Елде 8 облыс көктемгі су тасқыны қаупі жоғары аймақта тұр. «Қазгидромет» мамандарының болжамы осындай, деп хабарлайды aqshamnews.kz 24kz-ке сілтеме жасап.
Тасқын кезеңіне дайындықтың жай-жапсары бүгін Сенатта өткен Үкімет сағатында пысықталды. Министрдің айтуынша, мамандар мен мүдделі мемлекеттік органдар күн сайын қар деңгейін, өзендердің жай-күйі мен ауа райы туралы деректерді талдауда. Бұл қауіпті учаскелерді ерте анықтап, халықты уақтылы хабардар етуге мүмкіндік береді.
Сергеев су қоймасы қазірдің өзінде толып тұр. Артық су бөгеттің үстімен Есілге тоқтаусыз құйылуда.
Мамандар: «Бөгеннің босамауына көктемгі тасқын, жаз бойы жауған жаңбыр мен жерасты суларының көтерілуі себеп», - дейді. Су қоймасы 1969 жылы салынған. Сенаторлар жауапты орган өкілдерінен осы нысанға қатысты жағдайды сұрады.
Әсем Рахметова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: - Әдетте қыс айларында ол жерде ернеуінен су аспайтын. Ал биыл 5 қаңтардан бастап су арнасынан асып тұр. Алдағы уақытта бұл жұмысты жалғастыра беретін болсаңыздар Сергеев су қоймасындағы жағдай қалай болады?
Болат Бекнияз, ҚР Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі: - Сергеев плотинасының өте үлкен мөлшерде суды өткізетін мүмкіншілігі бар. Былтырғы тасқында өздеріңіз көрдіңіздер, 1 метрден астам су плотинаның үстінен жүрсе де, су қойма соған шыдап, өткізді. Қазіргі таңда ол су қойманың реконструкциясын жасап жатырмыз. Біздің болжам бойынша Сергеев су қоймасында ешқандай қауіп жоқ қазіргі таңда.
Жуырда Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан аумағында жиналған қардың қалыңдығы жайында мәліметтер алынады. Синоптиктер былтырдан бері тасқын қаупін болжау әдістемелерін жақсартқан. Қысқа және ұзақ мерзімдерге талдау жасалуда. Биыл гидрологиялық мониторингпен қамтылған аймақтардың интерактивті картасы жаңартылды. Бұл түскен мәліметтерді дереу өңдеуге мүмкіндік береді.
Данара Әлімбаева, «Қазгидромет» РМК бас директоры: - Көктемгі су тасқыны кезеңіне арналған алдын ала болжамды кеше ғана барлық мемлекеттік органдарға жолдадық. Олар тиісті шешім қабылдайды. Тасқын қаупі жоғары аймақтарға Абай, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Ұлытау, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола және Батыс Қазақстан облыстары жатады.
Сонымен қатар орта деңгейдегі қауіпті аймақтарға Жетісу, Жамбыл, Түркістан, Атырау облыстары кіреді.
Шыңғыс Әрінов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі: - Алдағы су тасқыны кезеңіне жедел дайындық мақсатында азаматтық қорғау қызметтерінен және жеке құрамның жалпы саны 37 мыңнан астам адам, 13 мыңнан астам техника, 4096 су айдау және 640 жүзу құралы бар күштер топтамасы құрылды. Министрліктің аумақтық бөлімшелерінен қосымша резервтік топтары дайындалды. Жалпы министрліктің құтқарушылары кез келген төтенше жағдайлар мен оқиғаларға ден қоюға дайын.
Іргеге жеткен апатпен ерлікпен күрескеннен гөрі оны болдырмаған тиімді. Сенатор Жақып Асанов егер жыл сайын тасқынның себебімен емес, тек салдарымен күресе берсек, қазына қаржысы ортаятынын еске салды.
Жақып Асанов, ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары: - Әр көктемді уайыммен күту біздің әдетімізге айналды. Былтыр естен кетпейтін апатты бастан кештік. Бүгіннің өзінде көктем келмей жатып Ресейдің кей өңірінде су тасқыны басталуда. «Бір ғасырдан бері болмаған жағдай», - деп жатыр синоптиктер. Шекаралас Орынбор, Орск, Омскіде су арнасынан шығып, маңайын басуда. Демек, ол топан су көп ұзамай бізге де келеді.
Биыл да арқаны кеңге салуға болмайды. Алда бірқатар маңызды міндет тұр. Су қоймаларын жаңғырту, суару каналдарын ретке келтіру, ғарыштық мониторингтің көмегімен қауіп басым жерлердің картасын түзу, тұрғындарға іс-қимыл алгоритмін үйрету. Мүлікті сақтандыру тетіктерін әзірлеу қажет. Айтпақшы, соңғысы әзір тек жұмыс тобы аясында пысықталып жатыр.