ffin.kz

Ұлттық идеология негізі халқымыздың ән-күйі табиғаттың өзінен алынып отыр

Ұлттық идеология негізі халқымыздың ән-күйі табиғаттың өзінен алынып отыр almaty-akshamy.kz

Біз жаңа, әділ, жарқын болашаққа қадам басып барамыз. Жаһандану үрдісі белең алғанда да қазақы менталитетімізді сақтау парыз. Халқымыздың дүниетанымы, көзқарасы – бәрі тіршілік атаулымен тығыз байланысты. Өнердің өзін өмір деп түсінген. Осыған орай ұлттық өнерімізді дәріптеуші, белгілі күйші Аршын КӘСІМБАЙҰЛЫМЕН әңгімелескен едік.



МҰРАЛАРЫМЫЗДЫ ӨЗІМІЗ ҚАДІРЛЕП, ДАМЫТУЫМЫЗ ҚАЖЕТ


– Қазақ өнері арқылы өз идеология­мызды, дәстүр-салтымызды өскелең ұрпаққа насихаттай аламыз ба?


– Әрине! Біз өнер ұғымын кеңейтіп айтқанымыз жөн. Бұның аясын тарылтып қарамайық. Бұған баршасы кіреді. Жіктеп айтар болсақ, жұртымыздың тұрмыс-сал­ты, сөз өнері – барлығы еніп кетеді.


Қазақ өнерін мемлекет пен халық бо­лып бірлесіп жолға қою қажет. Оны жеке­леген топтар, жалғыз адам жаңғырта қой­мас. Не болмаса бірер мектептің жұмысы емес. Ол үшін зор қажыр-қайрат керек. Бұл тек қана этнограф, фольклортанушы, жазу­шылар айналыссын деген қағида болмауы тиіс. Ел-жұрт болып бірлесіп болашақ үшін осы сарабдал істі атқаратын болсақ, асығымыздың алшысынан түскені деп бі­леміз. Сонда ғана өскелең ұрпаққа наси­хаттай аламыз. Соны жастарымыз бойына сіңіріп, ой-елегінен өткізеді. Одан ары да­мытатын болады. Қолда бар жауһар мұра­ларымызды өзіміз қадірлеп, дамытуымыз қажет.


– Жалпы күйшілік қай кезеңде пайда болған?


– Күйшілік өнер қазақ даласында ықы­лым заманнан бері қазақтың тұрмысымен бірге жасап келеді. Күй аңызы ауыздан- ауызға, күй күмбірі құлақтан-құлаққа өз дәуірінің күйшілік мектебін қалыптасты­рып, ерекше орындаушылық арқылы жетіп отырған. Жер-жаһандағы табиғатпен егіз ұлт қазақ дер едім. Осылай деуге толық негіз бар. Біздің ән-күйіміз табиғаттың өзінен алынып отырған. ХІХ ғасырдан бері ғана қағаз бетіне түсіп хатталып келеді. Этнограф ғалым Ақселеу Сейдімбектің «Күй аңызы» деген еңбегі бар. Сонда ег­жей-тегжейлі зерттеліп жазылған. Күй қа­зақ даласында өзімен бірге біте қайнасып жатыр.




АЛТАЙ–ІЛЕ–ТАРБАҒАТАЙ – ҮЛКЕН МЕКТЕП


– Ұмыт болған күйлерді қайта жан­дандыруға бола ма?


– Бұл – өзекті мәселе. Санадан жоға­лып, бірлі-жарым кісілер ғана білетін күй­лер бар. Арғы беттегі ағайын өздігінше зерттеп жүрді. Бірақ өз уақытында Қазақ еліне жетпеді. Бүгінде заман оңалды. Алыс-беріс, қарым-қатынас түзелді. Ендігі кезекте ойда тұрған идея­ларды жүзеге асыруға тиіспіз. Шыңжаң қазақтарында Алтай–Іле–Тарбағатай үл­кен мектеп болып қалыптасқан. Сол жер­дегі қазағымыздың қоңыр күйлерін атаме­кенге жеткізуге барынша жұмыс жасап жатырмыз. Яғни барлығын жүйелеп, нота­ға хаттап, аудио нұсқасын құрастыру ке­рек. Соны домбырамен орындап, жаңғыр­та берсек дейміз. Осы істерді саралап, қазақтың рухани қазынасына қоссақ деген ниеттеміз. Бұл әрбір азаматтың бойындағы борышы деп ойлаймыз. Сонымен қоса, патриотизмді іс жүзінде жүзеге асырғаны­мыз болар еді.


