ffin.kz

Тұлпарлар тай кезінен танылады

Тұлпарлар тай кезінен танылады almaty-akshamy.kz

Ұлттық спорт

Төлтумаларды асылдандыру қажет

Алматыда жыл сайын мамыр айынан бастап күзге дейін араға апта салып, классикалық ұшқыр бәйге ұйымдастыру дәстүрге айналған.  Биыл да еліміздің бірнеше өңірінен танымал атбегілер Алматы ипподромына қарай атбасын бұрды. Алдымыздағы демалыста  «Бәйге» федерациясының ұйымдастыруымен бәйгеден Қазақстан чемпионатының ІІІ іріктеу кезеңі өтеді.  Мұның бәрі  – V Дүниежүзілік көшпенділер ойынында республика намысын қорғайтын мықты аттарды іріктеу үшін жасалынып жатқан шаралар.  Жарысқа қатысатын тұлпарларды атбегілер, жылқы зерттеуші ғалымдар мен мал дәрігерлері бақылауға алады.

 

Аттың тағдыры – қазақтың тағдыры

Жақында әлемдік дүбірлі додаға дайындық аясында өткен жиынның кіріспесін жазғанбыз. Ұлттық спорт қауымдастығының өкілдері, ат спортының, жылқының жағдайын жақсы білетін жанашырлар саладағы мәселелерді талқылап, көкейде жүрген ой-ұсыныстарын ортаға салды.

Ең бірінше мәселе –  еліміздің оқу орындарында ат спорты мамандарын дайындайтын факультет тұрмақ, салаға қатысты бірде-бір мамандық жоқ. Енді ұлттық спорт, оның ішінде ат спортына баулитын жаңа мамандықтар пайда болады. Жуырда қауымдастықтың бастамасымен Ұлттық спорт жоғары мектебі құрылды. Алғаш рет Алматыдағы Спорт және туризм академиясына «ат спорты түрлерінің жаттықтырушысы» мамандығы бойынша және Алматыдағы Аграрлық университеттің базасында «спорттық жылқы шаруашылығындағы ветеринария» мамандығы бойынша талапкерлерді қабылдау басталады.  Адамзатты емдейтін ветеринарияның спорт бағытындағы жылқы шаруашылығына қарай мамандануымен ат спорты маманын дайындаудың негізі қаланып отыр. Аграрлық университетте талапкер оқу бағдарламасындағы ветеринария мамандығының ішінен «ат спортындағы ветеринар» деген бөлек мамандық алып шығады. Мамандығы –ветеринар. Бірақ ат спортына қарай бейімделіп, оқып шығады. Бағдарламаға салаға қатысты  6-7 пән кіреді. Атап айтсақ, ат спорты және туризм, жылқыны ипподромда және зауытта жарату тренингі, жылқыны азықтандыру, жылқы физиологиясы, жылқы генофонды, ұлттық ат спорты түрлері, т.б. базалық пәндер оқытылады. Бәйгелерге қатысатын аттардың дені – таза қанды, асыл тұқымды жылқылар. Ал таза қанды жылқыны күтіп-баптау жабы жылқыдан мүлдем бөлек.  Аграрлық зерттеу университеті базасында спорттық жылқыларды бақылау допинг зертханасын ашу, мал шаруашылығы саласы ретінде спорттық жылқы шаруашылығының жай-күйін талдау мәселесі де қаралды.

Жиында сөз алған Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов жыл өткен сайын қоғамда ұлттық спортқа қызығушылық артып келеді. Қазіргі таңда Қазақстанда 600 мыңнан астам адам ұлттық спорт түрлерімен айналысатынын мәлімдеп, дегенмен, салада зерттеуді талап ететін мәселелер жеткілікті екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде ұлттық спортты дамытуға жүйелі түрде қолдау білдіріп келеді. V Дүниежүзілік көшпенділер ойынының елімізде өтуі ұлттық спорт түрлерін дамытуға жаңа серпін беретіні сөзсіз. Осы уақытқа дейін Қазақстан тарихында саланы реттейтін бірде-бір заң қабылданбаған. Онсыз саланы сапалы, тиімді дамыту мүмкін емес. Бұған байланысты ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы заң жобасын әзірлеу мәселесін көтеріп отыр. Бұл – саланы жүйелі дамытудың ең негізгі қадамы», деді Исламбек Салжанов.

Парламент депутаттарының бастамасымен ҚР кейбір заңнамалық актілеріне спорттық бағыттағы жылқылардың қазақ тұқымын сақтау туралы өзгерістер мен толықтырулар туралы заң жобасы әзірленді.

