ffin.kz

Түркияның Алматыдағы Бас консулы Эврен МҮДЕРРІСОҒЛЫ:ҚАЗАҚСТАН – БІЗДІҢ АТАЖҰРТЫМЫЗ түркі әлеміндегі аса маңызды елдердің бірі

 Түркияның Алматыдағы Бас консулы Эврен МҮДЕРРІСОҒЛЫ:ҚАЗАҚСТАН – БІЗДІҢ АТАЖҰРТЫМЫЗ түркі әлеміндегі аса маңызды елдердің бірі Қайрат Қоныспаев

·        Халқымыз үшін түрік ағайындардың орны бөлек. Тілі мен діні, ділі бір ұлтпыз. Тарих пен мәдениетте де ұқсастықтар көп. Содан болар, егемендік алғанда Анадолы жұрты алғаш болып қуанды, дербестігімізді ең бірінші таныды. Көптің алды болып, Алматыдан өз елшілігін ашты. Міне, отыз жылдан асса да, мәңгілікке ұласқан достық аясында өрбіген байланыс тоқтамай, ағайын арасы үзілген емес. Осы орайда, екі ел арасындағы ынтымақтастық пен өзге де байланыстардың қазіргі жағдайы туралы Түркияның Алматыдағы Бас консулы Эврен Мүдеррісоғлымен сұхбаттасқан едік.

 

Түркия – Қазақстанның ең ірі инвесторларының бірі

 

       Эврен мырза, сұхбатымызды Қазақстан мен Түркия ара­сындағы байланыстардан бас­та­сақ…

–Түрік қоғамы әртүрлі салаларда Қазақстанның экономикасына өз үлесін қосып келеді. Біздің қарым-қатынасымыздың әлеуеті барлық салада зор екенін айта кеткен жөн. Түркия мен Қазақстанның ортақ тарихы, терең мәдени және халықтарымыз арасындағы берік достыққа негізделген саяси, дипломатиялық байланысы бар. Қазақстанның тәуелсіздігін Түркияның бірінші болып мойындауы – табиғи құбылыс. Меніңше, бұған таңқалудың қажеті жоқ. Себебі, бұл – ортақ тарихымыз бен бауырластығымыз үшін бізге жүктелген парызды орындау болды. Осыны ашық айтқым келеді. Түркия мен Қазақстанның өзекті халықаралық мәселелерге деген көзқарасы бірдей. Әлемдік үрдістер бойынша ұстанымдары өте жақын. Еліміздің ФЕТО, ПКК, ДАИШ және DHKPC сияқты лаңкестік ұйымдармен күресінде, сонымен қатар «армян геноциді» деп аталатын дискурстармен күресу сияқты ұлттық істерде Қазақстанның тұрақты қолдауы сезіледі. Лаңкестермен күресте әрқашан бізбен бірге болып келеді.

Кейінгі жылдары экономика саласында ілгерілеушілік байқалады. Қазір Қазақстанның әртүрлі салаларында үш мыңнан астам түрік компаниясы мен бизнесі жұмыс істейді. Қазақстандағы түрік кәсіпкерлері негізінен тамақ өнеркәсібі, фармацевтикалық химия өнеркәсібі, құрылыс, қонақүй шаруашылығы және өндіріс салаларында жұмыс істейді. Қорғаныс өнеркәсібі мен органикалық ауыл шаруашылығы соңғы уақытта ең көп назар аударған секторлардың бірі. Түрік компаниялары Қазақстан экономикасына және өндірісті әртараптандыруға елеулі үлес қосуда. Түркия – Қазақстанның ең ірі инвесторларының бірі. Биыл Түркиядан Қазақстанға құйылған инвестицияның жиынтық көлемі алты миллиард доллардан асты. Қазақстандық инвесторлардың елімізге салған инвестициясының жалпы көлемі бір миллиард доллар деңгейінде. Әрине, біз елдегі екі ірі инфрақұрылымдық жобада маңызды рөл атқарған түрік инвесторларын мақтан тұтамыз. Бүгінгі күні біздің мердігер компаниялар Қазақстанда бес жүзден астам жобаны жүзеге асырып, жиырма алты миллиард долларды құрайтын жұмыстарды қолға алды. Сондай-ақ, қазақстандықтар үшін демалуға лайықты елдер арасында Түркия бірінші орында деп айтуға болады. Біздің Қазақстанмен екіжақты қарым-қатынасымыз 30 жыл бойы ағайын ретінде болса, енді стратегиялық әріптестік деңгейінде дамып келеді.

