Тәлім – тек сөз арқылы, ал тәрбие – сөз де, әрекет арқылы болады.
әл-Фараби
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеуіміз керек. Мемлекеттің ең басты байлығы – адам, яғни азаматтар. Әрбір ата-ана саналы ұрпақ өсіруге баса мән беруге тиіс. Сол сияқты мектеп те – білімнің ғана емес, тәлім-тәрбиенің ордасы. Баланың бойына біліммен қатар адамгершілік құндылықтарды сіңіру – ұстаздың міндеті. Осыған орай балабақшадағы және мектептегі тәрбие ісіне бәріміз қоғам болып мән беруіміз керек, сондай-ақ белсене атсалысуымыз қажет. Балалар арасында жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды дәріптеген абзал. Оқушылар мектеп бітіргенде, ең алдымен, адал азамат болып шығуы керек», – деп атап көрсетті.
Аталған мәселелерді шешуде тәрбие мазмұнын айқындау мақсатында «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» әзірленді. Бағдарлама ұлттық құндылықтарды негізге ала отырып, ел бірегейлігін нығайтуға, әділетті қоғам құруға қабілетті білімді, адал ұрпақты тәрбиелеуді көздейді. Осы бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында мектепке дейінгі тәрбиені дамытуға арналған «Тәрбие шуағы» ұлттық құндылыққа негізделген инновациялық бағдарламасы дайындалып, жаңа оқу жылында байқаудан өткізуге ұсынылады.
Бағдарламаның негізгі философиясы – жаңа идеяны ғұламалар ілімдері негізінде текті ұрпақ тәрбиелеуге бағыттау. Баланың ана тілінде ізгілікті қарым-қатынас жасау дағдыларын қалыптастыру, тәрбиелей отырып білім беруде сөзден іске көшу, әрекет ету – басты қағидаттар. Ұлттық құндылықтар мен мәдени дәстүрлерді сақтауда баланы отбасымен ынтымақтастық орната отырып тәрбиелеу көзделеді. Білім беруді дамытудың инновациялық-әдістемелік жүйесін құру, тәрбиені ұлттық, ал білім беру мен технологияны әлемдік деңгейде үйлестіру бағдардың басты тірегі ретінде белгіленеді.
Тәрбиенің ұлттық болмысы ғұламалар іліміне сүйене отырып заманауи әдістермен жүзеге асырылуы – қазіргі қоғамда рухани құндылықтарды жаңғырту, ұлттық дәстүрлерді сақтау мен тұлғалық дамуды қамтамасыз етудің өзегі. Бұл ілімдер – баланың рухани-адамгершілік болмысын қалыптастыруға бағытталған.
Алғашқы тың идея – текті ұрпақ тәрбиелеуде Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» еңбегі, яғни Ізгілік ілімі. Бұл ілімнің өзегі – баланы жақсылыққа жетелеу. Жан мен тәннің үйлесімі арқылы адамды кемелдікке, әділетке, рухани тазалыққа бастау. Ілімнің ішкі құрылымы төрт негізгі құндылықты қамтиды: әділет (адалдық пен шыншылдық), ақыл (даналық пен таным), қанағат (шүкіршілік пен сабыр), және тағылым (рухани тазалық пен мәдени қарым-қатынас). Бұл ұғымдарды ертегі, хикаялар арқылы түсіндіру ұсынылады.
Екінші тың идея – Қожа Ахмет Ясауидің «Хал ілімі». Бұл – жүрек тазалығы, сабыр, мейірім, кішіпейілділік секілді рухани құндылықтарға негізделген ілім. Жақсы мен жаманды ажырату, эмоцияны тану, жүректі тазарту, жамандықтан сақтану – бала тәрбиесіндегі басты бағыттар ретінде ұсынылады. Жүрек тәрбиесі, ішкі сезімді басқару, жақсылыққа ниеттену – бұл ілімнің баланың жан әлеміне әсер ететін тұстары.
