16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні. Еліміздің мемлекеттік мерекесі. Десек те, қоғамда әлі күнге дейін осы күнге байланысты ортақ көзқарас қалыптаспады. Біреулерге бұл боздақтарға тағзым етер қастерлі күн, кейбіреулер үшін мерекелік демалыс күні. Ендігі бір топ өкілдері «біз тәуелсіздік үшін күреспедік, бізге ол өздігінен келді» деп топшылайды. Мұндай сан түрлі пікірлер неге пайда болды? Осы сауалдарға жауап іздеп көрейік.
АЗАТТЫҚҚА ЕҢ АЛҒАШ ҚАЗАҚ ХАЛҚЫ ҰМТЫЛҒАН
Қазақстанның қазіргі заман тарихын 1986 жылдан бастаған орынды. Себебі, дәл сол жылы халқымыз ұлттық сана-сезімі бар екенін әлемге паш етті. 16-17 желтоқсанда болған оқиғалар азаттықтың алғашқы ұшқыны болып тарихта қалды. Сарапшылар арасында заманауи тарихымызды Алаш қозғалысынан бастау керек деген пікір де бар. Бұл пікірмен келіспеске болмас. Десе де, 1986 жылғы оқиғалардың орны бөлек. Алаш қозғалысы кезінде негізгі қозғаушы күш саяси-экономикалық элита болса, желтоқсанда халықтық сипат алды.
Ұлттық сана-сезімнің жарыққа шығуына не түрткі болды? Бұл сұраққа түрлі жауап бар. Бірі жастар өз еркімен орталық билікке қарсы шықты десе, екіншілері арандатушылық болды дейді. Шындығында, 1985 жылы бүкілодақтық саяси реформа республикалардағы сөніп қалған алауды тұтатты. Бір қызығы, КСРО аумағында алғашқы наразылық Қазақстан аумағында орын алды. Бұл Желтоқсанда болған жастардың наразылығының қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Сондықтан тәуелсіздікке ең алғаш қазақ халқы ұмтылды деп айта аламыз.
Ал «біз тәуелсіздік үшін күреспедік, бізге ол өздігінен келді» деген пікір қайдан пайда болды? Біріншіден, ұзақ уақыт бойы желтоқсандағы наразылық идеологиядан тыс қалды. Яғни саяси баға берілмеді. Екіншіден, саяси элита КСРО- ның соңғы жылдары тәуелсіздік мәселесіне келгенде кібіртіктеп қалды. «Темірді қызғанда басу» қағидасы орындалмады. Үшіншіден, саяси элита үшін тәуелсіздік жылнамасын азаматтық белсенділікпен бастау тиімсіз болды.
МЕМЛЕКЕТТІЛІКТІҢ САЯСИ-ҚҰҚЫҚТЫҚ НЕГІЗДЕРІНІҢ БІРІ
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң 1991 жылы 16 желтоқсанда қабылданды. Құжат 18 баптап тұрады. Көлемді болмаса да еліміздің қазіргі заман тарихында маңызды орын алады. Себебі, алда қабылданған 1993, 1995 жылғы конституцияларға негіз болды. Егемендік туралы декларацияны қоса алғанда, 4 құжат мемлекеттіліктің саяси-құқықтық сипатын белгіледі.
Әрине, аталмыш құжаттардың мазмұн жағынан ерекшеліктері болды. Басты ерекшелік, саяси жүйені құру механизмдерінен көрініс тапты. Егемендік туралы Декларация, Тәуелсіздік туралы Конституциялық Заң мен 1993 жылғы Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясында парламенттік-президенттік саяси жүйе құру көзделген. Бұл құжаттарда Жоғарғы Кеңес өзге билік тармақтарына қарағанда ықпалдырақ еді.
Тәуелсіздік туралы заңды талдасақ, маңызды дүниелерді көреміз. Мысалы, құжаттың 9-бабында былай деп жазылған: «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік өкімет билігі бұл биліктің заңдық, атқарушы және сот билігі болып бөлінуі принципін басшылыққа ала отырып құрылады және жүзеге асырады». Бұл заңда билік бөлінісі қағидасының сақталғанын көрсетеді.
Билік бөлінісі сақталғанымен, Жоғарғы Кеңестің саяси ықпалы басымдау болды. Халық атынан Жоғарғы Кеңес пен Президент сөйлей алды. Президент институты Үкіметті басқаратын Премьер-министр лауазымымен тең болды. Уақыт өте келе жүзеге асқан саяси реформа нәтижесінде Президент институты нығайып, үш билік тармақтарынан да жоғары көтерілді. Кейін 2022 жылы басталған саяси реформа нәтижесінде Парламент рөлі артып, президенттік-парламенттік нысандағы басқаруға көшу үдерісі басталды.