«Nick Jr» арнасы биылдан бастап қазақ тілінде көрсетіле бастайды.
Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
2021 жылдан бері шетелдік әйгілі балалар телеарналары – «Nickelodeon», «TiJi» және «Диснейдің» өнімдерін қазақ тіліне аудару жобасы іске асырыла бастағаны белгілі. Енді бұл қатарға «Nick Jr» арнасы да қосылатын болды.
«Қазақ тіліндегі жаңа арнаның іске қосылуы мемлекеттік тілдегі контенттердің саны мен сапасын арттыруға өз септігін тигізеді деген ойдамыз», - дейді министр.
Egemen.kz мәліметі бойынша, жобаның басты мақсаты – әлемдік балалар мен жасөспірімдер телеарналарының өнімдерін қазақ тіліне аудару арқылы мемлекеттік тілдегі балалар контентін дамыту.
2021 жылы «Nickelodeon» телеарнасының 465 сағаттық мазмұны аударылса, 2022 жылы 345 сағаттық өнім қазақ тілінде сөйлей бастады. Биыл 481 сағаттық мазмұнды аудару жоспарланып отыр. Оның ішінде 190 сағат «Nickelodeon» арнасының контенті және 291 сағат «Nick Jr» арнасының контенті қазақ тіліне аударылады. Қазақ тіліне аударылған контенттің аудиожолақтары арнайы FTP-серверге жүктелген. Лицензиялық құқықтардың мерзімі – 2 жыл.
Дархан Қыдырәлінің хабарлауынша, қазақ тіліндегі «Nickelodeon» бағдарламаларын тарату теледидардың пультінде тілді ауыстыру арқылы жүзеге асырылды. «Қазіргі уақытта «Nickelodeon HD» арнасы 100% локализацияланған контентті бағдарламалаумен бірқатар кабельдік операторынан («Қазақтелеком», «TVCom», «Beeline», т.б.) бөлек эфирге шығады. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғаса береді», дейді сала басшысы.
Министрліктің ұлттық мүддені қорғау жолындағы бұл жобасы алғаш рет Ұлттық кеңестің бірінші отырысында айтылған еді. Ал 2022 – Балалар жылы жобаның екінші бөлігі іске асты. Атап айтқанда, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Nickelodeon» және «TiJi» каналдарымен келіссөздер жүргізіп, ынтымақтастық орнатты. Еліміздің кабельдік операторлары осы арналарды қазақша көрсете бастады. «Nickelodeon»-ның балалар мен жасөспірімдерге арналған бүкіл әлемге танымал телеарна екенін ескерсек, шетелдік белгілі анимациялардың қазақша сөйлеуі қазақтілді балалар медиа контентінің көбеюіне септігін тигізері анық.