Үшінші идея – Әл-Фарабидің «Жан қуаты ілімі». Адам болмысын жан-жақты дамытуға бағытталған бұл философиялық жүйеде ақыл-ой, сезім, ерік-жігердің үйлесімді дамуы көзделеді. Танымдық қуат, сезімдік қуат, ерік қуаты және рухани қуат – баланы тұтас тұлға ретінде қалыптастырудың негіздері. Ойын, тәжірибе, шығармашылық әрекет, логикалық ойлау – осы қуаттардың дамуына жағдай жасайды.
Төртінші идея – Абайдың «Толық адам» ілімі. Жүрек, ақыл, қайрат үндестігі арқылы кемел адам болу – тәрбиенің мақсаты. Мейірімді, парасатты, ерік-жігері мықты тұлға қалыптастыру – Абайдың ілімінің өзегі. Жақсы сөз ғана емес, жақсы іс – бұл ілімде тәрбиенің амалдық сипаты алдыңғы орынға қойылады. Баланы еңбекке, тәртіпке, шыдамдылыққа баулу – осы жолдағы нақты қадамдар.
Бесінші идея – Шәкәрімнің «Ар ілімі». Ар-ұят, ұждан ұғымдарын баланың бойына сіңіру – ішкі тәртіп пен рухани тазалықты қалыптастырудың іргетасы. Баланың ішкі мәдениетін қалыптастыру, ертегі, мысал, рөлдік ойындар арқылы адалдыққа баулу – ар ілімін іс жүзінде жүзеге асырудың жолы. Бұл бала бойында шынайылықты, жауапкершілікті, шыншылдықты, әділдікті тәрбиелеуге мүмкіндік береді.
«Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген халық даналығы – бағдарламада басшылыққа алынған басты қағида. Ұлттық болмысты сақтайтын, елінің патриоты болатын тұлға тәрбиелеу – «Тәрбие шуағы» бағдарламасының негізгі мақсаты. Ойын арқылы тәрбие беру – негізгі тәсіл. Баланың еркін дамуына жағдай жасайтын, ізгілік пен бауырмалдыққа бағытталған ортаны ұйымдастыру – педагогтың кәсіби міндеті.
Бағдарлама аясында әдіскерлер мен тәрбиешілерге арналған кешенді әдістемелік құралдар әзірленді. Олар: «Рухани тәрбие әлемі», «Елтану әлемі», «Зияткерлік әлемі», «Өнер әлемі», «Салауаттану әлемі». Сонымен қатар, «Даналыққа жол» атты хрестоматиялық жинақ, ғұламалар нақылдары, аудио-видео, электрондық құралдар дайындалды. Мультимедиялық ресурстар мен цифрлық технологиялар ұлттық мазмұнмен үйлестіріледі. Ұлттық ойындарды геймификациялау, анимациялық форматта мазмұн ұсыну – тәрбие үдерісін заманауи форматта тиімді ұйымдастырудың жолы.
Жалпы, бұл бағдарлама – қазіргі ата-аналар мен педагогтар іздеп жүрген, ұлттық болмыс пен заманауи жаңашылдықты біріктіретін тың көзқарасты ұсынады. Әр баланың даралығын ескере отырып, ұлттық құндылықтармен үйлестіріп, тұлғалық дамуына жол ашады.
Жаңарған елдің жетістігін жаһанға таныта алатын ұрпақ тәрбиелеу – қоғам алдындағы жауапкершіліктің көрінісі. Сананы жаңғырту, ұлтты жаңа сапаға көшіру тәрбие мен білім беру арқылы жүзеге асатыны – тарихи ақиқат. Ғұламалар іліміне сүйенген бұл тәсіл – ұлттық мазмұнды жаңғыртып, отбасылық, қоғамдық және білім беру мекемелерінің бірлігін негіздейтін тиімді интеграциялық модель болып табылады.
Жұмабекова Фатима Ниязбекқызы
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының корреспондент-мүшесі. 250-ден астам ғылыми мақалалардың, 5 монография, 5 бағдарлама, 10 оқу құралы мен 40-тан астам әдістемелік еңбектің авторы. Докторанттар мен магистранттардың ғылыми жетекшісі. Мектепке дейінгі ұйымдарға ғылыми кеңесші ретінде жүйелі бағыт-бағдар беріп келеді.