424 күн қатарынан үзіліссіз тауға шыққан Айжанмен сұхбат

  • 10:42, 23 мамыр 2025
424 күн қатарынан үзіліссіз тауға шыққан Айжанмен сұхбат сурет: Ернар Алмабек

424 күн үзіліссіз серуен... Бір қарасаң — жай ғана сандар. Күнде естіп жүрген, үйреншікті статистика секілді көрінуі мүмкін. Бірақ шын мәнінде, 424 күн бойы тоқтаусыз тауға шығу — жай ғана әдет емес, бұл темірдей тәртіпті, мықты ерік-жігерді, рухани төзімділікті талап ететін нағыз ерлік. Алматылық азамат - Айжан Аралжан осыны дәлелдеді. Ол күн сайын "өзімен күресіп", биікке қарай адымдауды үлкен үрдіске айналдырған. Аqshamnews.kz тілшісі ерекше әдет қалыптастырған алматылықпен тілдесіп, әңгімесін тыңдады. 

сурет: Ернар Алмабек

Айжан Аралжан - Шыңжаң провинциясы, Күнгес ауданының тумасы. Астана қаласындағы "Шабыт" өнер университетінің түлегі. Негізгі мамандығы - әнші. "Тауға деген махаббат - қанымда бар" деген ол, өнерін қаржыландырамын деп кәсіп қуып, Алматыға көшіп келеді. Айжан 2024 жылдың 15 наурызында күнде тауға шығу туралы шешім қабылдаған. Сол күннен бері тоқтамай тауға шығып жүр. Бүгін оның тоқтаусыз серуенінің 424-күні. 

"Тауға деген құштарлық менің қанымда бар"

Айжан Аралжан тауға шығу әдеті қалай қалыптасқаны жайлы әңгімелеп берді. Оның сөзінше тауға деген махаббат бала кезден қалыптасқан. 

«Тауға деген құштарлық қанда бар дүние. Кішкентайымнан-ақ табиғатпен етене араластым. Таудың таза ауасы, кеңдігі – менің тынысымдай болатын. Астанада оқып жүрген кезімде тауды қатты сағынатынмын. Сағыныш жинала келе, бір күні жолым Алматыға түсті. Бұл қалаға көшіп келіп, үйлендім. Бірақ анда-санда тауға шығу мен үшін жеткіліксіз болды. 2024 жылдың наурызында өзіме уәде бердім – күнде тауға шығамын деп. Содан бері, бір күн де қалдырмай, сол уәдемнің үдесінен шығып келемін. Солайша 424 күнді еңсеріп тастаппыз» дейді ол. 

сурет: Ернар Алмабек

Айжанның бір таңы қалай атады?

Ояна сала тауды аңсап оянатын Айжанның бір таңы ерте басталады. Жай ғана ерте емес, таңғы 3-те оянған ол ерте ұйқыға жату мен ерте оянудың маңызы жайлы айтты. 

«Таңғы 3-те оянып, тауға қарай жол тартамын. Ерте тұру үшін міндетті түрде ерте жату керек. Кешкі 8:30-да ұйқыға кетемін. 3-те оятқышсыз-ақ өзім оянам. Жуынып, Медеуге бет аламын. 4:30-да жетіп, 832 баспалдақпен көтеріліп, 5-ке таман таудың төбесіне жетемін. Жаттығу жасап, өзеннің мұздай суына түсемін. Бұл – мен үшін ең сергек, ең қуатты, ең тыныш уақыт» дейді Айжан мырза.

сурет: Ернар Алмабек

Тау берген тәрбие мен "Өзіңмен күрестің" құрылуы

Бір жылдан аса уақыт бір әдетті үзбеу - нағыз ерлік. Бірінші кезекте өзіңді жеңгеніңді дәлелдейтін іс. Айжан Аралжан осы кезеңге жетуде қандай қиындықтарды бастан кешті?

«Басында өте қиын болды. Жаңбыр, қар, дауыл – бәрін өткердім. Таңертең қатты ауырып, тұра алмайтындай күйде болған кездерім де болды. Бірақ тоқтамадым. Тау мені тұрақтылыққа, мықтылыққа тәрбиеледі. 104 күн бойы ешкімсіз, жалғыз шығып жүрдім. 105-күні тауда көріскен таныстар қатарыма қосылып, бірге шыға бастадық. Кейін осы әдетті қолдайтындар көбейіп, 40-қа жуық адам жиналдық. Біз «Өзіңмен күрес» деген атпен күнде тауға шығатын топ құрдық» дейді Айжан Аралжан. 

"Үлкен мақсат үшін мінез керек"

Айжан мырзаның айтуынша, адам мінезді тек қалыптастырып қоймай, бойына сіңіру үшін үш кезеңнен өтуі керек.

«Мен жай адам болмауым керек, жеңілмеуім керек, өзіммен күресуім керек" деген сөздер менің өмірлік ұстанымыма айналды. Уақыт өте мақсатым – мінезге, ал мінезім – тәртіпке айналды. Адамда ұлы мақсат болса, таңертең оны оятатын – оятқыш емес, сол мақсаттың өзі. Бір әдетті қалыптастыру үшін үш кезеңнен өту керек: 21 күн – бастау, 44 күн – сенім, 66 күн – өмір салты. Осыны өткесін бәрі жеңілдейді» дейді ол. 

Ұлы мақсатқа айналған үрдіс

Айжан Аралжан күнде суық суға түсудің пайдасын бөлісті. Ол бұл әдеттің жұмыс өнімділігін арттыуруға үлкен үлесі бар екенін айтты. 

«Суық су – мен үшін қуат көзі. Иммунитетті күшейтеді, қан айналымын жақсартады, стрессті басады. Қыста да, жазда да осы әдетімді тоқтатпай келемін. Судан шыққан кейін адам 100 пайыз энергияға толады. Адам мұндай энергияны сезіне тұрып қалай жалығады? Күнде жалықпайсың ба дейтіндерге осыны жеткізгім келеді" дейді ол. 

Айжан мырза, әуелде өзі үшін, өзінің ерік-жігерімен күрес үшін басталған әдеті бүгінде көпке үлгі болатын іске айналуы жайлы әңгімелеп берді. Оның сөзінше, тауға деген махаббаттан басталған үрдісті қазір көп жастар қайталап жүр. Бұл - оның ең басты қалауы еді. 

"Бастапқыда бұл өзіммен күресу болса, 100 күннен кейін бұл әдетті жастар да үйренсе екен деген арманға айналды. Блог жүргізіп бастадым. Ішкі комплексімді жеңіп, басқаларға мотивация беруге тырыстым. Тау мені өзгертті. Психологиялық күйім жақсарды. Енді тілегім – қазақ жастары осы пайдалы дағдыны үйренсе екен. Сонда әрқайсымыз энергияға толып, еліміз де алға басады" дейді Айжан мырза. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

16:55

16:30

16:28

16:25

16:24

15:49

15:38

15:33

15:30

15:26

15:25

14:14

14:12

12:50

12:26

11:54

11:41

11:40

11:24

10:51

10:42

10:38

10:29

10:18

10:10