Альфа мен Бета: болашақтың бет-бейнесі қандай?

Альфа мен Бета: болашақтың бет-бейнесі қандай? ЖИ көмегімен салынған

Соңғы онжылдықтарда әлеуметтік зерттеушілер мен футурологтар қарқынды технологиялық прогресс жағдайында қалыптасып жатқан жас буынды зерттеуге ерекше көңіл бөлуде.

Альфа және Бета ұрпақтары – XXI ғасырдың балалары, олардың өмірі цифрлық технологиялармен, жасанды интеллектпен тығыз байланысты. 2025 жылы альфа ұрпақтың саны әлемде 2 млд-қа жуықтайды, жайлы жағдай мен әлемдік мәдениеттен хабардар болу олардың өмір сүру ұзақтығына әсер етеді деген дерек бар.

Альфа – жасына қарамастан жайлы орта іздеп көшіп-қонудан қорықпайтын, өзіне ұнамайтын мамандықты әп-сәтте ауыстыра салуға дайын ұрпақ. Ақпарат тасқыны қайнаған өмір альфаларды ерте есейтеді, яғни бұларды заманынан озып туған балалар деуге болады.

Психолог мамандардың айтуынша, смартфон заманында өмірге келген бұл буынның гаджетке құмарлығына ата-ана ретінде қарсы тұрмауымыз керек, олай етсек, баламыздың қарсылығын оятамыз, ол аздай, тыйым салған телефонды тығылып бәрібір көреді. Жылдамдық заманының баласына тез жалығу тән. Өзіне ұнамаған іспен айналыспайтынын да әке-шешесіне айтудан жасқанбайды. Эмоциясын да жасырып қалмайды, көңілі толмаған жайды бірден айтып тастайды, ренжісе дәл сол сәтте ашуланып жылап та алады. Бұлар 20 жылдан кейін психологтың қабылдауына барып, ата-анасына деген өкпесін айтып, талқылап отырмайды. Дәл осы қасиет, яғни эмоцияны ірікпеу денсаулық үшін өте пайдалы.

Психолог мамандар баланың осындай ренжулі, ашулы сәтінде ата-анаға оның эмоциясына 15 минут кедергі келтірмеңіз деген кеңес береді, жылағысы келсе жыласын, айғайлағысы келсе айғайласын, бірақ сіз оған дауыс көтермеуге тырысыңыз. Бар болғаны балаңызды құшақтап, оны жақсы көретініңізді айтыңыз. Қазіргі балалар ашып айтпаса да, құшақтап, сылап-сыйпап, сүйгенді жақсы көреді. 

Альфа балалардың қызығушылығы да тез ауысады. Олар бүгін билеп үйренгім келеді деп, біршама уақыттан соң сурет салу үйірмесіне барамын десе, таңғалмаңыз, ашуыңызды да тежей біліңіз, егер қаржылық және басқа да мүмкіндіктеріңіз бар болса балаңызды бәрін көруден шектемегеніңіз жөн. Бұл буынға тән тағы бір қасиет – танымайтын әр түрлі жастағы адаммен тез тіл табысып, сөйлесіп кету. Біз бұлардай кезімізде ата-ана, мұғалім, жақын туыстардан басқа үлкен кісілермен араласа бермейтінбіз, ал қазіргі бала әлеуметтік желілер арқылы кез келген адаммен сөйлесіп, эмоциясын бөлісе алады. Осының нәтижесінде оларда ұлт, ел, дінге қатысты шектеу де аз, сол себепті бұл буын еларалық шекараны кедергі көрмейді, тез арада бір елден басқа мемлекетке көше салу да жаңа ұрпақ үшін қиын шаруа емес. Бұрынғы кезде алыстағы туыспен, әке-шешеңмен сөйлесу үшін телефонға тапсырыс беріп, кезек күтетін болса, бұлардың қолында туғаннан бастап әлемді алақанына салып берген смартфон деген құдірет бар. Сондықтан бұл буында сағыныш, алыстағы ағайынды уайымдау деген сезім де бола бермеуі мүмкін.

Газеттегі теледидар бағдарламасын ұмытып кетпеу үшін қызыл қаламмен сызып қойып, әрі кетсе 10 минут болатын мультфильмге мәз болып өскен біз бен ішіне әлемді сыйғызған смартфоны бар баланың таным-түсінігі де көзқарасы да сәйкес келмеуі заңды құбылыс. «Әкелер мен балалар» деген мәңгілік тартысты тақырыпқа технологиялық дамудың қосқан үлесі тіпті зор. Ал енді осы алшақтықтың арасын жақындатып, «бауыр етіңмен» ымыраға келу үшін не істеу керек?

Біріншіден, өзімізді баланың түсінігіне сай икемдеуіміз керек, себебі біздің қызығушылық, түсінік, иланымдарымыздың көбі қазіргі заманға сай келе бермейтінін мойындауымыз керек.

