Әдебиеттегі тазалық темірқазығы

Әдебиеттегі тазалық темірқазығы aqshamnews.kz

 Үркер

 

 Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ұлттың рухын ұлықтаған, сөз өнерін өмірінің мәні еткен, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Оразақын Асқардың туғанына биыл 90 жыл.

Осыған орай Ұлттық кітапханада өткен «Мен бақытты ақынмын» атты еске алу кешінде сөз зергерінің қазақ әдебиетіне қосқан үлесі, шығармаларының құндылығы, сондай-ақ, адами болмысы, ақындық, азаматтық ұстанымы жайында жан-жақты әңгіме қозғалды.

Бала күнінен-ақ көшпелі қазақ тіршілігін көріп, дала тынысын бойына сіңірген Оразақын Асқар – елдің ән-жырын, қара өлеңін, батырлар жырын беріле тыңдап, жадында түйіп өскен ұрпақ өкілі. Бұл туралы өзі бір естелігінде: «Мен Шыңжаң өлкесінде тудым. Ол жақтағы қазақтар, негізінен, мал шаруашылығымен айналысатын. Қыста – қыстауға, жазда – жайлауға көшіп, көшпелі өмір сүретінбіз. Қыстың ұзақ кештерінде ауыл адамдары бір-бірінің үйіне барып, соғыс оты тұтанып тұрған кезеңнің өзінде де той-томалақ жасайтын. Ол кезде тойдың өзі жырмен, өлеңмен өетін. Батырлар жырын жатқа білетіндер ұзақ әңгіме айтып, елді елітетін. Біз бала күнімізде соларды тыңдап, соның бәрін көріп, естіп, бойға сіңіріп өстік» дегені бар.

Ақынның әкесі қазақтың қара өлеңін айтатын, домбыра шертіп, батырлар жырын жатқа білетін адам болған. Ауылдағы той-томалаққа арнайы шақырылатын әкесімен бірге баратын бала Оразақынды сол кештерде айтылған жыр-терме, дастандар ерекше баурайтын. Содан да «Ұстазың кім?» десеңіз, менің алғашқы ұстазым – сол қара өлең» дейді ақын. Құлақпен тыңдап, жүрекпен түйсінген сол жыр жауһары жүрегінде өшпес із қалдырады. Сөйтіп, қаламгер ғасырлар қойнауында қалып қойған халық мұрасын тірілтіп, екі томға жинақтап, ұлт игілігіне айналдырды. Сол жинақ жарық көргенде академик Рахманқұл Бердібаев мақала жазып: «Қазақтың бар өлеңі – бір төбе, қара өлең – бір төбе», – деп жоғары баға берген. «Қара өлең поэзияның нағыз атасы дер едім. Мысалы, мынадай шумақ бар:

Айта біл өлеңіңді өрнекпенен, 

Жақсыны бір ғанибет көрмек деген.  

Бітер бақ, қонар дәулет жігіттерге – 

Ақ, адал, елге еткен еңбекпенен». – Мұндағы «Айта біл өлеңіңді өрнекпен» деген – өлең көркем болсын деген сөз. Өрнек деген – өнер», – дейді ақын өзінің естелігінде. 

Еске алу кешінде жазушы Жүсіпбек Қорғасбек «Қара өлеңді Оразақын Асқардай терең зерттеп, жинап, насихаттаған адам некен-саяқ. Әдебиет институты «Бабалар сөзі» атты 100 томдық жинақ шығарды десек, бұл кісі соған пара-пар жұмысты жалғыз өзі үлкен жауапкершілікпен, адалдықпен атқарып, халқына аса құнды әдеби мұра қалдырып кетті» деген пікір білдірді. Айтса-айтқандай, бұл әдебиетке ғана емес, тұтас руханиятқа қосылған үлкен үлес екені анық.

Көзкөрген зиялылар Оразақын Асқардың рухани әлемі биік, жан дүниесі тұнық ақын екенін сөз етті. Жүсіпбек Қорғасбек: «Ол балаларға да, үлкендерге де арнап жазды. «Күміс қоңырау» сынды кітаптары арқылы бала жүрегіне нәзіктік пен мейірім дарытты. Сонымен бірге елдік, ұлттық, тарихи тақырыптарды қозғап, ұлт мүддесін ұлықтаған шығармалар қалдырды. Балаларға арналған жырлардан бастап, үлкендерге дейін, тіпті бата тақырыбына дейін жазды, барлық тақырыпты қамтыды» дей келе, «Ақын ретіндегі ерекшелігі – адамға деген махаббат, рухани тазалық, ізгілікті көзқарас. Ол шығармашылығында да, өмірде де биік адамгершілік ұстанымын сақтады», – деді. 

