15 шілдеде Еуропалық кеңес төрағасы Шарль Мишель саяси мәлімдеме жасады. Басты тақырып – Армения мен Әзербайжан арасындағы келіссөз. Бұл жолы келіссөз үстеліне Армения Премьер-министрі Никол Пашинян мен Әзербайжан президенті Ильхам Алиев отырды. Екі ел тағы да Таулы Қарабақты бөлісе алмай отыр.
Дауды шешуге Еуропалық одақ мүдделі болып отыр. Олардың басты мақсаты – Кавказ аймағына Мәскеудің саяси ықпалын төмендету. Брюссельдің екі жақты татуластыру әрекетін, жалпы Батыс пен Мәскеу арасындағы қарым- қатынастың нашарлауы контексінде қараған жөн. Осылайша көз алдымызда З.Бжезинскийдің тілімен айтқанда ұлы шахмат ойыны жүруде. Шахматтағы секілді саясатта да бірнеше бағытта ойнау қажет.
Даудың басы...
Мемлекеттер де адам сияқты. Адамдар бір-бірімен жылдап дауласуы мүмкін. Ол адамдар өзара тәуелді болса, мәселе ұзақ уақыт шешілмейді. Себебі, екі жақ бірін-бірі жақтырмаса да, бірлесіп әрекет етуіне тура келеді. Бұл жағдайда ұрыс-керіс уақытша тоқтатылады. Ол тоқтағанымен арадағы келіспеушілік сақталады. Бұл теңеуді Армения мен Әзербайжанға да қолдануға болады.
Биыл Таулы Қарабақ дауы тағы өршіді. Екі ел арасына сызат түсті. Бұл даудың биыл басталғанын білдірмейді. Ол 2020 жылдан бері жалғасуда.
2020 жылдың 27 қыркүйегінде Екінші Қарабақ соғысы басталды. Соғыс 44 күнге созылып, 10 қарашада аяқталды. Кеңес үкіметі ыдырағаннан бері мұнда екінші рет ірі соғыс болды. Алғашқы қарулы қақтығыс 1994 жылы болып еді. Шекара майданында екі жақ болды. Бірі – Әзербайжан болса, екіншісі – Армения мен мойындалмаған Таулы Қарабақ республикасы.
Екі ел тек қарумен ғана емес, әскери-идеологиялық соғыс та жүргізді. Әзербайжан тарапы бұл соғысты «Отан соғысы» деп атады. Себебі, алғашқы ірі соғыста жеңілген. Осылайша өздеріне тиесілі жерді қайтарып алуды көздеді.
Ал Армения болса, соғысты «Екінші Архацк соғысы» мен «Отан соғысы» атауларын берді. Оның да себебі бар. Әлем елдері мойындамаған Таулы Қарабақ республикасының басым көпшілігін армяндар құрайды. Ал олардың тарихи атауы архацтықтар.
Қарулы қақтығыс ұзаққа созылды. Соғысты Әзербайжан жеңімпаз ел ретінде аяқтады. Әскери қақтығыстың нәтижесінде Әзербайжан Жебраил, Физули, Зангелан, Губадлы және стратегиялық маңызды Шуша қалаларына бақылау орнатты.
Сөйтіп, 10 қарашада Армения, Әзербайжан және Ресей арасындағы үшжақты келісімге қол қойылды. Келісім оқ атуды тоқтатты. Одан басқа, Әзербайжан бақылау орнатқан қалалар оның иелігінде қалатын болды. Ресейдің бітімгер әскерлері Таулы Қарабаққа енгізілді. Ал Армения әскерін қайтарды.
Мұнымен мәселе шешілмеді. 2021 жылы дау қайтадан өршіді. 12 мамырда Армения мен Әзербайжан арасында шекаралық дағдарыс басталды. Ол әлі күнге дейін жалғасуда.