 

Алматы – менің өмірімдегі ерекше орны бар қала

 

       Білім мен мәдениет салаларындағы байланыстар қалай дамуда?

– Екі тарап 2019 жылы қарым-қатынасты «кеңейтілген стратегиялық серіктестік» деңгейіне көтеру туралы шешім қабылдады. Осы серіктестікті жоғары деңгейге көтеру арқылы қарым-қатынасымызды стратегиялық серіктестік деңгейіне көтердік. Бұл біздің байланысымызды жан-жақты тереңдетуге мүмкіндік береді.

Әрине, мәдениет пен білім беру саласындағы ынтымақтастығымыз көп қырлы байланыстың тағы бір маңызды бөлігі болып саналады. Қазақстан Түркияның стипендиялық бағдарламасына ең көп қызығушылық танытқан елдердің қатарында. Қазақстан тәуелсіздік алған жылы ашылған Халықаралық қазақ-түрік университеті – осы саладағы жұмысымыздың тағы бір нақты мысалы. Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті 1992 жылы Түркістан қаласында Қазақстан мен Түркияның ынтымақтастығы негізінде құрылды. Түркітілдес мемлекеттер арасында ең алғаш халықаралық мәртебеге ие бірден-бір оқу орны 30 жыл ішінде Қазақстанның білім беру мен мәдени өміріне айтарлықтай үлес қосты.

Экономикалық, коммерциялық және халықаралық қатынастарда түрік тілінде оқыған, бакалавр және магистр дәрежесі бар білікті қызметкерлерге сұраныс артып келеді. Менің ойымша, Қазақстанда түрік университеттерінің әлеуеті жоғары. Қазіргі таңда Түркия ең көп шетелдік студенттер оқитын әлемдегі он елдің қатарына кіреді. Түркияның жоғары оқу орындарында 198 түрлі елден келген 350 мыңға жуық шетелдік студенттер білім алуда. Ендігі мақсат – одан да көп шетелдік студенттерді қабылдайтын жаһандық білім беру орталығына айналу. Оның ішінде қазақстандық бауырларымыздың Түркияда білім алып, университеттер арасында студент алмасу бағдарлары барлық саладағы ынтымақтастығымызды нығайтады деп ойлаймын. Біз қазақстандық түлектер санын көбейткіміз келеді.

2023-2024 оқу жылында Алматыдағы Түрік тілін оқыту курстарына 4600-ден астам қазақ бауырларымыз қатысып, түрік тілі бойынша білім алды. Алдағы 2024-2025 оқу жылында Алматыда 25 түрік тілі оқытушысы түрік тілін оқытатын болады. Бұл екі елдің тілдік және мәдени байланысын нығайтуға үлкен үлес қосады деп сенеміз. 

