Мемлекет басшысы 2 қыркүйектегі Жолдауында АЭС салу мәселесі бойынша жалпыұлттық референдум күнін белгіледі. Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, алдағы референдум ауқымды жалпыұлттық диалогтың айқын көрінісі болмақ. Бұл маңызды саяси іс-қимыл арқылы азаматтар ел болашағына қатысты маңызды мәселеде өз пікірін білдіріп, таңдау жасайды. Бұл мемлекет пен қоғамның, билік пен халық арасындағы диалогтың нақты көрінісі болмақ. Сонымен қатар, Президент жолға қойған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасының іс жүзіндегі көрінісі де референдумда айқын байқалады.
АЙМАҚҚА ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТЕДІ?
Қазақстанда АЭС салу немесе салмау мәселесі қоғамда бір жылдан бері талқыланып келе жатқан тақырып. Шын мәнінде, АЭС салу және оның құрылысы мен қызметі толып жатқан күрделі ғылыми жұмыстардан тұратындықтан, бұл мәселе бойынша нақты мамандардың пікірі көпшілікке маңыздырақ. Былтырдан бері энергетика және ядролық физика саласының білікті мамандары қоғамдық талқылауларға қатысып, аталған тақырып бойынша ғылыми түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Осы саладағы мамандарымыз АЭС салудың энергетикалық және экономикалық маңызы туралы көптеген ғылыми мәліметтерді қоғаммен бөлісті. Қазіргі таңда ел азаматтарының АЭС бойынша түсінігі қалыптасты деп айтуға болады.
Халық шешіміне ешкім алдын ала кесім айтпайды. Дегенмен, еліміздің болашақ энергетикалық тәуелсіздігі мен экономикалық даму кепілі тұрғысынан, сондай-ақ аймақтағы өсіп келе жатқан энергия сұранысын қанағаттандыру мәселесіне әсер ететін осы бір маңызды қадамның халықтың талқылауына ұсынылуы ерекше мәнге ие. Бұл, ең алдымен, саяси тұрғыдан үлкен маңызға ие. Референдумның мәнін екі негізгі аспектіден қарастыруға болады. Біріншіден, бұл еліміздің ішкі саяси-әлеуметтік өміріне үлкен әсер етеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз өкілеттілігі кезеңінде мемлекет басқару жүйесін реформалаудың байыпты әрі табанды процесін алға жылжытып келеді. Ауқымды саяси-экономикалық реформаларды жүзеге асырып жатқан елімізде жалпыұлттық референдум билік пен халық арасындағы түсіністікті арттырып, азаматтардың саяси қатысуын күшейтеді. Сол арқылы инклюзивті институттардың қалыптасуына қолайлы жағдай жасайды.
Екіншіден, АЭС мәселесі бойынша өткізілетін референдумның өзіндік геосаяси маңызы бар. Мысалы, Орта Азия және көршілес елдерге Қазақстандағы маңызды саяси шешімдерде ел азаматтарының пікірі, халық таңдауы маңызды рөл атқаратынын көрсетеді. Егер референдум нәтижесінде АЭС салынар болса, Қазақстан аймақтағы алғашқы атом электр станциясын қолданушы ел ретінде геосаяси маңызын арттырады.
Атом энергиясынан электр қуатын алуды біз енді талқылап жатқанымызбен, әлем үшін бұл тақырып талқылауды қажет етпейтіндей деңгейге жетті. Әсіресе, дамыған және қуатты экономикасы бар елдер өзінің экономикалық дамуын АЭС-тен алынатын қуатпен байланыстырады. Өткен ғасырдың екінші жартысынан бастап, әлемде 100 жаңа реактор іске қосылса, ескірген 107 реактордың жұмысы тоқтатылып, жаңаларымен ауыстырылған. Қазіргі таңда әлемде 60-қа жуық атом электр станциясы салынып жатыр, ал тағы 110 АЭС құрылысы жоспарланып қойылған.
Неге әлем елдерінде атом энергиясына деген сұраныс артып келеді? Бұның жауабы болашақтың көрінісінде. Әсіресе, адамзат климаттың өзгеруі сияқты табиғи қиындықтарға тап болғаннан бері, зиянды шығарындылары аз, қайта қолдануға болатын энергия көздеріне қажеттілік тіптен өсті. Егер әлем елдері қазба отындарынан алынатын электр қуатын пайдалануды жалғастыра берсе, енді бір ғасырға жетпейтін уақытта Жердің 70%-ы жарамсыз болуы мүмкін. Сондықтан қазіргі уақытта дамудың көрсеткіші экономикалық өсіммен ғана өлшенбейді, жасыл экономикасы мен энергиясы дамыған елдер жетекші болып саналады.
Қоршаған ортаға зиянды газдар шығармайтын және тұрақты энергия көзін қамтамасыз ететін АЭС-ке дамыған елдер көбірек инвестиция салуда. Дүниежүзілік ядролық ассоциацияның мәліметтеріне сай, әлемнің 33 елінде ядролық реакторлар жұмыс істеп тұр. 2022 жылғы статистикаға сәйкес, әлемде өндірілген электр энергиясының 9%-ын осы АЭС-тер қамтамасыз етеді, бұл шамамен 2602 ТВт/сағ энергияны құрайды. Біздің еліміз сияқты АЭС тақырыбын талқылап немесе салуды жоспарлап жатқан елдердің саны 30-дан асады.
ХАЛЫҚТЫҢ ДҰРЫС ТАҢДАУ ЖАСАУЫ МАҢЫЗДЫ
6 қазанда өтетін референдумның маңызы зор және оның ел болашағына әсері мол. Референдумда халықтың дұрыс таңдау жасауы маңызды. Қоғамдық талқылаулардан көргеніміздей, АЭС-ті қолдаушылар да, оған қарсылар да бар. Бұл қоғамның заңды құбылысы және әркімнің өз саяси таңдауын жасауға құқығы бар. Дегенмен, АЭС-ті ядролық жарылыстың көзі, экологияны бүлдіруші және суды ластаушы ретінде көрсетушілер де бар. Бір жылдан бері мамандар бұл сұрақтарға ғылыми дәлелдер келтіріп, түсінік беріп келеді. Осы ретте біз Алматыдағы Ядролық физика институтының маманынан бұл мәселе бойынша пікір сұрадық. «Тақырыпқа орай» айдарынан маман пікірін таба аласыздар.
Тереңірек қарастырсақ, алдағы референдум тек АЭС салу немесе салмау мәселесін ғана шешпейді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының реформаларды алға жылжытудағы маңызды қадамы ретінде де үлкен мәнге ие. Халық пен билік арасындағы диалог елдегі саяси институттарды нығайтуға және болашақта маңызды шешімдерді ортақ мәмілеге келу арқылы шешудің өнімді тәжірибесін ұсынады.