Марапатқа лайық бола тұра, атақ-даңққа ешқашан ұмтылмаған ақынның өлеңдері де қарапайымдылығымен, жастардың санасына әсер ететін, ұлттық болмысқа терең бойлататын қасиетімен дара. Осы жайтқа тоқталған жазушы Ділдар Мамырбаева: «Бүгінде біз «экология» дегенде табиғаттың тазалығын айтамыз. Мен бұл кісіні поэзия экологиясын сақтаған ақын деп айтар едім. Өйткені қазір кейбір ақындар жастарды тарту үшін шығармаларында төсек айналасындағы әдепсіз тақырыптарды қозғайды. Ал Оразақын Асқар поэзиядағы әдептің, мәдениеттің үлгісін көрсетті. Тұманбай Молдағалиев кезінде: «Оразақын Асқар – қарапайымдылығымен-ақ поэзияға жаңалық әкелген ақын», – деп жазып кеткен. Өмір – отбасынан басталады, сол сияқты, шығармашылыққа деген құрмет те отбасынан басталуға тиіс. Оразақын ағаның өмірлік жарына, балаларына деген махаббатын, сүйіспеншілігін өлеңмен өрнектегенінің өзі сондай әсерлі, шынайы», – деп ақынды поэзиядағы рухани тазалықтың символы ретінде сипаттады.  

Бірегей ақынның тағы бір ерекше қырына тоқталған Жүсіпбек Қорғасбек: «Оразақын Асқар Абайдан бастап Маралтайға дейінгі жүздеген ақынның өлеңдерін жатқа айтатын. Бірде:  «Сіз қалай соншама өлеңді жаттап алдыңыз?» – деп сұрадым.  Сонда: «40 жасқа дейін оқығаным бір оқығанда-ақ есімде қалатын. Кейін оқығандарды екі-үш мәрте қайталап оқып барып жаттап алатын болдым. Жасым ұлғайған кезде есте сақтау қабілетім біршама азайды,» – деген еді. Өзім жүргізіп жүрген «Үркер» хабарына Оразақын ағаның қатысуымен неше мәрте түсірілім жасалды. Өйткені бұл кісі – тірі энциклопедия. Әдебиетке келгенде ештеңені шатастырмайтын, ешкімнің аты-жөнін ұмытпайтын кісі еді. Қаншама ақынның өлеңін жатқа білетін адамды өз басым осы уақытқа дейін көрген емеспін», – деген таңданыс білдірді.

Ақын Әділғазы Қайырбеков Оразақын Асқардың майталман жазушы Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдаты» романына жазған арнау өлеңіне тоқталды. «Романдағы кейіпкер Қайроштың тағдыры – бүкіл қазақ халқының тағдыры. Бастапқыда қашып жүрген бала, соңында батырға айналады. Қазақ кімнен қашпады?! Бірақ қашып жүріп жеңді. Қашып жүріп ту тікті. Оразақын Асқар бұл шындықты «Қазақ батыры» атты шағын ғана, бірақ салмақты өлеңінде шебер жеткізді.  Өлеңде жасырылған астарлы ой – отарлықтан азаттыққа жету жолындағы күресті айғақтап тұр», – дейді ол.

Еске алу кешінде Оразақын Асқардың қай тақырыпты болсын зерделеп, терең толғаныспен, өзіндік мәнермен жазғаны айтылды. Өз тағдырын ғана емес, ел тағдырын, ұлттың өткені мен болашағын өлеңмен өрнектеген тұлға екені сөз болды.

Сайып келгенде, Оразақын Асқар – ұлттық құндылықтың шежіресі, оның бейнесі – әдебиетке адалдықтың символы. Сондықтан ақын есімі, еңбегі ескерусіз қалмауға тиіс. Кеше Ұлттық кітапханадан бастау алған тағылымды шара бүкіл ел аумағында жалғасын тапса нұр үстіне нұр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:52

17:43

17:28

17:25

17:16

17:11

16:56

16:54

16:50

16:42

16:33

16:22

15:54

15:44

15:41

15:37

15:35

15:26

15:21

15:18

15:15

15:10

15:07

15:04

14:29