«Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың хас жауы» деген пәлсапа бар. Көп тіл білу де білімділіктің белгісі. Қазірде БҰҰ сияқты әлемдік мінберлерде ағылшынша сөйлеп, миллиард қытайды қытайшасымен мойындатқан, ресми сапармен қай мемлекетке барса сол ел түсінетін тілде сөйлей білетін біздің президентпен қалай мақтанбассың. Ал ана тіліңді білу бұл енді қасиетті міндетің. Енді ана тілінде сөйлемейтін қандастарға келсек бұл қасірет. Бұл жоғарыда айтылғандай ана сүтімен берілетін тәрбиенің жоқтығы.
Ата-анасы перентімен қазақша сөйлеспеген деген сөз. Ол он жерден білімді, бірнеше университет бітірген болсын бәрібір тәрбие көрмеген, ана тілінен мақұрым. Ал ана тілін білмеген адамның өз ұлтын, отанын сүюі, патриот болуы мүмкн емес. Кейде ойланасың, осы біз сияқты мемлекттік тілі екінші орында тұрған ел бар ма екен деп. Олай ойласаң, елде мемлекеттік тілді жақсы білетін және сону білуге ұмтылған өзге ұлт өкілдерін қайда қоясың. Яғни, олар рухани дүниесі бай адамдар. Біздің ішімізде сондай үйренуге ұмтылғандарға күлетін кісілер бар ғой тағы..
Осыдан біраз жыл бұрын Сыр бойының боксы қызы Марина Вольнова 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында жартылай финалда жеңіліс тауып, рингтен түсіп, микрофон ұсынған журналист Аманкелді Сейітхановқа таза қазақша: - Кешіріңдер ағайын, мен барымды салдым. Өзі де мықты бәле екен.. – дегені бар. Қалай риза болмайсың. Айналайын алтын қыз, ол кезде сенің қола медалің қазақ елі үшін алтыннан қымбат еді ғой. Кейін, бір сұхбатында тіл туралы қойылған сұраққа; - Мен бала кезімнен екі тілді тел еміп өстім. Ал қазақша үйрену қиын дегендерді біздің Қазалыға үш айға апарып тастаңдар, қалай сөйлеп кеткенін өзі білмей қалады, - дегені бар. Жарайды, Марина қызды туғаннан тілі қазақша шыққан делік, ес біле келе қазақшаны қажеттілік деп үйренгендер бар ғой. Мысалы, тағы сол Қызылорданың тумасы, даңқты ауыратлет Илья Илин ше. Сол азаматтың қазақша сөйлеуді қолға алғанына бір жыл да болмады ау. Қазір ғаламторға күнара шығып, қазақша амандасып, күнделікті жоспарымен қазақша бөліседі және тілі жатық. Төрт құбыласы түгел сол Ильяға қандай қажеттілік. Бұл рухани толысқандық белгісі. Даңқы дүрілдеп тұрған шағында шақырған талай елге «сатылмаған» спортшынының болашағын өз Қазақстанымен, мемлекеттік тілмен байланыстырғанының белгісі бұл. Болашақта осындай азаматтан тараған ұрпақ та қазақша сөйлейтініне сенім басым.
Ал енді Санкт-Петербургтен шыққан блогер, біздің Димаштың фанаты Иван Червинский деген азамат бар. Ол жігіт Димаш арқылы Қазақстанды жақсы көргені соншалық, былтыр Қазақстан азаматтығын алып, Алматыға көшіп келіп, балаларын қазақ мектебіне берген. Өзі де қазақша үйренуге мықтап бет бұрған. Бұл да болашағын Қазақстанмен байланыстырған адамның тірлігі. Адам сенбестей, сенбеске амал жоқ. Жүрген жерінде себебін Димашпен түсіндіріп, «Не могу жить без своих казахов..» дейді Иван батыр.
Сол Иванның тірлігіне де күмәнмен қарайтындар табылады бізде. Ал енді осындай мысалдарға мысқылдай күлетіндер бар ау. Әйтеуір, жатқан күмән, жатқан күлкі. Не дерсің оларға.
«Ел болам десең бесігіңді түзе» деген бар. Ал бесік деген ұғым ол- тәрбие, ол- ана сүтімен келетін туған тіл. Әзірге сол бесік толық түзелмей тұр ау. Қазақша үйренуге ұмтылғандарға күлгенше бесігімізді түзейікші.