– Аспапты қалай таңдайсыз?


– Енді бұл жағына аса мән беріп, ғылы­ми жағын қазбаламаймын. Әр маман әр­түрлі айтып, түрлі баға береді. Біреулер қалақ домбыра дұрыс десе, кейбірі белгілі бір ағаштан жасау, шанағына мән беру қа­жеттігін айтады. Мен ондай бір ұста емеспін. 20 домбыра тұрса, маған өзі көрі­неді. Өзіме жақынын сеземін, көзіме бір­ден түседі. Сөйтіп, ұнағанын аламын. Ды­бысын тексермесем де, таңдағаным жақсы болып шығып жатады.


Мәселен, қалақ домбыраны дәстүрлі әнге пайдаланады екен. Шертпе күйге де пайдалануға болады. Қазір ұлттық аспабы­мыздың түрі көп. Бұрын Абай, Жамбыл, кейін Арқа домбырасы деп бөлетін болды. Олар өзара үндестікке жіктеледі. Әнге ке­летіндері болады. Төкпе, шертпе күйдікі басқашалау болып келеді. Ал электронды домбыра күйге жарамайды. Қанша деген­мен электр тогы үнге теріс әсер етеді. Бәрібір дыбыс бояуын ағаш аспабындай бере алмайды ғой. Оны сахнаның түрле­нуіне пайдалануға болатын шығар. Қазақи үнді электронды домбыра шығара алмай­ды.


Күйді тек домбырамен орындайды де­ген жаңсақ пікір. Бабамыз Қорқыт ата Қо­бызбен күй тартқан ғой. Атақты сыбызғы­шы Қайрақбай Шәлекенұлы сыбызғы күйлерін шерткен. Оның немересі Заман­бек домбыраға айналдырған. Бірақ орын­далу реті әр басқа болады. Дегенмен, бар­шасы күй болып саналады.


 


АТЫ ШЫҚҚАН КҮЙЛЕРДІ ҒАНА ЭФИРДЕН БЕРЕ БЕРМЕЙІК...


– Күмбірлеген күй өнерінің құдіретін сезінетін жас ұрпақты қалай қалыптас­тырамыз?


– Жас ұрпақты тәрбиелеу – қажырлы еңбекті қажет етеді. Оны сөзбен айту оңай, іспен дәлелдеу қиын. Десе де, ұрпақ тәр­биесіне тікелей әсер ететін құндылықтар жетерлік. Басқаны былай қойғанда, түпкі негізге баулу шарт. Бұл арада бізге таптыр­мас құрал, ол – ұлттық құндылықтар. Со­ның ішіндегі әсемі – күй. Бір ойды түртіп өтейін. Домбыраны қолға алып ғажап шертеміз. Небір орындаушылардың сау­сақтары жүйткіп тартып отырады. Соның арқасында тек екпіндетіп орындалғандар­ды құдірет деп түйсінетін болып алдық. Көптің көзі соған үйренісіп қалды. Бұл бір жақ қырынан ғана сезінуге жәрдемдеседі. Түпкі мәйегі астарында қайнап жатыр.


Күй – шертпе, төкпе, ілме деп бөлінеді. Терме күйлер де бар. Осының барлығын терең ұғынатын жастарды қалыптастырған дұрыс. Содан кейін өңірлерге қалайша, нендей себептен бөлінгендігін әрбіріміз аңдап отырсақ дейміз. Дәлірек Арқа, Жеті­су, Маңғыстау, Сыр өңірі, Шығыс, Батыс Қазақстан және т.б. деп бөліне береді. Бір олқылықты байқап жүрміз. Көбіне радио, телеарналардан белгілі бір аймақтың аты шыққан күйлерін эфирден бере береді. Өзгесін таңдауға зауқы болмай ма, үйре­тушілер үйретпей ме, әйтеуір қайталай салады. Ал негізі қанша мектеп бар, соның бәрін халыққа жеткізу қажет. Оның шығу тарихын, дәстүрін түсіндірейік. Бүгінгі ұрпақтың зердесі кең, өресі жоғары. Қай өнерді болсын қағып алуға бейім, уақыты, энергиясы жетеді. Сондықтан ел мен жерге бөлінбей, әркім өз жағына тартып дәріпте­мей, жалпы ортақ жәдігер деп қараған жөн. Міне, осы айтылғандар орындалса, қазақ даласының барлық күй өнерін ұрпақ сана­сына сіңіре аламыз.


– Шығармашылықта нендей өзгеріс­тер бар...