 Алматыда Бас консул қызметін атқарғаныңызға бір жыл болды. Бірақ бұл шаһарда одан бұрын да жұмыс істегеніңізді білеміз.   Оңтүстік астана туралы ойыңызды білгіміз келеді. 
 2002 жылдан бері дипломатиялық қызметтемін. Алматы менің өмірімдегі ерекше орны бар қала, себебі менің ең алғаш сыртқы қызметім Түркияның Қазақстандағы Елшілігінен басталды.  20062008 жылдар аралығында жас дипломат болып қызмет атқардым.  Енді, міне осы әсем қалада қайта қызмет атқарып жатырмын. Алматыдан кейін Түркияның Варшава, Киев, Аддис-Абеба және Берн елшіліктерінде қызмет атқардым. Сонымен қатар, әр жылдары Түркияның Сыртқы істер министрлігінде Протокол бас директорының орынбасары, Шығыс Еуропа бойынша бас директордың орынбасары, Балқан және Орталық Еуропа бойынша бас директордың орынбасары және Еуропалық Одақ бойынша бас директордың орынбасары сияқты жауапты қызметтерде болдым.
Алматы ол кезде де әдемі қала еді. Алғаш рет елімнен тыс жерде жұмыс істеген жер болғандықтан, сапарда жүрсем мен әрқашан осы шаһарды аңсаймын. Дәл осы қалада қызмет еткенімді мақтан тұтамын. Сонымен бірге, Қазақстан – біздің атажұртымыз, түркі әлеміндегі аса маңызды елдердің бірі. Маған осы қалада тағы да қызмет қылу мүмкіндігі бұйырғанына қуаныштымын. 
Алматы – әсем қала. Тек әдемі ғана емес, мәдениеті жоғары  қала. Ежелгі тарихы бар көне қала кең жүректі, интеллектуалды және шынайы адамдарға толы. Бұл шаһар мен үшін ерекше ыстық, орны бөлек қала. Ұлтыма, мемлекетіме, барша түрік әлеміне жақсы қызмет етуге тырысамын. 
 
Бауырластықтың жаңа белесі 
 

Қазақстан да, Түркия да Түркі Мемлекеттері Ұйымының негізін қалаушы елдер саналады. Екіжақты байланыстың сыртында аталмыш ұйым шеңберінде бірлігі бекем. Түркі елдерінің болашағына қатысты не айтасыз?

Иә, Түркі Мемлекеттерінің ұйымын құрған негізгі елдер. Егер түркі елдерінің болашағы туралы айтар болсақ, Түркі әлемі ынтымақтастығының болашағы жарқын. Түркі тілдес ұлттар құрайтын мемлекеттердің болашағы да ғұмырлы болары сөзсіз. Себебі, бүкіл түркі халқын байланыстыратын ортақ әдет-ғұрып пен ортақ тарих бар. Біз бір-бірімізбен тығыз байланыстамыз. Жаһандану үдерісі қарқын алып, Түркі әлемінің тұтастығын, болмысын сақтауға тырысу керек. Түркі елдері әсіресе, мәдени салада белсенді. Мәселен, осы салада ТҮРКСОЙ, Түркітілдес Парламенттер Ассамблеясы бар. Сондай-ақ, Түрік университеттерінің қауымдастығы жұмыс істейді. Сондықтан біз өмірдің барлық саласында байланыс орнаттық. Әсіресе, экономикалық және коммерциялық салада ынтымақтасу өте маңызды.

Бірқатар Батыс елдерінің елшілері, консулдары Қазақстанға келмей тұрып қазақ тілін үйрене бастайды. Әлеуметтік желіге қазақша сөйлеген видеоларын жиі жүктеп тұрады. Оған қарағанда біздің тілдеріміз өте ұқсас, үйренуге оңай. Қазақшаңыз қалай? Үйреніп жүрсіз бе? Қанша тіл білесіз?

Қазақ тілін үйреніп жүрмін. Иә, қазақ тілінің грамматикасы түрік тіліне ұқсайды. Бірақ кейбір сөздер біздің қолданыстағы сөздерден мүлдем өзгеше. Меніңше, бұған елдер арасындағы географиялық алшақтық себеп болған сияқты. Қазақша үйренгісі келетін түріктер үшін кирилл әліпбиін меңгеру қиындау болады. Тілді енді үйрене бастаған адам үшін тым күрделі болып көрінеді.

