ffin.kz

Түрік жастары «Alatau Aqparat» медиахолдингінде тәжірибеден өтуде

 Түрік жастары «Alatau Aqparat» медиахолдингінде тәжірибеден өтуде Сурет: автор

Дәстүрлі және жаңа медиаларды біріктіріп отырған біздің «Alatau Aqparat» медиахолдингі бүгінде іргелі ақпараттық өндіріс базасына айналып келеді. Олай дейтініміз, ол аудиториясына сапалы ақпарат жеткізуші ғана емес, болашақ кәсіби мамандар үшін нақты тәжірибелік алаң да ұсына алатын деңгейге жетті. Қазір медиахолдингте отандық жоғары оқу орындарының студенттерімен қатар, шетелдік жастар да өндірістік тағылымдамадан өтуде. 

Нақтырақ айтсақ, қазіргі күні Түркия еліндегі Айдын Доған атындағы Анадолы кәсіптік-техникалық лицейінің студенттері «Almaty aqshamy» және «Вечерний Алматы» газеттері мен сайттарында тәжірибеден өтіп жатыр. Түркиялық жастарды бастап келген жетекшісі Ашин Қул мақсат – қазақ-түрік білімі мен ғылымын ұштастыру, сол арқылы екі ел арасындағы достық, бауырластық, әріптестікті нығайту дейді. 
Осы орайда айта кетейік, Айдын Доған атындағы Анадолы кәсіптік-техникалық лицейінің студенттері журналистика, радио, телевидение және графика саласын меңгеріп жатыр. Оқу орны төрт жылдық. Олар меңгеріп жатқан мамандығын өндірістік тәжірибемен ұштастыру маңызды деп біледі. Бұл болашақта өздерінің жақсы маман болып шығуына, табысты болуына қажетті баспалдақ деп біледі. 
Иә, «Alatau Aqparat» медиахолдингі медиахолдингі мен Түркия оқу орны арасындағы бұл ынтымақтастық келісім қазақ-түрік жастарының өзара тәжірибе алмасуына алтын көпір орнатып отыр. Осы орайда, халықаралық мәнге ие мұндай серіктестік Қазақстан бойынша алғаш рет жүзеге асырылып отырғанын айта кеткіміз келеді. 
Түркиялық жастар біздің дәстүрлі медианың мол тәжірибелік базасы және бүгінгі ақпараттық қоғамдағы қызметі мейлінше қызығушылық тудырып отырғанын жасырмайды. Айдын Доған атындағы Анадолы кәсіптік-техникалық лицейінің студенттері Аслынұр Жерен Генч, Хюсна Гиргин және Пелин Аргунның Қазақстан жерінде, оның ішінде алып Алматы мегаполисінде жүргеніне, «Alatau Aqparat» медиахолдингінде өндірістік тәжірибеден өтіп жатқанына айдан асты. Олар не көрді, не ұнады, не сезінді, не түйді екен, сол туралы білмекке әңгімеге тартқан болатынбыз.

Аслынұр ЖЕРЕН ГЕНЧ:
– Біздің лицейде ErasmusPlus жобасы жұмыс істейді. Сол жоба жастарға тәжірибе жинауға мол мүмкіндік беріп отыр. Лицей директоры Сердар Караташтың қолдауымен біз қазір Қазақстанға келіп, Алматыда жарық көретін «Almaty aqshamy» газеті мен сайтында үш айлық тағылымдамадан өтіп жатырмыз. Суретке түсіру, хабар дайындау, бет дизайнын жасау сынды жұмыстарды бұған дейін де меңгердім. Осы елдегі өзгеше тәжірибелерді қабылдап, қазақ және орыс тілдерін меңгерсем деймін. Сол арқылы өзімізді дамытуды көздеп келдім.
Байқауымша, қазақ журналистикасы мен түрік журналистикасының арасында айырмашылықтар бар. Мұндағы газеттерде мәдениет пен өнерге көбірек көңіл бөлінетінін байқадым, бұл мені қатты қызықтырды. Сіздерде жылылыққа толы жаңалықтар басым. Ал біздің газеттерде тақырыптар неғұрлым қатал және кездейсоқ болып келеді.
Алматы маған бірден ұнады, бәлкім бұл менің шет елге шыққан ең алғашқы сапарым болғандықтан шығар. Қалай болғанда да Алматы қаласының менің өмірімде ең үлкен орын алатынына, тіпті, жүрегімнің түкпірінде ең аяулы естеліктер ретінде сақталатынына сенімдімін.
Алматы өте жайлы шаһар екен. Тұрғындары өте мейірімді. Сырттан келгеніңді біле қойып, бірден қол ұшын созуға әзір тұрады. Маған мегаполистің барлық жері ұнайды десем, әсірелегеніміз емес. Алматыға келмес бұрын оның жасыл желекке оранған жайлы қала екенін естіген болатынмын. Енді, міне, өзім де көз жеткізіп, дәл ортасында жүрмін. Иә, өте қауіпсіз қала, көшелерінде, саябақтарында алаңсыз қыдырып, серуендеп жүре бересіз. Жап-жасыл, жастар қаласы. Менің жарқын сәттерімнің осында өтіп жатқанына қуаныштымын. Маған күнде жүретін жолдарым, қоғамдық орындар өте ыстық болып барады.
Әрине, елімді сағындым. Туып-өскен жерімнен, отбасымнан, достарымнан жырақта жүргеніме айдан асты, сағынышымды сабырға жеңдіріп үйреніп жүрмін. Қалай болғанда да мен қазақ жеріне келгенім үшін қуаныштымын.
Түркияға қайтарда өзіммен бірге міндетті түрде «Almaty aqshamy» газетінің бірнеше данасын алып кетемін. Бұл газет менің ересек өмірге жасаған алғашқы қадамдарынан естелік болып қалады деп ойлаймын. Сосын Алматыдағы рухани кештерге, музейлерге барған билеттерімді де сақтап қоятын боламын.
Қазақ және түрік тілдерінде ұқсас сөздер көп. Бірақ алфавиттегі кейбір әріптерді айта алмайтындықтан қиналып жүрмін. Маған қазақша ең ұнайтын сөз – «танысқаныма қуаныштымын».

