Сәнқойлықтың да жөні бар
Бұрынғылар «Адам көркі шүберек...» дейтін. Басқаша айтқанда, адамзатты матадан ажыратып ала алмайсыз. Ол адамның көркі, мінезінің белгісі, жүріс-тұрысының қандай екендігінен хабар береді. Осындай қарапайым дүниелер сыртқы сұлбаның ажыры іспетті. Дәп осылай айтсақ, қателеспейміз.
Әріден шежіре тарту. Адам баласы жаратылған дәуірден бастап әртүрлі пішінде киінді. Есте жоқ ескі заманда жапырақты жабынған деседі. Орта ғасырда кең, жабық, шәлме оранған кезең болған. Ал ХХ мен ХХІ ғасырдың үлгісінің өзі алшақтады. Тіпті кейбір тұстары мүлде бөлек сияқты көрінеді. Мәселен, осыдан елу жыл бұрын кең балақты шалбар киді. Бүгінгі таңда оның дәурені өтті.
Киім кию әдебі. Қазір кез келген ортада үстіне ілінгенді киіп жүретіндер қатары артты. Бұл сөзді ауыспалы һәм тура мағынасында ұғынуға болады. Себебі өрімдей жас өрендер шұлығымен тізеден төмен аралықты ашып жүреді. Әсіресе, қыс кезінде, күз бен көктемнің қара суығында аяқтың төменгі тұсын жаппай ашып тастап жүргендері, қиналтады. Соның ішінде қыз балаларға зияндырақ. Әрбір қантамырдан өткен ызғар бүйрекке жетеді. Оның арғы жағында қаншама мәселе жатыр?! Сондықтан мейлінше «аурып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеген» абзал. Әрнәрсенің өзіне жарасымды әдебі болады. Осыны естен шығармаған жөн.
Түйін. Сән әлеміндегі әлемге әйгілі сәнгер Коко Шанель «Мен бүкіл әлем әйелдері үшін киім тігіп шығардым, ал олар жалаңаш жүруге тырысады» депті. Жалпы, бұл ойдың да астары тек бір жағынан айтылмаған. Мұны жан-жақты түсінуге негіз жетерлік. Қорыта айтқанда, мода – бір күндік, ал денсаулық – мәңгілік демекпіз.