Екіншіден, баланың қиялына шектеу қоймай, керісінше, қолдан келгенше соның жүзеге асуына көмектескен жөн.

Үшіншіден, сен қазір қандайсың, кейін қалай өсіп, кім боласың, мен сенімен әрдайым біргемін, өзіңді балам ретінде жақсы көремін дегенді айтып қана қоймай, әрекетіңмен сендіру.

Альфа және Бета ұрпақтары деген кімдер?

Альфа ұрпағы (2010–2025 жылдары туғандар) – туған кезінен бастап цифрлық технологиялармен қоршалған балалар. Олар жасанды интеллект, бұлтты сервистер мен әлеуметтік желілер дәуірінде өсіп келеді. Z ұрпағы мен миллениалдардан айырмашылығы, Альфа смартфондар, дауыстық көмекшілер және алгоритмдік мазмұнсыз өмірді елестете алмайды.

Бета ұрпағы (шамамен 2025–2040 жылдары туғандар) – болашақтың балалары, олардың тәрбиесі мен білімі нейрожелілер, биотехнологиялар және жаһандық цифрландыру жетістіктеріне негізделмек. Бұл ұрпақ өзгерістерге анағұрлым бейімделгіш болып, технологиялармен биоинженерия деңгейінде тығыз байланыста болуы мүмкін.

Альфа және Бета ұрпақтары – адамзаттың болашағы, олардың өмірін технологиялар, жасанды интеллект және жаңа құндылықтар анықтайтын болады. Қоғамның осы өзгерістерге бейімделу дайындығы және технологиялық прогресс пен дәстүрлі құндылықтардың тепе-теңдігін табу – алдағы онжылдықтардың басты сынағы. Бұл болашақтың қандай болатыны – біздің бүгінгі қабылдайтын шешімдерімізге байланысты.

 

Маман пікірі

"Қайназар 1" орта мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Тілеубердиева Қарлығаш:

Еліміздің болашағы – білімді ұрпақтың қолында дейтін болсақ, технология заманының баласын қалай тәрбиелеп, білім беру керек, бұлардың тілін қалай тапсақ болады деген сұрақ ұстаздар қауымы үшін күн тәртібінен түскен емес. Қазір біздің алдымызда отырған оқушылар заманына сай, цифрлық дәуірдің өкілі болғандықтан, ақпаратты қабылдауы, жауап беруі өте жылдам, зерек, ойлары ұшқыр. Бұлардың алдындағы буын шынайы өмір сүрді, ал қазіргілер шынайы өмір мен виртуалды кеңістіктің арасында өмір сүреді. Сол себептен мен өзім сабақ беретін орыс тілі мен әдебиеті сабағында баланы қызықтыру үшін бүгінгі күннің жаңа технологиясын тарихи мәліметтермен, классикалық шығармалармен, шынайы өмірмен байланыстыра отырып сабақ өтемін. Бүгінгі шәкірттеріміз, альфа буын балалары болашақ мамандығы ретінде көбіне жаратылыстану бағытын таңдайды, гуманитарлық саланы қалайтындар аз. Себебі, гуманитарлық бағыттағы мамандықтың көбіне тіл керек, ал цифрлы заманның баласы ұзақ сөйлеп, тіл шешендігін қолданудан гөрі техникаға сүйеніп жұмысты оңтайландырғанды тиімді санайды. Оқушыларыммен мамандық таңдау туралы пікірлескенімде байқағаным, көбі ақпараттық технологияны (IT) жақсы көреді, программист және банк саласының қызметін таңдайтынын айтады. Мұның бәрі осы виртуалды өмірдің шындығы, технология заманының нәтижесі.

 