Бастапқыда екі елдің әскерлері Севлич көлін бөлісе алмай қалған. «Севлич» шекарада орналасқан көл. Ол Сюник облысы мен Лачин аудандарының аралығында жатыр. Екі жақ та көлді өзінікі деп есептейді. Арада шекара әскерлері арасында кішігірім қарулы қақтығыстар болды. Мұндай жағдайлар қазан айына дейін қайталанды. 26 қазанда Ресей, Армения мен Әзербайжан арасында шекараны бекіту жайлы келісім жасалды. Алайда, бұл дауды уақытша тоқтатты.
2022 жылы көршілер қайтадан дауласты. 1 тамызда 2020 жылдан бергі ірі әскери қақтығыс орын алды. Ол 3 тамызға дейін ұласты. Екі жақ та бір-бірін территориялық тұтастықты бұзды деп айыптады.
Пашинянның беделі түсуде...
Никол Пашинян Арменияның қазіргі Премьер-Министрі. Ол 2021 жылдан бері осы лауазымды атқарып келеді. Осымен үшінші рет сайланып отыр. Елдегі ішкі саяси дағдарыс пен сыртқы саясаттағы жеңілістер оның саяси мансабына балта шабуы мүмкін.
Никол Пашинянның да сыртқы саяси риторикасы сайлау науқанында өзгеруде. Екінші Қарабақ соғысындағы жеңіліс оның саяси беделін түсірді. Әсіресе, елдің ішінде наразылар көбейді. «Қарсыласу» қозғалысы 2020 жылдан басталды. Олар Никол Пашинянға қарсы саяси наразылыққа шықты. Қарсылық, әсіресе, Ереван қаласында күшті болды. Оған өзге де қалалар қосылды. Оның ішінде Таулы Қарабақ республикасындағы наразылықты да атап өткен жөн.
Түрлі оппозициялық топтың белсенділері мен соғыста мерт болған, жараланған және тұтқындалған әскерилердің туысқандары жер-жерден наразылыққа шықты. Олар қазіргі премьер-министрді қызметінен кетіру және кезектен тыс сайлауды өткізуді мақсат етті. Наразылар азаматтық мойынсынбау, демонстрация, шеру, көлік қозғалысын шектеу, әлеуметтік желіде белсенділік, флэшмоб сияқты әдістерді қолданды.
Кез келген наразылық саяси күшке айналу үшін оларды саяси институттар мен билікке ықпал етуші топтар қолдауы тиіс. Әйтпесе, қозғалыс құр сөз болып қалады да, әрекеті сәтсіздікке ұшырайды.
«Қарсыласу» қозғалысының саяси діңгегін Армения альянсы мен «Честь имею» альянстары құрады. Армения альянсы Дашнакцутюн мен «Қайта түленген Армения» саяси партиялар бірлестігінен тұрды. Ал «Честь имею» альянсы Арменияның республикалық партиясы мен «Отан» партиялары бірлестігі. Бұл саяси күштер 2021 жылы кезектен тыс сайлаудан алдын құрылған. Басты қарсыласы Никол Пашинян.
Сондай-ақ, қозғалысты «Зартонк» ұлттық-христиан партиясы, «5165» ұлттық консервативті қозғалысы, Арменияның христиан-демократиялық одағы және өзге де азаматтық күштер қолдады.
Кейбір деректер наразылардың саны 50 мыңға жетті дейді. Қалай дегенмен де, азаматтық белсенділік нәтижесіз аяқталды. Пашинян шахмат тақтасында саяси қарсыластарының алдын орап кетті. Басты айласы кезектен тыс парламент сайлауын ұйымдастыру еді. Ол саяси қулығын екінші рет іске асырды. Алғаш рет 2019 жылы қолданып еді. Бұл саяси технологияны посткеңестік кеңістікте кең көлемде қолданады.
2021 жылы ішкі саяси дағдарыс кезінде ол тақымын басты да тәуекелге барды. Сөйтіп, айы оңынан туып үшінші рет премьер-министр лауазымына тағайындалды. Оның жетекшілігіндегі «Азаматтық келісім» партиясы сайлауда жеңіске жетті. 53 пайыздан аса дауыс алған оның партиясы Парламенттік үлкен фракцияны құрады. Енді кез келген саяси бастамаларды парламент арқылы жүзеге асыруына мүмкіндік туды.
