жоспарлап отырмыз.

Осы тұста мына мәселеге ерекше тоқталғым келеді. Қазақстаннан, Алматыдан Түркияға барушылар, саяхаттаушылардың саны баршылық. Ал, керісінше Түркиядан Алматыға келетіндердың қарасы өте төмен. Осыны да ескеруіміз тиіспіз. Алматыны, жалпы Қазақстанды таныстыру мен әлеуетін кеңінен көрсетуіміз қажет. Бұл да біздің алдыңғы қатардағы жұмыстарымыздың бірі. Алдағы уақытта осы жолда да мақсатты істерім мен жоспарлы жұмыстарымыз жалғаса береді. Солар арқылы барыс-келіс арқылы бауырластық таныстығымызды арттыра түсеміз.  

Түркияның ЖОО-да білім алғысы келетін талапкерлер үшін өтетін YÖS «ЁӨС» деп аталатын емтихан кезеңі бар. Аталған сынақ өте маңызды. Бұл жақтағы жастар Түркия ЖОО-да тегін яки өте аз мөлшердегі ақымен жоғары білім ала алады. Қызметті бастаған уақытта сол емтиханға қатысушылар саны 163 еді.  Биыл аталған емтиханға 367 адам қатысты. Көріп отырғаныңыздай талапкерлердің саны 163-ден 367-ге артып отыр. Қыркүйек айында да бұл санды одан әрі арттырып, 700-ге жеткізуді мақсат етіп отырмыз. Қазақстан жастары Түркия ЖОО талап білдіріп, жоғары білімге ұмтылып жатса, біз үшін қуаныш. Бұл кезеңде де «Алматы ақшамы» газетімен бірге болып, кең көлемде хабарландыру жасап сөзімізді жастарға жеткізіп, жас талапкерлерге мол мүмкіндік ашқымыз келеді. Сол емтихандарды ұйымдастыру орталығының жетекшісі Қазақстан жастарының өте білімді, тәрбиелі болып келетінін, қоғамдық орындар мен басқа да жағдайларда көп қиындық тудырмайтынын айтты. Қазақ радиосын пайдалана отырып, Қазақстандағы барлық жастармен отбасыларына, ана-аталарымен қатар, ұстаздарына алғысымды білдіруді өзіме парыз деп білемін. Тағы да қайталап айтқым келеді. Түркияда әлемнің барлық жерінен шетелдік жастар келіп, білім алады. Солардың ішінде қазақстандық жастар мен талапкерлердің тәрбиесі, жүріс-тұрысы өте мәдениетті және жоғары деңгейде. 

 Құрметті Айхан мырза, жақсылық пен қуаныштың осылай жалғасуына тілектестік білдіре отырып, келесі сұрағымыз мынадай: Сіз үшін түркі әлемі дегеніміз не?

Түркі әлемі ұлттық негіз. Тарқатып айтар болсақ, түркі халықтарының бірлігі мен ынтымақтастығынан да терең ортақтық. Терең ұлттық түсінік. Түркі әлемі түркі халықтарының бірлігі. Түркі әлемінің бірлігі не үшін керек? Жеке тұлға ретінде мұғалім бола жүріп, тарихты жақсы зерттеген адам ретінде айтайын түркі халықтары әлем жаратылысынан бері бар. Түркі ең терең, ең ескі әдеп-ғұрыпқа ие халықтар. Қарапайым ғана мысал: Орхон жазулары қай ғасырға тиесілі? Б.з.д 7 ғасыр. Бұрынғы заман туралы айтуға басқа халықтар бара ала ма? Біз сол уақыттан бері жер бетінде өмір сүрген, үкім айтқан халықтармыз. Түркілер жаһанға үкім айтқан кезеңдерде зұлымдық пен залымдық, жаулық пен қастық болмаған. Түркі халықтары өте әділ және мейірімді. Әділдік пен мейірім болмаған жерде ағаш тамыр жайып, бүршік жармайды. Түркілер әділ әрі мейірімді болғандықтан бірін-бірі ешқашан қиындықта қалдырмаған. Бүгінгі таңда тәуелсіз түркі елдерінің халқының саны 180 миллион, 5 млн. шаршы шақырымнан астам жер аймағына ие. Ауқымды сауда-саттық мүмкіндігі бар. Айта берсеңіз, әңгіме бітпейді. Қазақстаннан бастап, осынау түркі мемлекеттері сансыз қазба байлығы, қыруар энергия көзі мен мол мүмкіндікке ие түркі халықтары бір болуы керек. Бір болу арқылы күшті де, қайратты болады. Бұл жолда қажетті дүниенің бәрі де өз қолымызда. Осынау үлкен істердің негізі мен алғышарты білімде, тілде және мектепте жатыр. Әрине мемлекет, үкімет, басшыларының өзара түсіністігі мен ортақ мақсаттары да үлкен маңызға ие.