– Әлбетте өнер адамы болғандықтан тынымсыз еңбек, ізденіс қажет. Сонда алға қойған нәтижеге қол жетеді. Бірқатар ой- пікірлерімді тарқатып айтайын.


ХІХ ғасырдағы, одан бұрынғы өнерпаз­дардың күйлерін тыңдап, естіп өстік. Ата- бабамыздың дағдысын бағамдадық. Ұстаз­дарымыздан тағылым алдық. Орындаушы ретінде өзімізге қажеттіні ала білдік. Орта жасқа таяған соң біраз толғана бастайды екенсің. Өзім де осы өнерді дамытсам деп ойланып жүрмін. Осыған сай бірқатар ой­лар мазалайды. Біреулер қалай олай ойлан­дың деуі мүмкін. Менікі көбіне «арнау күйлерге» негізделген. Осы жағына аса мән бердім. Негізі насихатталуы аз, енді зерттеліп жатқан тұлғаларға назар бұра­йық. Жанрлары арқылы талдап, көпшілік­ке танытайық. Осыған дейін күй арналма­ған тұлғаларға күй арнасам деген ой туды. ХХ ғасырда әкем Шыңжаң қазақтары ара­сында соңғы сал-сері аталған. Ол кісіні сол жақтың жұрты танығанымен, атажұртта­ғылар толық тани бермейді. Бірер күйі жеткенмен, толық біле бермегендіктен ар­нағым келеді.


Кейбіреу «Ата тұлға» кімге арналған­дығын сұрап жатады. Сонда шежіресін айтып беремін. 2006 жылы осында көшіп келгенде Талдықорғанда Ақын Сара дейтін ауыл болған. Сол кезде апамызға арнап «Ақын Сара күйі» туған-тұғын. Сосын ер Жәнібек батырды білерсіздер. Қазақ елінде 300 жылдығы аталып өтті. Өзім де «Ер Жәнібек күйін» шығардым. Абылай хан тұсында Қожаберген деген ең сенімді ба­тыры болған. Ол да ханның оң тізесінен орын алған. Оны да насихаттап «Қожабер­ген жорығын» шығарғанбыз. Қытай қазақ­тары арасында Ақы Төленшіұлы дейтін кемеңгер, ағартушы кісі өмір сүрген. Осы атамыздың есімі жалпыға танымал болса дейміз. Сондай алпауыт тұлғаларға күй жазу ойда тұр. Осы жылдың 26 мамырын­да «Отырар сазы» оркестрінің сүйемел­деуімен өзімнің шығармашылық кешімді өткіздім. Тәп-тәуір өткен сияқты. Көрер­мендер жақсы қарсы алды. Жұрт кештің арқасында талай дүниемен қаныққанды­ғын айтты. Осының өзі өнерге үлкен үлес деп ойлаймын.


– Дәстүрлі әншілерге көңіліңіз тола ма?


– Ойланып қарасам, әр дәуірдің өзіндік ерекше дарынмен туатын адамы болатын көрінеді. Солай топшылаймын. Бәрі бірдей әнші-күйші бола бермейді. Соның ішінде біреуіне дариды. Баяғыда Қайрат Байбосы­нов ағаларымыздан кейін дәстүрлі әнші жоқ па деп ойланатынмын. Содан соң жо­йылып кете ме деп те қорықтық. Сөйтсем, олай емес екен. Бүгінде Еркін Шүкіманды тыңдап, қазақтың дәстүрлі ән өнері өлме­ген екен ғой деп қуанып қалдық. Қажыбек Қостыбайұлы жақсы өнер көрсетіп келе жатыр. Ол Еркіннің ұстанымын ұстанса, жолымен жүрсе, жалғасын табады. Кейбі­реулер эстрадаға кетіп жатыр. Қазақ он­дайларды «жорғасынан бұзылған» деп ай­т а д ы . Д ә с т ү р л і к ү й ш і л і к т е н д е ауысатындар табылады. Оларды заманның талабына сай әнші деуге болады. Өйткені, заман соны талап етеді. Эстрадаға қарай бейімдейді. Қара домбыраны жанына серік етіп сақтап қалғандар, дәстүрлі өнерімізге зор септігін тигізеді. Болашақтан, жақсы­лықтан үмітіміз мол.


– Көп рахмет!


Әңгімелескен Олжас ЖОЛДЫБАЙ


«Аlmaty-akshamу», №84, 15 шілде, 2023 жыл


 


 


 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

09:54

09:53

09:38

09:35

09:05

08:58

08:49

08:05

19:10

18:45

18:02

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14