Тіл үйрену арқылы адам өзге ұлттың мәдениетін, тарихын, әдет-ғұрпын қоса меңгеруі керек. Осы тұрғыда көп тіл білудің артықшылығы көп. Сондықтан жастарға айтар кеңесім, қазір қолданып жүрген ұялы телефон арқылы онлайн платформалармен тіл үйренуге болады. Қазіргі ұрпақ техонологияны әлдеқайда белсенді қолданады. Сондықтан жастарға мүмкіндігінше тіл үйренуге кеңес беремін. Олар әлемдегі ең танымал тілдерді үйренсін. Мен орыс тілі мен ағылшын тілін білемін. Қазір қазақ тілін үйреніп жатырмын.

Қазақстанның қай қалаларында болдыңыз?

Астана қаласында жиі боламын. Түркістан мен Тараз қалаларында болдым. Солтүстік пен Шығыс Қазақстанда болмадым. Алдағы уақытта Өскеменге және Қорқыт ата дүниеге келген шаһар – Қызылордаға барғым келеді.

Екі халықтың қандай ұқсастықтарын байқадыңыз?

Қазақ пен түрік мәдениеті өте ұқсас. Ресми әңгімелерімізде де ортақ тарихи мәдениетті айтамыз. Мәселен, сіздердегі кішкентай баланың  аяғына ала жіп байлап, кесу, яғни тұсаукесер рәсімі біздің Анадолыда бар. Дәстүрде бір жасқа толған баланың аяғын арқанмен байлап, болашағы жарқын болсын деген игі тілекпен тұсауын кеседі.

       Сұхбатымыздың соңғы сұрағы болсын. Қазақ пен түрік қоғамы бір-бірін жақынырақ тануы үшін тағы не істеу керек?

Ең бастысы,  әрине, ол – тіл. Халықтар бір-бірін жақынырақ тану үшін тілін түсінуі керек. Біз Түркиядағы қазақ тілі курстары мен мұнда қазақ және түрік курстарының санын көбейтіп жатырмыз. Қазір жастар осы ұялы телефоннан-ақ тілді тез үйренеді.

Сөз соңында оқырмандарымызға айтар сөзіңіз болса, мархабат...

Ақпарат құралын пайдалана отырып, өткен аптада толассыз жауған жаңбырдың салдарынан Алматы Халықаралық әуежайының жаңа терминалын су басты. Осы ыңғайсыз жағдайға түсінік бергім келеді.

Бұл оқиға әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдарында белсенді талқыланды.  Әсіресе, 450 миллион долларлық TAV жобасы туралы сын-пікірлер де айтылып қалды. TAV жетекшілігіндегі Алматы Халықаралық әуежайы жобасы толық аяқталғаннан кейін әуежайдың жылдық жолаушы көрсеткішін 14 миллионға дейін жеткізе алады. Бұл көрсеткіш әуежайдың қазіргі мүмкіндіктерін айтарлықтай арттырады және аймақтың экономикалық дамуына да оң әсерін тигізеді. Осыған байланысты мен Алматы Халықаралық әуежайының президенті Гөкер Көсе мырзамен сөйлесіп, мұндай жағдайдың неден болғанын сұрадым. Өткен аптадағы оқиға бұрынғы дренаж жүйесінің көп жауған жаңбыр суын игере алмағанынан болған. Гөкер Көсе мырзаның айтуынша, Алматы Халықаралық әуежайының басшылығы бұл мәселені шешу үшін шұғыл шаралар қабылдаған. Жаңбыр суын игеру мақсатында бұрынғы дренаж жүйесін ұлғайту және жаңарту бойынша жұмыстар басталды. Бұл жұмыстар әуежайдың қызмет көрсету сапасын жақсартуға бағытталған және болашақта осындай ыңғайсыз жағдайлар болмайтынын жеткізді.  

Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет! Түркия мен Қазақстан арасындағы әріптестікке сәттілік тілейміз!

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

12:44

12:12

11:41

11:11

10:43

10:36

21:49

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35