Хюсна ГИРГИН: 
– Маған өзім таңдаған журналистика саласы қатты ұнайды. Сондықтан Қазақстанда тағылымдамадан өтуге қуана келістім. Біз «Almaty aqshamy» газетінің қатталу процесімен, яғни материалдарды бетке орналастыру жұмысымен, дизайнымен таныстық. Әрине, бізден өзгешеліктер бар. Газет мақалаларын оқылымды, тартымды ету үшін оларды орналастыру әдісі де үлкен рөл атқарады. «Almaty aqshamy» газетінің версткасы маған ұнады. Жұмыс процесі қызық екен. Сайт жұмысы да өзгеше бір әлем. Онда уақыт ағымынан қалып қоймай, оқырманға ең керекті ақпаратты жедел салып отыру керек. Осы орайда біз секілді жастарға ұшқыр болу, сергектік маңызды.
Алматы маған да ұнады. Мұнда ағаштар көп, саясына демалу жанға рахат сыйлайды. Бүгінгідей қозғалыс, көліктер тым көп жағдайда адамдардың бағдаршамға бағынуы өте дұрыс. Көшелер, жаяу жүргінші жолдары өте әдемі, кең. Жерасты өткелдері де тап-таза. Балаларға арналған ойын, спорт алаңдарының көптігі қызықтырды. Бәрі тормен қоршалған. Балақайлар алаңсыз ойнап жүр.
Маған Жібек жолы көшесі өте ұнайды. Әдемі безендірілген. Мұнда барлық керегіңді табуға болатын түрлі дүкендер бар. Панфиловшылар саябағы да әдемі, сүйкімді тиіндер өте көп, адамдардан қорықпайды. Біздің мейірімді екенімізді олар да біледі.
Егер маған Қазақстан туралы зерттеу мақаласын жазу тапсырылса, барлық жерін аралап, саяхаттап, туристерге қолайлы орындары, әдемі жерлері туралы жазған болар едім.
Айтпақшы, мен қазақтың тағамдарына үйрене алмай жүрмін. Жөргегімнен жеп өскен өз елімнің тағамдарын аңсаймын. 

Пелин АРГУН: 
– Біздің Анадолы лицейінде математика, түрік физикасы негізгі пәндер ретінде оқытылады. Оқу ордамыз орта мектеп және кәсіптік-техникалық лицей болғандықтан, журналистика курсы бойынша да дәріс аламыз. 
Маған сіздің газетте тағылымдамадан өту мүмкіндігі туғанына қуаныштымын. Бұл екі ел арасындағы достық қарым-қатынастың жемісі деп білемін. Біз түбі бір түркі жұртымыз, достығымыздың нығая беруіне жастар да тілекшіміз.
Қазақ мәдениеті мен біздің мәдениетімізде біршама ұқсастықтар болғанымен, айырмашылықтар да аз емес. Мысалы, сіздер жылқы етін жейсіздер, ал біз мүлдем жемейміз, дүкен сөрелерінде сатылмайды да. Бізде де сіздердегідей самса пісіріледі. Бірақ бізге қарағанда сіздерде түрлі болып келеді екен. 
Алматы жастары мен біздің елдің жастарының киіну стилінен де аса айырмашылық байқамадым. Қазіргі жастар аса талғампаз.
Алматы шынымен де әсем қала. Ең ұнайтын жағы – тыныш, жағымды, жайлы шаһар. Ғимараттары, жолдарының орналасуына дейін бәрі өз орнында. Қала табиғаты көркем. Жасыл желектері жаныңа тыныштық сыйлайды, биік таулары алыс та жақын көрінеді, ұшар басы тұп-тұнық, айнала тап-таза әлем дерсіз. Жаныма таулардың жақын екенін сезіндім. Мен мұнда келгенге дейін ештеңе білмедім. Алматының осыншалықты әдемілігіне қатты таңқалдым. Мұнда қыдыратын жер өте көп, әлі барып үлгермей жатырмыз. 
Менің байқағаным, қазақстандық журналистер түрік журналистеріне қарағанда пікірлерін анық және оңай жеткізеді. Сіздің газетте адамдарға мотивация беретін жағымды жаңалықтар жиі жарияланады екен. Егер мүмкіндік туып жатса, болашақта мен қазақ журналистикасының шығу тарихын зерттейтін шығрамын. Себебі, мен оның қалай пайда болғанын немесе даму сатыларын жетік білгім келеді.
Жуырда біз Алматыда өткен үлкен бір салтанатты іс-шараға қатыстық. Онда түрік, қазақ, орыстар болды. Біз бір-біріміздің тілімізді жақсы түсінбесек те, көңілімізбен ұғыстық. Көп дос таптым. Маған барлық адам мейірімді көрінді.
Түркияға кетерді осы сапарымнан жақсы естелік болатын бір кәдейсый алып кетемін. Әзірге қандай зат болатынын шешкем жоқ. Алматы менің жүрегімде қалары сөзсіз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:10

18:45

18:02

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14

14:45

14:40

14:34

14:07

13:47

13:30

12:58

12:32