Түркістанда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа ескерткіш ашылды. Салтанатты рәсімге қатысқан зиялы қауым өкілдері Елбасы ескерткішінің Түркістанда орнатылуының символдық мәні үлкен және «Ұлы дала ұлы» монументі – ел ықыласынан туындаған дүние екенін айтты.
Ескерткіш Елбасының егіс алқабында түскен фотосуретіне қарап жасалған екен. Автор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Суретшілер одағының мүшесі Тілеуберді Бинаш Елбасының Қаратау жазығында шексіз далаға байыппен қараған сәтін суреттеген. Биіктігі 4 метр, тұтастай қоладан құйылған еңселі ескерткіш жаңа әкімшілік-іскерлік орталығында орнатылған.
Демеушінің қаржысына орнатылған еңселі ескерткіштің салтанатты ашылуында Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов өзінің Кентауда өскенін, ол кездегі Түркістан мен қазіргі шаһардың айырмашылығы көп екенін айтты. «Бүкіл мұсылман қауымы үшін екінші Мекке саналатын тарихи қала енді туристік бағытта дамиды. Жаңадан ашылған нысандар – соның бастамасы. Сонымен қатар бұл қасиетті мекенде қаншама ұлыларымыздың, хандар мен билеріміздің сүйегі жатыр. Түркістан ескерткіштер қаласы болуы керек. Әбу-Насыр әл-Фарабиден бастап, барлық тұлғаларымыз бірін-бірі толықтырып, жалғастырып тұруы тиіс. Әрқайсысын таныстырғанда, халықтың тарихы жалғасып жатуы керек. Терең ойлау қажет. Елбасының барлық жерге қатысы бар. Тарих солай, Қазақ елі бай, жері кең», - деді Асанәлі Әшімов.
«Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев көне шаһарға жаңа леп әкелген, түркі интеграциясының іске асырылу идеясына мұрындық болған, Түркістанға тарихи мәртебесін қайтарған Елбасының ерен еңбегін жоғары бағалады. «Бұл – тәуелсіз елдің шекарасын шегендеп, Қазақ елінде тыныштық пен берекені негіз еткен Елбасыға алғыс ретінде және түркі елдерінің басын қосуға мүдделі болған түркі әлемінің дана ақсақалына деген ерекше құрмет», - деді қоғам қайраткері.
Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының президенті, академик, профессор Мұрат Жұрынов Елбасының ескерткіші осы қалада болуы жөн деп санайды.
Түркістан қаласында Елбасына ескерткіш орнату туралы бастаманы мамыр айында өткен «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы: интеграциялық және ынтымақтастық перспективалары» тақырыбындағы халықаралық конференцияда сөз сөйлеген ТҮРКСОЙ ұйымы Бас хатшысының орынбасары доцент, доктор Билаль Чакыджы да көтерген болатын. Конференцияға қатысушылар Елбасының күллі түркі әлемі үшін жасаған елеулі еңбегіне ризашылықтарын білдіре отырып, шетелдік ғалымның ұсынысын бір ауыздан қолдаған-ды. Ескерткіштің ашылуына арнайы келіп қатысқан Билаль Чакыджы түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістанның дамуына, Қазақстанның дамуына елеулі үлес қосқан Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың орны ерекше екенін атап өтті.
«Мен өз басым халықтың көтерген бастамасын құптаймын. «Халық айтса, қалып айтпайды». Әртүрлі пікірлер болуы мүмкін және сол пікірлерді әдейі жасауы да мүмкін. Жалпы, Елбасының өзі жасаған жұмыстарының қай саласын алсақ та, мәселен, Астананың құрылысы және Түркістанның гүлденуі, сондай-ақ Қазақстанның дамуы – бәрі де Елбасымыздың еңбегінің арқасы деп ойлаймын. Тәуелсіздік алған жылдарға дейін қазақ даласында мұндай қарқынды құрылыстар жүргізілмеген. Қазақстанның қарыштап, дамуы Елбасының арқасы деп білемін. Сондықтан мен мұны жай ғана ескерткіш деп қарамас едім. Бұл біздің Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде жеткен еңбегіміз, жемісіміз деп қарағанымыз жөн. Оны қадірлеп, қастерлеуіміз керек», - деді Мемлекеттік Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков.
Жазушы, Түркістан облысының құрметті азаматы Мархабат Байғұт та 3 жыл жыл ішінде адам танымастай өзгерген, көркейген, әсем ғимараттар бой көтеріп, аспанға асқақтаған Түркістанға Елбасы ескерткішінің орнатылуы өте орынды деп есептейді.
«Қуана білгенге құт қонады, бағалай білгенге бақ болады. Ескерткіштің өнер туындысы екені білініп тұр. «Ұлы дала ұлы» деген аты да өте жарасымды. Терең мән-мағынасы бар. Туған жерге еркелеп, нымшасының етегін жел тербеп, туған жер алақанына салып, еркелетіп тұрған секілді әдемі емін-еркін өнер туындысы болып шыққан. Келешекте бағаланатын, елді еңселендіретін ескерткіш деп ойлаймын», - деді Мархабат Байғұт.
Мәжіліс депутаты Дархан Мыңбай жай ғана ескерткіш деп қарамай, шын мәнінде, әділеттіліктің, сабақтастықтың және алға өрлеудің алғы шарты деп қарау қажеттігін айтты. Сондай-ақ бұл күні мемлекет қайраткерлері, депутаттар мен зиялы қауым өкілдері көне шаһардың көрнекті жерлерін аралады. «Сапар орталығында» болып, жәдігерлермен танысты. Қазақтың тарихынан сыр шерткен бейнебаянды тамашалап, тарихи мекен туралы тың деректермен танысты.
Айта кетелік, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа ескерткіш қою туралы бастаманы көтерген кәсіпкер Болатбек Әлиевті түркістандық ардагер-ақсақалдар, зиялы қауым өкілдері, мәслихат депутаттары мен кәсіпкерлер, қоғамдық ұйым өкілдері қолдаған. Облыс әкіміне үндеу жазған тұрғындардың өтініш-тілектері орталық мемлекеттік органдар келісімімен жүзеге асып отыр. Бұдан бөлек, Түркістан қаласының әкімдігі тарапынан аталған бастамаға қатысты жергілікті тұрғындар арасында сауалнама жүргізіліпті. Сауалнамаға қатысқан 1000 респонденттің
93%-ы бастаманы қолдайтындарын білдірсе, 4,5%-ы қарсы, 2,5%-ы бейтарап позицияны ұстанған.
Түркістан облысы
egemen.kz. 04 Шілде, 2021