Әйтсе де, премьер-министрдің беделі тағы түсуі мүмкін. Мұны 2022 жылғы тамыздағы әскери қақтығыстан кейінгі халықтың наразылығы дәлелдейді. Тамыздағы қақтығыста Армения тағы да жеңілді. Елдегі оппозициялық күштер мен наразылар осындай пікірде. Олар екі ел арасындағы келісім- шартқа келіспей отыр.
Былтыр қыркүйекте Армения Премьер-министрі Никол Пашинян Әзербайжанмен келісім-шартқа қол қоямыз деп мәлімдеген. Көп ұзамай, оппозициялық күштер мен наразы топтар оған келіспей саяси талаптар қоя бастады. Олар Үкімет ғимаратының алдына жиналып «Пашинян-сатқын» деп ұрандата бастады.
Наразылардың бір бөлігі Парламенттің алдында да жиналды. Олар көлік қозғалысын шектеген. Ғимараттың алдында билікті Армения мен Арцахтың мүддесін қорғай алмады деп айыптаған.
Наразылыққа Премьер-министрдің парламентте сөйлеген сөзі түрткі болды. Ол онда Арменияның келісімге келуге дайын екенін және бұл наразылық тудыратынын білеміз деп мәлімдеген. Бірақ сонда да шартқа қол қоямыз. Бізге 29800 ш. км аумағы бар Арменияның алдағы бейбіт өмірі қажет деген. Дәл осы аумақты айтуының да саяси себебі бар. Себебі, осы аумаққа Таулы Қарабақ енбейді.
Алайда, ол наразылық акцияларынан кейін сөздерін қайтып алып, Армения ешқандай құжатқа қол қоймайды деп мәлімдеді. Осыдан кейін екі ел арасындағы дау қайтадан өршіді.
Геосаяси ойын алаңына айналды
2020 жылдан бері Таулы Қарабақ әлемдік саяси ойыншылар мүддесі тоғысқан геосаяси алаңға айналды. Басты ойыншы- лар – Ресей мен Еуропалық одақ. Алғашқысы баяғыдан бұл аймақты өзінің геосаяси ықпал ету аймағы деп біледі. 2022 жылға дейін солай болып келді де. Бітімгерлік қызметті ойдағыдай жасап келді. Алайда, Украинамен арадағы қарым- қатынастың нашарлауы Кавказ аймағына ықпалын азайтуда. Керісінше, Еуропалық одақтың аймаққа саяси ықпалы өсіп келеді.
Биыл мамырдан бері екі ел басшылары 6 рет келіссөз үстеліне отырды. Келіссөздер Мәскеуде, Кишиневте, Вашингтонда, екі елдің шекарасында және Брюссельде өтті. Мәскеуде өткен келіссөздер нәтижесіз аяқталды. Себебі, Пашинян ҰҚШҰ ұйымын айыптай бастады. Оған да негіз бар.
Армения өткен жылы қыркүйектегі халық наразылығынан кейін Қарабақ мәселесін шешуде ҰҚШҰ ұйымына иық артпақ болды. Бірақ ұйым мүшелері екі көрші елдің араздығына араласпау туралы шешімге келді. Құқықтық тұрғыдан бұл дұрыс шешім. Себебі, әскери әрекеттер мойындалмаған Таулы Қарабақ территориясында жүруде. Сондықтан мұны одақтас елге жасалған агрессия дей алмаймыз.
Брюссельде өткен келіссөзді де нәтижелі деп айта алмаймыз. Онда да даулы мәселе шешілген жоқ. Себебі, екі жақ та айтқанынан қайтпайды. Никол Пашинян шегінетін болса, саяси мансабынан айырылуы мүмкін. Ал Ильхам Алиев соғыстағы жеңісі арқылы саяси беделін арттырды. Қала берді, 2025 жылы президенттік өкілеттігі аяқталады. Сондықтан 2024 жылы кезектен тыс сайлауды өткізуі де мүмкін. Ол да саяси науқаннан алдын беделіне жұмыс істейді.
«Аlmaty-akshamу» №85, 18 шілде, 2023 жыл