Әрбір мемлекеттің аса маңызды құндылығы болып саналатын тәуелсіздіктің жарқын жетістігі – елдегі бейбіт өмір мен қоғамдағы тұрақтылық екені анық.
Бодандықтан, отарлық езгіден рухы жаншылып, жігері жасыған халқымыздың ғасырлар бойғы арман-аңсары еркіндік, егемендік болды. Осы асыл мұрат, асқақ арман жолында қаншама қан төгілді, қазақтың қоңыраулы найзалы қаншама қайсар ерлері «тебінгісі терге шіріп, терлігі майға еріп» ат үстінде күн кешті!..
Рас, одан бертіндегі КСРО Конституциясында «Әрбір одақтас республика КСРО құрамынан еркін шығу құқына ие» деген бап болды. Бірақ іс жүзінде Одақ құрамындағы республикалардың ешқайсысы тоталитарлық жүйедегі «қызыл империя» құрамынан өз еркімен шығып кете алмайтын. Ал негізгі заңдағы аталған бап советтік идеологияның бір көрінісі ғана еді. Өйткені, совет азаматының коммунистік партия саясатына күмән келтіруіне жол берілмейтін. Солай болып келген...
Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың республика басшылығынан алынып,
орнына Геннадий Колбиннің тағайындалғанына наразылық ретінде 1986
жылы 16 желтоқсанда Алматы жастарының алаңға шығуы Орталық билік
үшін күтпеген жағдай болды. Тарихқа «Желтоқсан көтерілісі» деген атпен
енген бұл оқиға тоталитарлық жүйеге ауыр соққы болғанын, түрлі мүддені
көздейтін топтарды бір уыста ұстап тұруға ендігі жерде советтік идеология
дәрменсіз екенін одан кейінгі жылдары болған өзгерістер дәлелдеп берді. Осының бәрі «социализм жұмағын» орнатуға ұмтылған алып империяның бір сәтте утопияға айналып, мұның соңы жаңа 15 мемлекеттің пайда болуымен аяқталды.
«Алда үлкен той болады, келер ұрпақ бізге я қарғыс, я алғыс айтады. Түптің түбінде біз өз мемлекетімізді құрамыз» деген нық сенімде болған Алашордашылардың асыл мұраты араға 70 жыл салып барып, өрімдей ұл-қыздың ызғарлы желтоқсанда «мұзға жаққан алауына» ұласты. Ұлт тәуелсіздігінің алғышартындай сол Желтоқсан оқиғасы ғазиз бабаларымыздың кешегі булыққан арманының өлмей-өшпей ұрпаққа жалғасып, өміршең рухтың атойлап алға шығуына негіз болғанын көрсетті.
Табанды да тегеурінді күрес нәтижесінде қазақ аспанында еркіндік, теңдік таңы атты. Егемендік туралы құжат ұлт тәуелсіздігін баянды еткен тұңғыш заңнамалық акт болды. Сыртқы саясатта өзінің мүдделерін айқындап, халықаралық ұйымдардың қызметіне қатысу мүмкіндігіне қол жеткізген еліміз, егемендік Декларациясы арқылы табиғи байлығын, экономикалық және ғылыми-техникалық әлеуетін толық өз меншігіне алды. Орталыққа бағынышты күйден арылып, алыс-жақын мемлекеттермен тең әріптес ретіндегі ынтымақтастыққа қол жеткізді. Ұлттық рәміздер бекітіліп, төл теңгеміз айналымға шықты, әскер құру, шекараны белгілеу, сыртқы саясатты айқындау секілді күрделі мәселелер шешімін тапты.
Одан бөлек, өзінің бірегейлігін жоғалта бастаған халық ес жиып, жоғын түгендей бастады, өзінің төл мәдениетін түлетіп, әдет-ғұрпын, салт-санасын ұлықтауға көшті, ділін, дінін төрге оздырды, өз тілінде именбей сөйлеуге, қазақша ойлауға, қазақ болуға мүмкіндік алды. Ұлт ретінде еңсесі көтерілді. Тәуелсіздіктің ең үлкен сыйы да – осы, яғни ата-бабаларымыздың сан ғасырлардан бергі арманының жүзеге асқаны болды.
Бүгінде Қазақстан – әлемнің 184 елімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан, халықаралық аренада өз орны бар дербес мемлекет. Соңғы 30 жылда миллионнан астам этникалық қазақ шетелден елге оралды. Тәуелсіздік қарсаңында еліміздегі қазақтардың үлес салмағы 40 пайызға да жетпейтін. Ал бүгінде Қазақстан халқының 70,7 пайызы – қазақтар. Бұл да – Тәуелсіздіктің арқасы.
Қорыта айтқанда, Тәуелсіздік – біреулер ойлағандай, көктен түскен сый, оңай келген олжа емес. Ол – ең қасиетті, қастерлі құндылық, ұлттың ұлы байлығы. Оны көздің қарашығындай қорғау, мемлекеттілікті, ішкі тұтастық пен береке-бірлікті сақтау – тағдырын осы елмен, жермен байланыстырған әр адамның парызы.