 

Қостанай тұқымы – ұлттық қазына

Сенат депутаттары қостанайлық жылқы тұқымын сақтау және өсімін молайту жөніндегі заңға бастамашы болды. Ол бүгінде Мәжілістің қаралу сатысында тұр. Бізде спорттық мақсаттағы асыл тұқымды 300-ге жуық қана жылқы бар. Оның барлығы Қостанай жылқысы. Таза спорттық бағыттағы жалғыз тұқымды қазақ жылқысы жылдамдығы жағынан ағылшын аттарынан кейін екінші орында тұр. Санын көбейту үшін  Қостанай жылқысы мен Қостанай будандары қатысатын бәйгелер жиі өтіп тұру керек. Ол  – халықаралық деңгейде мойындалып, тізімге енген жалғыз тұқым. «Дөңгелек үстелге» онлайн-режимінде қатысқан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Аманжол Әлтай заң жобасының негізгі мақсаты –  мемлекеттік қолдау арқылы қазақтың төл қазанаты – қостанайлық жылқы тұқымының генофондын сақтау екенін атап өтті. 

Ат спортының ұлттық тұқымдарын дамыту туралы сөз қозғалса, бәрінің ойына ең алдымен, қазақтың ұлттық қазынасы – Қостанай жылқысы оралатыны рас. Жылқы тұқымын сақтап, санын көбейту керек.  Зауыттық жылқы тұқымдары жөніндегі республикалық палатаның ақпаратына сәйкес, бүгінде 228 бас қостанай тұқымы тіркелген. ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының вице-президенті Тастанбек Есентаев жиын барысында биылдан бастап Қостанай жылқысына субсидия бөлінетінін  хабарлады.

Тағы бір мәселе – Қазақстанда халықаралық стандарттарға сәйкес келетін бірде-бір ипподром жоқ. Жалпы, ел аумағында 45 ипподром бар, оның 33-і –  мемлекеттің меншігіне, 12-сі  – жекенің еншісінде. Бірақ барлығы бірдей бәйге өткізуге жарамды емес. Талапқа сай бір дұрыс атшабар жоқ. Ал атшабарсыз ат спортын дамытамын деу бекер. Айта кететін жәйт, Алматы ипподромы биыл жылдың басында  «Қазақ жокей клубының» қарамағына өтті.

Жиында талқыланған маңызды мәселелердің бірнешеуін айттық. Қалғанын «дөңгелек үстелге» жиналған сала мамандары айтып берді. «Қазақ халқының жылқы мәдениеті мәселелері» тақырыбында баяндама жасаған «Қазақ жылқысының  тарихы» еңбегінің авторы, тарих ғылымының докторы Ахмет Тоқтабай жылқы музейін ашу жөнінде ұсыныс білдірді. «Әлемнің 32 елінде жылқыға арналған музей бар. Жылқыны қолға үйреткен, жылқы мәдениетін әлемге тарту еткен халық ретінде бізге міндетті түрде музей керек», деді ол.

 

ҰЛТТЫҚ СПОРТТЫ ДАМЫТУДЫҢ ЖОЛЫ ҚАЙСЫ?

 

 Сіз не дейсіз? 

Ахмет ТОҚТАБАЙ, жылқы зерттеуші ғалым: 

Тарих сахнасына атқа мініп шыққан халықпыз

Қазақ ат спортына бай. Бірақ біз қазір санаулы түрін ғана насихаттап, ұлттық спорт ретінде жарыстар ұйымдастырып жүрміз. Республикалық сайыстар 6-7 түрінен әрі аспайды.  Қазақтың атқа байланысты спорт түрлерінің саны 40-тан асады. Біразы ұмытылған. Ат спортының ең көп түрін Моңғолия қазақтары, Түркіменстан, Қытай мен Ресей қазақтары сақтап қалған.  Ат үстінде орындалатын спорттар өте көп. Қазақтың тарихын, мәдениетін, философиясы мен өнерін жылқысыз жазу мүмкін емес. Қазақ аттың үстіне мінгелі 7 мың жыл болды. Ата-бабаларымыз атқа мінгенде басқа халық жаяу жүріп, аяғының астында не көрінсе, соны құдай жасады, соған табынды.  Ал қазақ ат үстіне мінгеннен кейін, көзі аспандағы жұлдызда, көктегі ай мен күнде болды. Көк тәңіріне, Аллаға табынатынымыз осыдан. Сондықтан біздің дініміз де жылқымен астасып жатыр. Бүкіл әлемге жылқының отаны – Қазақстан деп мақтанамыз. Бірақ соны мақтанып, көрсете алатын нәрсе жоқ. Сол үшін де жылқыға арнап музей ашу керек деп санаймын. 

