Ұлттық Құрылтай алғашқы күннен бастап жалпыхалықтық жаңғырудың символына айналды. Алқалы жиында қоғамдық диалогтың жаңа үлгісі қалыптасты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың IV отырысында «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы», біліммен қатар тәрбиеге айрықша назар аударудың маңызды екенін атай келіп, «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы туралы тілге тиек еткен еді. Қоғам үшін аса маңызды бастама туралы Құрылтай өкілі, Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразованы әңгімеге тартып, пікірін тыңдаған едік.
– Аягүл Төреқызы, сіз ұзақ жылдар бойы жас ұрпақ тәрбиесімен айналыстыңыз. Осы жолы Құрылтайда көтерілген ұрпақ тәрбиесіне қатысты Мемлекет басшысының бастамасын қалай қабылдадыңыз?
– Иә, қазіргі таңда біз біртіндеп барлық салада ауқымды реформалар мен нақты өзгерістерді жүзеге асырып жатырмыз. Оның бәрі халықтың тілегі мен заманның талабына сай жасалып жатыр. Бұл жердегі түпкі мақсат – барлығын өзгерту емес, ең бастысы – атқарылып жатқан шаруаны оңтайландырып, оның тиімділігін арттыру.
Былтыр ҚР Оқу-ағарту министрлігі тарапынан «Жалпы орта білім берудің мемлекеттік міндетті стандарты» және «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» жарияланды. Бұның өзі көптен күткен құжаттар еді. Жаңа стандарт пен тәрбие бағдарламасының жалпы ұлттық құндылықтар мен мемлекеттік талаптарға негізделгені аңғарылды. Бағдарламада «Ұлағатты ұрпақ ұлттың сапасын құрайды. Еліміздің өркендеп дамуы үшін халқын сүйетін, мемлекет мүддесін жоғары ұстайтын білімді де адал ұрпақ тәрбиелеу аса өзекті мәселе» деп көрсетілді.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде: «Былтыр мектептерде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы қолға алынды. Бағдарламаны қабылдау – істің басы ғана. Енді жаңарған құжатты еліміздегі барлық мемлекеттік білім ошағына енгізу керек. Оны алдағы уақытта жекеменшік мектептер де басшылыққа алуға тиіс. Себебі, тәрбие жұмысы балаларды түгел қамтуы қажет. Сонда ғана бұл бастама жалпыұлттық ауқымға ие болады. Жобаның түпкі мақсаты – отаншыл, білімді, жасампаз ұрпақ тәрбиелеу. Мұның бәрі – адал азаматқа тән қасиеттер. Құрылтай мүшелері алдағы уақытта осы бағдарламаны «Адал азамат» деп атауды ұсынып отыр. Мен бұл ұсыныспен толық келісемін» деген еді.
Иә, Мемлекет басшысының сөзі өте орынды. Өйткені, аталған бағдарламада оқушы бойында, негізінен, алты құндылық қалыптастыру көзделген. Мәселен, тәуелсіздік пен патриотизм, әділдік пен жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық және кәсіпқойлық, жаңашылдық пен жасампаздық. Бұлар мектептегі тәрбие жұмыстарының негізі және нәтижелері ретінде ұсынылып отыр. Әрине, бағдарлама идеяларының жүзеге асуында ұлттық құндылықтардың орны ерекше. Мұндағы ұлттық ұғымның ауқымы кеңейтіліп, қазақ халқымен бірге республикамызды өз Отаным деп санайтын өзге ұлт өкілдеріне де тән, ортақ құндылықтар ретінде ұсынылады. Сондықтан да ол «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» деп айдарланған. Бұл Қазақстан халқын бір ортақ идеяға, бір ортақ мүддеге ұйыстыру жалпыға ортақ мақсатымыз екенін оқушылар санасына сіңіруді көздейді.
– Айтыңызшы, осы бағдарламаны жүзеге асырудың маңыздылығы неде?