Туысқан халықтың өкілі болғандықтан Алматыға келгеннен осы күнге дейін ешқандай жаттық көрмедік, шештету сезбедім. Үздіксіз шақыртулар мен ыстық-ықыластарға ерекше ризамын. Мұның бәрі де менің түрік болғаным үшін. Түрікше сөйлей бастасам болды, адамдардың жүздері күлімдеп, Түркияның қалаларын айтып, қай қаласынан келгенімді сұрай бастайды. Мұндай ықыласты басқа шет елден кездестіре алмаймын. Стамбұлда, Анкарада қазақ Абайдан бастап, қазақ зиялыларына көше, даңғыл атаулары берілді. Бұл өте маңызды. Жақында Алматыда Ататүрікке арнап, ескерткіш ашылды. Басқа мемлекетте жүріп, мемлекетімізді құрушы президентіміздің ескерткішін көру сөздің берері сезімінен асып түсетін хал.

Басқа елдердің тарихынан шектен шыққан бопсалау мен жаншып таптауға толы жағдайларды көресіз. Біздің тарихымызда асқан қатігездік пен нақақтан-нақақ біреуге соқтығысу секілді оқиғаларды кездестірмейсіз. Қайта түркі баласының табаны тиген жерде бейбітшілік пен жақсылық қалыптасып, жайдары мәдениет салтанат құрғанын көруге болады. Сол түркі баласы бүгін бірігу арқылы болашаққа үкім айтар тұлғаларды қалыптастырады. Ендігі әлемдік лидерлер түркі халықтарының арасынан шығатын болады. Біздің еңбегіміз көлге тамған тамшыдайын осы жолға жарап жатса қандай бақыт?! Жастарға осыны түсіндіруіміз керек. Алматыдағы кейбір ЖОО орындарының студенттеріне осы тақырып бойынша дәріс те бердім. Осы ойларымды қазақ жастарымен бөлісіп отырамын.

Түркі әлемі түркілердің жаһандық, ұлттық мені. Он үш жасымнан бері мен осынау ұлттық, ұлтшылдық рухта ер жеттім. Жазып жүрдім, айтып жүрдім. Өмір жолымда түркі әлемінің ішінде жұмыс жасап, қызмет атқаратыныма сенетін едім. Сол сенім мені бүгін Алматыға алып келді.

 Ұстаздық және дипломатиялықтан ақындық та өнеріңіз бар екен. Әңгімемізді шығармашылығыңыз туралы сұрақпен жалғастырсақ.

Ең алғашқы кітабым, өлеңдер жинағы жарияланғанда жасым 18-де еді. Соңғы шыққан кітабымның аты «Де бөлек». 26 жылдық ұстаздық тәжірибелер мен мұғалімдік пікірлерімді, естеліктерімді топтастырған еңбек. Адам баласында сыпайлық пен қарапайымдылық болмаса, одан ертеңін ойлап әрекет ететін кісі шықпайды. Терең тұлға болып қалыптаспайды. Мансап уақытша берілген сынақ қана. Билік иесі болып, тұрғанда  сыпайылық, қарапайымдылық және адамгершілік сияқты қасиеттеріңізді қаншалықты қорғай аласыз, соншалықты маңызды. Осынау қасиеттерді түсіндіріп, ұғындырып адам бойына сіңіретін әрине ұстаздар. Аталған соңғы кітабымда осындай дүниелерді жеткізуге тырыстым. Мені жетілдірген, бұл күндерге келуіме себепкер болған, сол жолда еңбек еткен ұстаздарымыз үшін кітабымның атын «Де бөлек» деп қою арқылы олардың істерінің осыншалықты терең әрі тыңғылықты екенін, нәрсені бүге-шүгесіне дейін түсіндіруді талап ететін жауапкершіліктері жоғары екенін көрсеткім келді. 

Менің ең үлкен абыройым да, мақтанышым да ұстаз болғандығым. Алматыға орналысып, осы қызметтің өзіндік ерекшеліктерін меңгеру барысында ұстаздықтан біраз қол үзіп қалдым. Алайда, көп ұзатпай, Қазақ ұлттық педагогикалық Қыздар университетінде дәріс беруді бастадым. Білгенімді жастармен бөлісуден артық ғанибет жоқ сияқты. Сабақтарымның бәрінде мұғалімдік туралы айтудан шаршамаймын. Ұстаздық бағасы биік абырой. Дәл осылай аумалы-төкпелі заманды түркі тілдес елдердің ұстаздары мойындарында үлкен жауапкершілік бар екенін тереңінен түсіну керек. «Де бөлек» кітабым да осы мақсатта туған еңбек. 

 «Де бөлек» кітабыңызда қанша бөлім болса, бәріне де «Ұстаз кім?» деген тақырып қойыпсыз. Сіздің ше, ұстаз кім? 

Ұстаз жақсылықтың – жаршысы. Ұстаз сағыныштың сағымы. Бәрінен бұрын ұстаз болашақтың – жарқын жетекшісі. Игілікке толық болашақ қаласаңыз, жетекшіңіз бен бет түзер бағытыңыз – ұстазыңыздың ұлағатты сөзі болуы тиіс.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

12:44

12:12

11:41

11:11

10:43

10:36

21:49

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35