Алғашқы ұлттық кітап күні. Ұлттық кітапхана жайлы сіз білмейтін деректер

Алғашқы ұлттық кітап күні. Ұлттық кітапхана жайлы сіз білмейтін  деректер сурет: Ұлттық кітапхана баспасөзінен

23 сәуір елімізде алғаш рет ұлттық кітап күні республикалық деңгейде атап өтілді. Атаулы датаны мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайда бекіткен еді. Осыған орай Аqshamnews.kz тілшісі Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры Ғазиза Құдайбергенқызымен тілдесіп, отандық кітапханалардың бүгінгі тынысы мен болашағы жайлы сұрап білді.

Сурет: автордың жеке архивінен

Ұлттық кітапханада әлемнің 123 тілінде 7 млн астам кітап бар

Ұлттық кітапханада бүгінде 7 млн. бірліктен астам әлемнің 123 тіліндегі бай кітап қоры бар.  Онда білімнің барлық саласын қамтитын заманауи құжаттар, қолжазбалық құжаттар, алғашқы баспа басылымдарының, ноталы-музыкалық басылымдар мен күйтабақтардың бірегей қоры жатыр. Ғазиза Құдайбергенқызы қазір қандай әдебиеттерге сұраныс артып жатқанын бөлісті.

 «Қорды өзекті әдебиеттермен толықтыру – кітапхананың негізгі басымдықтарының бірі. Оқырмандардың ақпаратқа еркін және шектеусіз қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында кітапхана қоры оқырманның талғамына сай отандық және шетелдік өзекті тарихи, ғылыми, ғылыми-көпшілік әдебиеттермен, сондай-ақ мәдени, ғылыми және көркем құндылығы жоғары басылымдармен, басқа да ақпараттық ресурстармен толықтырылады.  Әсіресе, қорды   Қазақстан туралы және одан тыс жерлерде шығарылатын Қазақстан халықтарының тілдеріндегі және қазақ тіліндегі әдебиеттермен толықтыруға ерекше назар аударылады» деді кітапхана басшысы.

Сурет: Ұлттық кітапхана баспасөзінен

«Күн сайын кітапханаға 3-3,5 мыңнан астам адам келеді»

Ғазиза Құдайбергенқызы бүгінгі күнгі жастардың кітапқа деген қызығушылығына  баға берді. Оның сөзінше көпшілік арасында «жастар кітап оқымайды, оқуға қызықпайды» деген жаңсақ пікір жетеді. Алайда Ұлттық кітапхана басшысы бұл қағидамен келіспейтінін айтты.

«Кітапханаға асығатын, кітап оқуға құмар жастар, оқырмандар саны күннен-күнге артып жатыр. Күн сайын кітапханаға әртүрлі санаттағы 3-3,5 мыңнан астам оқырман келеді. Оқырмандардың негізгі контингентін студенттер құрайды. Олар негізінен білім алуы, мамандығы бойынша әдебиеттермен жұмыс істейді. Оқырмандар ішінен ғалымдар мен ғылыми қызметкерлерді, техникалық қызметкерлер мен экономистерді ерекше атап өтуге болады. Оларды айналысып жүрген ғылыми-зерттеу жұмыстарына, ғылыми ізденістерге байланысты ғылыми әдебиеттер, диссертациялар мен авторефераттар, монографиялар, т.б. ғылыми әдебиеттер қызықтырады» дейді ол.

 Сондай-ақ, кітапхана басшысы келушілер әр түрлі саладан екенін алға тартты. Десе де кітапхана қонақтарының басым көпшілігін студенттер құрайтынын тағы да тілге тиек етті.

 «Кітапханаға тіркелген оқырман құрамы әр алуан, онда түрлі сала мамандары, ғылыми қызметкерлер, оқытушылар,  зейнеткерлер, медицина, техникалық мамандар, мектеп оқушылары бар. Дегенмен, негізгі келушілер, әрине, студенттер, олар оқырман құрамының 70 пайызын құрайды.  Кітапхана оқырмандардың осы санатының қажеттіліктерін қамтамасыз етудің инновациялық нысандарын іздестіру және енгізу, оқуды зерттеу жүйесін үнемі жетілдіріп отырады. Студенттерге оқу әдебиеті, ғылыми және анықтамалық материалдан тұратын ақпараттар қажет. Сондықтан да, олардың оқуына қажетті ақпаратты толықтай алуы үшін, бір дереккөзді ғана пайдаланып коймай, бірнеше дереккөзден іздеп-табуына ықпал етуіміз керек» дейді ол. 

Оқырманға қандай кітап өтімді?

 Ұлтық кітапхана сөресінен оқырмандар көбіне мамандықты меңгеруге және кәсіптік қызметіне байланысты кітаптарды іздейді. Сондай-ақ,  тарихи және ғылыми-көпшілік, ғылыми-танымдық әдебиетке сұраныс жоғары. 

«Жастардың кітап оқуында іскерлік кітаптар да жетекші орын алады. Көркем әдебиетке қызығушылық танытқан жас оқырмандардың саны  да  бүгінде артуда. Сонымен қатар өзін-өзі дамыту, заманауи технологиялар, жасанды интеллект, пәнаралық пәндер бойынша әдебиеттерге қызығушылық танытады.  Қазір қала жастары да, ауыл жастары арасында мотивациялық, бизнеске қатысты әдебиеттерге, әлемдік бестселлерлердің аудармаларына қызығшылықтар жоғары. Сонымен қатар психология, медицина, жаратылыстану, т.б әдебиеттер сұранысқа ие» дейді Ғазиза Құдайбергенқызы. 

Сурет: Ұлттық кітапхана баспасөзінен

 «Кітапханалардың ағартушылық рөлі ерекше»

Ғазиза Құдайбергенқызы соңғы үш жылда кітапханаға келушілер саны көбеймесе, азаймағанын айтты. Ұлттық кітап күнінің бекітілуі де кітап пен кітапханалардың маңызын айқындай түсетінін тілге тиек етті.

«Соңғы жылдары кітапханаға келушілер саны артпаса, азайған жоқ.  Қазіргі таңда оқырманның кітапхана қызметіне жүгінбей-ақ, Интернеттен, басқа да ақпараттық ресурстардан өзіне қажетті ақпаратты алуға мүмкіндігі мол. Былтыр Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен  23 сәуір  – Ұлттық кітап күні болып бекітілген болатын.  Бұл күнді атап өту – кітаптың, кітап оқудың ұлт болашағы үшін қаншалықты маңызды екендігін көрсетеді. Бұл бағытта қоғамның  рухани және интеллектуалды әлеуетін, олардың жалпы мәдениетін дамытуға үлес қосып отырған кітапханалардың  ағартушылық рөлі ерекше екендігі сөзсіз» деп түйіндеді сөзін Ұлттық кітапхана басшысы.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:12

16:38

16:37

16:34

16:13

15:52

15:41

15:39

15:37

15:36

15:24

14:47

14:36

13:15

13:12

13:02

12:56

12:47

12:45

12:43

12:41

12:39

12:36

12:33

12:31