Ат спортына келетін болсақ, бізде бәйгенің өзі дұрыс өтпейді. XIX-XX ғасырдағы қазақ бәйгелерін алып қарайық. Бұл жерде бәйгедегі атқа сыйлық беру, ат терін бағалау мәселесін айтып отырмын. Кезінде атжарысқа қатысқан аттардың он пайызына жүлде берілген. Алыс-жақын жерден келген атбегілерді құр қол қайтармаған. Мысалы, Құлагердің бәйгесінде 300 ат шапса, оның он пайызы жүлде иеленген. Тіпті, қазақы бәйгелерде топ жарған жүйріктерден бөлек, ең соңғы келген бәйге атына да сыйлық берген. Қазақ оны  «шаңбасар» деп атаған. Мазақтап, күлкіге айналдыру сарынында мүйізі қисық бұқа, тоқал ешкі, т.б. сынды сыйлықтар берген. Сондықтан ұлттық бәйгенің сыйлық мәселесін де реттеу керек деп ойлаймын.

Екіншіден, біздің қазақтың бәйгелерінің ұзақтығы 100 километрден кем болмаған. Нағыз бәйге 50100 километрдің арасында болуы керек. Қазақ жылқыларының бағы қай кезде жанады?! Алыс аламан бәйгелерде жанады. Ұзақ шақырымда ғана қазақ жылқысының төзімі сыналғаны туралы ақпараттар бар. 

 

Қуандық ШЫҢҒЫСҰЛЫ, Ұлттық спорт қауымдастығының департамент басшысы,  Ұлттық спорт жоғары мектебінің директоры: 

Ат спортына дұрыс көзқарас жоқ

Мәселе Дүниежүзілік көшпенділер ойынында ғана емес. Жалпы, бұл – көптен бері күтіп жүрген жиын. Биыл Ұлттық Спорт қауымдастығы Аграрлық университетпен бірігіп, оқу бағдарламасын жасады.  Елімізде осыған дейін ат спортына байланысты ветеринар мамандар мүлдем оқытылмады. Соның бағдарламасын жасап, таныстырылымын өткіздік. Биыл талапкерлер Қазақстанның тарихында бірінші рет осы мамандық бойынша ЖОО-да грантта оқи алады. Ат спортына бағытталған мал дәрігерлерін дайындау елімізде бірінші рет жүзеге асырылмақ. 

Жылқы шаруашылығы дегенде көбі оны тек азық ретінде ғана қарайды. Біздің мақсатымыз – спортқа бейімделген аттардың санын  көбейту. Бұл – стратегиялық мәселе.  Ұлттық спорттың заңын қабылдау ойымыз бар. Өйткені, ұлттық спортқа, оның ішіндегі ат спортына дұрыс көзқарас жоқ. Бізде инфрақұрылым дамымаған, ипподромдардың жағдайы нашар. Ұлттық спортты дамыту үшін бұл салаға индустрия ретінде қараған жөн сияқты.

 

Аманжол ӘЛТАЙ, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі:

Ел тізгінін ұстаудың әліппесі тай тізгінін ұстаудан басталады

Кең байтақ даламызды тұлпардың белінде жүріп қорғап келдік. Шекарамызды аттың тұяғымен белгіледік. Жылқыға байланысты сөз қозғалса,  мемлекеттік тілдің жылқы шаруашылығына тікелей байланысты екенін білеміз. Жапон халқы  тілдік қорынан күріш шаруашылығына қатысты сөздерді алып тастаса, ана тілінің жұтаңдалып қалуын уайымдайды.  Сол сияқты біздің уайымымыз жылқыға қатысты сөздермен астарлас. 

Ел тізгінін ұстаудың әліппесі тай тізгінін ұстаудан басталады. Ат спортына қатысты біраз қадам жасалды. Дейтұрғанмен, сала дамуының кешеуілдеуіне бірнеше себеп болды. Парламент қабырғасында ат спортына қатысты арнайы заң жобасының қабылданбауы себеп болды деп ойлаймын. Биыл  Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өзінің байрағын қазақ жерінде көтереді. Бұл біздің елдігімізге үлкен сын болмақ. Жүздеген елдің спортшылары қатысатын байрақты бәсекеде қазақ тұлпарларының даңқы асқақтайтын халықаралық деңгейдегі басқосу болады деп ойлаймын.

 

Сандар сөйлейді

  • Елімізде жылқы шаруашылығы саласында екі палата жұмыс істейді. Қос палатаға тіркелген асыл тұқымды жылқылардың саны 28 мыңға жуықтайды. 
  • ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының 2023 жылғы мәліметі бойынша елімізде жылқы саны – 4 миллион  400 мың.
  • Асыл тұқымды жылқылар саны 0,7 пайызын ғана құрайды. Жалпы жылқы санының бір пайызына да жетпейді. 

 

P.S.

Қауымдастыққа қарасты 9 федерацияның 6-ауы жылқымен тікелей байланысты. Демек, ұлттық спортты дамытамыз десек, алдымен спорттық жылқылардың санын көбейтіп, сапасын арттыру маңызды болып тұр.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

09:12

08:52

08:35

08:20

08:10

17:47

17:15

16:46

16:16

15:45

15:15

14:44

14:14

13:02

12:45

12:22

11:49

11:11

10:50

10:09

17:43

17:13

17:12

16:43

16:09