Алматыда киіз басу өнерінен халықаралық фестиваль ұйымдастырылды
Дәстүрлі қазақ қоғамында киіз басу өнері ертеден бері сақталып келе жатқан асыл қазынамыз. Ертеде ата-бабамыздың күнделікті күйбең тіршілікте қолданатын текеметті де, ат тұрманындағы туырлықты да, бас киімінен бастап, аяғындағы шәркейіне дейін, киіз үйдің жабдығын, қызының жасауын – бәрін киізден басып, тіккен. Киіздің құндылығының жоғары болғаны соншалық, хан көтергенде де, халық ардақтысын ақ киізге отырғызған. Бүгінде бұл өнер түрі жаңа қарқынға ие болып, өзгеше стильмен қалыптасып келе жатқан жайы бар. Күні кеше Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі мен American Space & MakerSpace мәдени орталығында «Киіз. Felt. Keçe. Войлок» атты кең ауқымды халықаралық фестиваль ұйымдастырылды. Аталмыш шара қала тұрғындары мен қонақтарына арналды. Ұйымдастырушылар киізден түрлі шеберлік сағаттарын өткізіп, ата-әжелер киіз басып, әңгіме-дүкен, сауық-сайран құрған жайы бар.
Ұқсастығымыз да, ерекшелігіміз де бар
«Бүгінгі шараға әлем елдерінде танымал қолөнершілер, еліміздің түкпір-түкпірінен келген шеберлер жиналды. Олар өздерімен бірге таңдамалы туындыларын ала келді. Шетелдік қонақтарымыз да кілемдері мен киізден жасалған киімдерін ала келген жайы бар. Қарап отырып, бір-бірімізден айырмашылығымызды, жасау стиліміздің өзгешелігін түсінуге болады. Бүгінде киізді әлем елдерінің бәрі өз керегіне жаратып жатыр. Мәселен, Венгрияда адамдардың психологиясын жақсарту мақсатында қолданады. Соған қарамастан киіз басудың түп-тамыры біздің даладан тарайтынын ұмытпауымыз керек, сондықтан олардың киізі де біздікіне ұқсас. Моңғолдардың киізі ақ түсті, бірақ кішкентай тігістерге байланысты әдемілене түседі. Сондықтан ұқсастықтары да бар, ерекшеліктері де бар», – дейді суретші, Қазақстан Қолөнершілер одағының төрағасы Айжан Бекқұлова.
Киіз де ерлер де басады
Қазақ үшін киіз басу әйел еңбегі болып саналса, ал Иран мен Түркияда мұны еркектер жасайды екен. Түрік ағайындарымыз Осман империясы кездерінде қалыптасқан әдіспен киіз басып келе жатқанын айтып өтті.
«Барлық халықтың орындау техникасы бірдей. Бірақ ерекше нюанстары бар. Кейбір елдерде киіз түйе жүнінен, ал басқаларында қой жүнінен киіз жасалған. Киізді кез келген жүннен алуға болады. Ерекшеліктер әлі де бар. Мысалы, Қазақстанда жүн қолмен жайылады, Түркияда арнайы тарақ қолданылады. Екі елде де бұл өнер қаншама ғасыр өтсе де, өз өзектілігін әлі жойған жоқ. Керісінше, жастар арасында танымалдылыққа ие болуда», – дейді киіз суретші Салих Гиргич.
Қойдың күзде қырқылатын күзем жүнінен киіз басу кезінде қазақ әйелдері оны тулаққа салып, жан-жақтан жиналып сабалап, оның соңын тулақ шашу секілді ойын-сауыққа ұластырған. Сондықтан қазақ салтында киізбен байланысты дәстүрдің қалыптасуын көшпенділер мұрасы ретінде ұлт құндылығы деңгейінде дәріптейді. Киіз басу өнері қазаққа ғана тән емес, ол сол дәуір кезеңінде көшпелі тұрмыс кешіп, ат үстінде өмір сүрген барлық халықтарда бар қолөнер дәстүрі.
Көшпелі мәдениеттегі ең қажетті зат
Киіз басу өнеріне тоқталатын болсақ, оның әдіс-тәсілдері ғасырлар бойы өзгеріске ұшырамаған. Ол икемді, жұмсақ материал, сондықтан көшпелі мәдениетте ең қажетті зат болған. Іс-шара барысында қолөнершілер киіз басудың әдіс-тәсілдерін келген қонақтарға түсіндіріп өтті. Жиналған қауым болып, АҚШ пен Түркиядан келген қонақтарымызға қазақ киізінің басу әдісін көрсетті. Шырайлы Шымкент қаласынан келген Беспековтар отбасы фестивальге жартылай дайын текеметін ала келді. Қалған бөлігін фестивальде басып, келушілерге шеберлік сағатын өтті.
«Осы шараға отбасымызбен келіп отырмыз. Балаларымыз да қолөнермен айналысады. Бұл текеметті немерелерімізбен бірігіп жасадық. Жалпы киізді басуға 2 күн уақыт кетеді. Алайда, жұмыла жасағанда оның қиындығы аса білінбейді. Ұйымдастырушыларға алғысымызды білдіреміз. Қала қонақтары бүгінде біздің жұмысымызға ерекше қызығушылығын танытып, киіз басуға деген құлшынысы оянып келе жатыр. Жыл сайын өткізілетін фестиваль алдағы уақытта да өз жалғасын табады деген сенімдемін», – дейді қолөнер шебері Күләш Айдарбекова.
Қатысушылар жүннен әртүрлі киіз басып, киіз үйге туырлық, үзік, түңлік, дөдеге және тұрмысқа қажетті еденге төсейтін текемет, сырмақтар, тұсқа ілінетін тұскиіздер мен қап түрлерін жасаған. Киізден жасаған бұйымдар қазіргі заманда халықтың генетикалық мәдени қарым-қатынасындағы байланысты көрсететін дерек ретінде қабылданады. Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайы қорында сақтаулы 267 киізден жасалынған бұйымдар – қайталанбас өнер туындысы ғана емес, әлі сыры ашылмаған, толығынан зерттелмеген асыл мұра.
«Фестиваль аясында XIX-ХХ ғасырлардағы қазақ халқының тұрмысы, қолөнері жайында фотокөрме өтіп жатыр. Жүннен киіз басу көрмесі де ашылды. АҚШ-тан келген қолөнершінің жүннен жасалған инсталяциясы қойылған. Сонымен қатар, Түркия мен Венгриядан келген шеберлердің текеметтері ілінді. Еліміздің үздік қолөнершілерін марапаттап, еңбектерін елеп отырған жайымыз бар. Біз әр жыл сайын қолөнершілер мен суретшілерге үнемі қолдау білдіреміз. Олардың көрмелерін де өткізіп келеміз», – дейді Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің директоры Гүлайым Жұмабекова.
Киіз басушы шеберлердің халықаралық фестивалі елімізде бірінші рет ұйымдастырылып отыр. Мәдени мұраны дәріптеушілер фестивалді бір аптаға жоспарланған. Алдағы күндері қолөнершілер тәжірибе алмасып, шеберлік сабақтарын өткізеді.
«Мен Алматы қаласына кіргенде, күн көтеріліп, тауларды керемет жарықтандырды. Мен солардың ұлы рухын білдіргім келді. Егер сіз мұқият қарасаңыз, барлық кенептерде жұқа көк жіп бар екенін көресіз. Бұл өзен, таулардан ағып жатқан хрусталь су. Мен тастарды етегіме жинап, қондырғыны толықтырдым. Бүгінде киіз әлемдік қазынаға айналды», – дейді суретші Дженис Арнольд.