Тұран университеті "Психология" Жоғары мектебінің сениор-лекторы, психолог Гүлнұр Ысқақ:
                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                              Альфа ұрпақтары әлеуметтік желілердің және электрондық қызметтердің цифрлық ортасының байырғы тұрғындарына айналды. Бір жағынан, бұл шексіз мүмкіндіктер ашады, ал екінші жағынан, алдыңғы ұрпақтар кездеспеген мәселелердің көзі болуы мүмкін. 
Қазіргі кездегі технологиялардың жетілуі адам баласының дамуына әрине үлкен көмегін тигізеді сонымен қатар оның да кері әсері туралы айта кетуіміз керек. Балалардың дамуындағы психикалық тежелулер мен  түрлі ауытқулардың дамуына алып келіп жатыр. Альфа ұрпақтары заманауи технологиялар майталмандары болса, биылдан бастап осы ұрпақтардың жалғасы Беталар өмірге келіп жатыр. 
Альфа ұрпақтары  (2010 жылдардан бастап дүниеге келгендер) технологиямен тығыз байланыста туылған. Цифрлық ортада өседі, яғни интернет, смартфондар, әлеуметтік желілер және басқа да цифрлық құралдар олардың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігі. Жаңа технологиялар мен инновациялармен қатар өсіп келеді, сондықтан оларды көбінесе «цифрлық тумалар» деп атайды. Әлеуметтік желілер мен цифрлық құралдар арқылы ақпаратты жылдам әрі көп қабылдайды.
Бета ұрпағы (2025 тен 2040-қа дейінгі аралықта туылғандар). Демограф Марк Маккриндлдің айтуынша, 2025 жылдан кейін туылған балалар автоматтандыру мен жасанды интеллект күнделікті өмірге толық енетін дәуірде өмір сүреді. Олар жүргізушісіз көлікті пайдаланатын бірінші буын болуы мүмкін. 
Альфа мен Бета ұрпақтарының ұқсастықтары да бар, әсіресе олар цифрлық технологияларға бейім және қоғамдағы үлкен өзгерістерді бірге көрген ұрпақтар. 
Екі ұрпақ та технологияның даму кезеңінде өмір сүріп, цифрлық құралдарды, интернетті және мобильді құрылғыларды пайдалану мүмкіндігін ерте меңгерген. Альфа ұрпағы толықтай цифрлық ортада өссе, Бета ұрпағы да бұл жаңалықтарды тез меңгереді және бұлар жасанды интеллекттің шарықтау заманында өмір сүреді. 
Альфа мен Бета ұрпақтарының көпшілігі әлеуметтік желілерді белсенді қолданады. Осылайша, олар ақпарат алу, қарым-қатынас жасау және өз ойын білдіру жолында интернеттің ықпалына түскен.
Екі ұрпақ та ақпаратты жылдам қабылдауға бейім. Бұл олардың технологиялық құралдарды ерте меңгеріп, интернетті ақпарат көзі ретінде кеңінен қолдануынан туындайды. Олар жаңалықтарды бірден интернеттен, әлеуметтік желілерден немесе мобильді қосымшалардан алу мүмкіндігіне ие.
Енді осы Альфа Бета ұрпақтарын тәрбиелеуде нені есте ұстауымыз қажет?! 
Қазіргі кезде балалар, тек бала емес, барлық адамзат десем де қателеспейтін шығармын, түрлі цифрлық құрылғыларға тәуелдіміз. Онсыз жұмысымыз бітпейді. 
Бұрын сабаққа дайындалғанда тек қана қолдағы бар кітаптарға, мәліметтерге сүйенсек, қазір тіптен кітаптан мәлімет іздеп қажет емес, барлық ақпарат қол астыңда дайын тұр. Мұның пайдасына қарағанда зиян көп. Дайын ақпарат баладағы танымдық процестердің дамуын тежейді. Ерік-жігер мүлде жұмсалмайды. Егер де ақпаратты бала алдында үйіліп жатқан кітап немесе журналдардан іздейтін болса онда балада түйсік, қабылдау, зейін, ойлау, сөйлеу, зейін сияқты барлық процестердің ерікті түрлері іске қосылар еді. 
Бұл ұрпақтарға жан жақтан келетін ақпараттарды сараптап қабылдауды үйрету өте маңызды. Интернеттің зиянды әсерлерінен, әсіресе жалған ақпараттар мен әлеуметтік желілерде пайда болатын қысымнан қорғану қажет.
Әсіресе түрлі ойындар балалардың психикалық күйіне де кері әсерлерін тигізуде. Қазіргі уақытта эмоционалды интеллектке көп мән берген дұрыс деп ойлаймын. Эмоционалды  интеллект дегеніміз – адам өзінің эмоциясын басқара алуы, басқаның эмоцияларын түсіне алу қабілеті.  Гаджеттердегі ойындар баланың тым ашушаң, агрессияға бейім болып өсуіне де алып келіп жатыр.
Қазіргі кездегі цифлық аутизм де осы заманның негізгі дерті болып отыр. Адам психикасының барлығы бас миындағы қыртыстардағы жүйке жүйесінің дамып жетілуіне байланысты. Біздің бас миымыздың әрбір бөлігінің атқаратын қызметі бар. Сол ми қыртыстарының толыққанды жұмыс жасауы біздің психикалық бейнелеуіміздің жүзеге асуын қамтамасыз етеді. 
Ал бас ми дамуы үшін үнемі оны қозғап отыру қажет, яғни сырттан стимул болуы қажет. Стимулға сәйкес реакция туындайды. Демек, біз болашақ балаларды тәрбиелеуде баланың барлық танымдық процестері қозғалатындай талап ете отырып дамытуға әрекет етуіміз керек. Осы мәселенің барлығы біздегі психикалық процестерге күш түспеуден деп білемін. Үнемі ізденіс болған жерде адамда барлық танымдық процестер іске қосылады. Демек болашақ балаларды тәрбиелеуде олардың ерік-жігеріне күш түсетіндей тапсырмалар берген жөн. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
4
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

16:36

16:20

16:10

15:44

15:41

15:30

15:16

15:02

14:16

14:11

13:01

12:56

12:35

12:29

12:10

11:44

11:32

11:30

11:25

11:07

11:04

11:01

10:51

10:47

10:17