– Жасыратыны жоқ, XXI ғасырда әлеуметтік желілер арқылы жылдам таралып жатқан түрлі теріс субмәдениеттердің жастардың тәрбиесі мен мінез-құлқына кері ықпалы артып тұр. Осы жағдайдың алдын алу үшін мектептегі тәрбие мен білімнің сапасы мен қуаттылығын күшейту қажет екені анық байқалады. Сондықтан жаңа стандарт пен «Біртұтас тәрбие бағдарламасының» үлкен өзектіліктен туындағаны аңғарылады. Міне, осы мақсатта Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда жас ұрпақ тәрбиесін жүйелі түрде жүзеге асыруды міндеттеп отыр. Бұған қоса, «Оқушыларды білімпаздыққа, отаншылдыққа, еңбекқорлыққа баулу қажет. Әрине, қазіргі заманда бұл оңай шарт емес» деп орынды ескертті.
Жалпы, оқытудан күтілетін негізгі нәтижелер оқушылардың білім мазмұнын меңгере отырып, тұлғалық қасиеттерінің қалыптасуы түзілетін болады. Тұлғалық қасиеттердің жиыны түйінді құзыреттіліктер ретінде сипатталады. Бұл ретте олар тұлғаның қоғамға табысты бейімделуіне қажетті құзыреттіліктер болып саналады. Ұлттық сана-сезімнің қалыптасуы өріс алып, ұлттық құндылықтардың базасы түзіледі. Сондай-ақ, «Біртұтас тәрбие» салауатты өмір салтына баулуға көркемдік- эстетикалық, физикалық және әлеуметтік тұлғалық қабілеттерін дамытуға, әлеуметтендіруге, еңбекқорлыққа дағдыландыруға, адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталады.
Ал бұл білім беру үрдісін тұлғаға бағыттау жолымен жүзеге асады. Сонымен қатар, өмір қауіпсіздігінің негіздерін меңгеру міндетті болып саналады. «Жалпыға міндетті білім стандартында» «Біртұтас тәрбие» беруде күтілетін нәтижелер төмендегідей айқындалады. «Еліміздің салт-дәстүрлері мен құндылықтарына құрмет көрсете отырып, өзінің мәдени және азаматтық бірегейлігін түсінеді. Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделеріне қызмет етуге дайын екендігін көрсетеді. Елдің этно-мәдени әртүрлілігін ескере отырып, өзара ынтымақтастық, сыйластық қарым-қатынас пен өзара көмек жасау дағдыларын көрсетеді. Олар қағидаларды, заңдарды және қоғамдық тәртіпті біледі және сақтайды», – деп айқындалған.
– Осы арада бағдарламаны жүзеге асыру бойынша өз ұсыныстарыңызды ортаға сала кетсеңіз?
– Тәрбиенің біртұтастық мазмұны оқытудағы әртүрлі форматтарда, сабақтан тыс іс-шараларда, тәрбие сағаттарында жүзеге асырылады, олар кестелер, сызбалар, тізбелер, графиктер арқылы көрсетілген. Бұлар баяндау арқылы, емес, атаулы сөйлемдер, жинақтық атаулар стилінде берілген. Оларды түсіну және түйсіну, анализ-синтез жүйесінде тұтастықта пайымдау біршама күрделіліктер тудыратыны айқын. Сондықтан жаңа тәрбие бағдарламасын қолдану бойынша біршама ұсыныстар ұсынғым келеді:
«Біртұтас тәрбие бағдарламасының» берілу стилі логикалық жүйелілікпен емес, электрондық қабылдауға лайықтап ұсынылғандықтан, мұғалімдердің тұтастықта қабылдауын жеңілдету үшін дәстүрлі кітапша түрінде таратылса деймін:
– Аталған бағдарлама оқушылардың жас ерекшеліктеріне лайықтап бастауыш, негізгі және орта буындар бойынша баяндалса реалдығы артар еді;
– Аталған бағдарламаның мазмұны бойынша мұғалімдерге арналған әдістемелік құралдар дайындалса, орындалуы сапалы болар еді;
– Аталған бағдарлама мазмұны бойынша мектептің ішкі буындарына қарай хрестоматиялар, қосымша материалдар жазылса, сынып жетекшілері, жалпы мұғалімдер тәрбие сағатына дайындалуға уақыт үнемдер еді және оны сапалы дайындар еді.
Қорыта айтар болсақ, заманауи «Біртұтас тәрбие бағдарламасын» зерделеу және сапалы түрде жүзеге асыру үшін хрестоматиялық материалдар дайындалу керектігін айтқым келеді.
– Ой-пікіріңізді бөліскеніңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Рая ЕСКЕНДІР.