Суперкомпьютер Қазақстанға не үшін керек және ол орталық, қалай жұмыс істейді?

Суперкомпьютер Қазақстанға не үшін керек және ол орталық, қалай жұмыс істейді? Сурет: Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің баспасөз қызметі

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің базасында іске қосылған Farabi Super Computer орталығы ғылым мен технология саласындағы жаңа мүмкіндіктерді ашып отыр, - деп хабарлайды Aqshamnews.kz.

Айгерім Есімханның «AI Ғылым» бағдарламасында орталық директоры Әмірхан Темірбаев пен ҚазҰУ-дың Компьютерлік ғылымдар кафедрасының меңгерушісі Нұрислам Қасымбек суперкомпьютердің қалай жұмыс істейтінін, оның ғылымға, мемлекеттік есептеулерге және жас ғалымдарға берер мүмкіндігін түсіндірді.

Фараби суперкомпьютер орталығы қалай құрылды?

Фараби суперкомпьютер орталығы Қазақстан мен Қытай арасындағы үкіметаралық келісім негізінде іске асқан. Әмірхан Темірбаевтың айтуынша, бұл келісімге 2019 жылы Қазақстан Президенті Қытайға сапары кезінде қол қойған. Ал 2024 жылы Қытай басшылығының Қазақстанға ресми сапары барысында келісім қайта жаңартылып, соның нәтижесінде суперкомпьютер елге жеткізілді.

Суперкомпьютерді орналастыру үшін ҚазҰУ базасында арнайы деректер орталығы салынған. Қазіргі таңда жүйе толық іске қосылып, бір айға жуық уақыт жұмыс істеп тұр. Әзірге нақты ғылыми нәтижелер жарияланбағанымен, орталық мемлекеттік органдармен және министрліктермен бірлесіп есептеулер жүргізе бастаған.

Суперкомпьютер ауа райын дәл болжауға мүмкіндік береді
Фараби суперкомпьютерінің алғашқы жобасы ауа райын дәл болжауға бағытталған. Орталық «Қазгидромет» ұйымымен бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Қазіргі таңда бұл мекеме суперкомпьютер болмағандықтан, ауа райын негізінен облыс орталықтары деңгейінде ғана болжай алады. Ал суперкомпьютер көмегімен Қазақстанның барлық өңіріне нақты әрі дәл болжам жасауға мүмкіндік бар. Әмірхан Темірбаевтың айтуынша, бұл бағыттағы алғашқы есептеулер жүргізіліп жатыр және нәтижесі тиімді болады деп күтілуде.

Нұрислам Қасымбек бұл процестің модельдеуге негізделетінін түсіндірді. Егер есептеу қуаты жеткіліксіз болса, ертеңгі күннің ауа райын бірнеше күннен кейін ғана алуға тура келеді, ал ол кезде ақпарат өзектілігін жоғалтады. Сондықтан суперкомпьютер есептеулерді жеделдетіп, дер кезінде нақты болжам жасауға мүмкіндік береді.

Суперкомпьютердің қуаты қандай?

Фараби суперкомпьютері – гибридті жүйе. Оның өнімділігі 2000 терафлопсқа тең. Бұл қарапайым компьютермен салыстырғанда шамамен 10 мың есе жоғары қуат деген сөз.

«Суперкомпьютердің басты артықшылығы – уақыт үнемдеу. Бұрын бір есепті шығару үшін он күн қажет болса, енді оны бір немесе он сағатта орындауға болады. Қазгидромет сияқты мекемелер үшін бұл бүкіл ел аумағын қамтитын нақты есептеулер жүргізуге жол ашады», – деді Әмірхан Темірбаев.

Орталық өкілдері суперкомпьютерді пайдалану үшін студенттер мен жас ғалымдарға есік әрдайым ашық екенін айтты. Келіп, тәжірибе жинақтауға, өз есептерін жүргізуге мүмкіндік бар.

Суперкомпьютер қай салаларда қолданылады?

Суперкомпьютер тек бір саламен шектелмейді. Ол биология, химия, физика, биоинформатиада да кеңінен қолданылады. Нұрислам Қасымбектің сөзінше, модельдеу ғылымның барлық бағытында қажет.

ҚазҰУ-да биылдан бастап бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында жаңа жобалар іске қосылған. Бұл жобаларда биоинформатикалық есептерді шешу үшін Фараби суперкомпьютері қолданылады.

Жас ғалымдарға қандай мүмкіндік бар?

Әмірхан Темірбаевтың айтуынша, қазіргі таңда Қазақстан бойынша бар болғаны 3 суперкомпьютер бар. Бұл енді шығып жатқан технология болғандықтан, ақпараттандыру аз. Сол себепті ол туралы көп жастар білмеуі мүмкін. Десе де, суперкомпьютер жас ғалымдарға да қолжетімді.

«Жас зерттеушілер гранттық және қаржыландыру конкурстарына қатысып, жобаларын ұсына алады. Егер жоба жеңіп шықса, суперкомпьютерде өз алгоритмдерін жасап, күрделі есептеулер жүргізуге мүмкіндік алады», – дейді Әмірхан Темірбаев.

Ол жастардың ғылымға қызығушылығы жоғары екенін атап өтті. Соңғы төрт жылда Қазақстанда ғылымды қаржыландыру 3,5 есеге артқан. Соның нәтижесінде жалақы да, ғылыми жобалардың саны да көбейген. Сонымен қатар мемлекет тарапынан «Жас ғалым» бағдарламасы іске қосылған. Дегенмен ғылмадағы жетістіктер мен жастардың қызығушылықты одан әрі арттыру үшін қаржыландыру көлемін көбейту қажет.

Суперкомпьютер жұмыс барысында көп жылу бөледі. Нұрислам Қасымбек энергияның басым бөлігі жүйені салқындатуға жұмсалатынын айтты.

«Бұрын ауа арқылы салқындату қолданылса, қазір су арқылы салқындату кеңінен тараған», – деді ол.

Әмірхан Темірбаевтың айтуынша, Финляндия, Норвегия сияқты елдер суперкомпьютерлерді салқын аймақтарда орналастырады. Себебі суперкомпьютерге қажетті энергия көзі жылуды суытуға кетеді. Ал егер оны суық жерге орналастырса, оны суытудың қажеті болмайды. Бұл энергияны үнемдеуге мүмкіндік береді.

«Қазақстандық суперкомпьютер» деген ұғым бұл жүйенің Қазақстан аумағында орналасқанын ғана білдіреді. Ол толықтай елімізде жасалған технология емес. Себебі суперкомпьютерге қажетті негізгі жабдықтар мен чиптер Қазақстанда өндірілмейді», – деді Нұрислам Қасмбек.

Фараби суперкомпьютері әлемдік «топ-500» рейтингіне кірмейді
Әмірхан Темірбаев дамыған елдердің барлығында дерлік суперкомпьютерлер бар екенін, ал ең қуаттылары АҚШ-та шоғырланғанын айтты. Оның сөзінше, әлемдегі ең мықты суперкомпьютерлердің «топ-500» рейтингі бар.

«Бұл рейтингке Фараби суперкомпьютері кірмейді. Оның өнімділігі бойынша өзіміз жүргізген бағалау нәтижесінде, шамамен 650-орында тұр», – деді ол.

Әлемдік рейтингке ену үшін қомақты қаржыландыру қажет. Суперкомпьютердің негізгі технологиялары Қазақстанда өндірілмейді, сондықтан мұндай жүйелер шетелдік компаниялардан сатып алынады. Қаржы жеткілікті болса, қуатты суперкомпьютер алып, әлемдік рейтингке кіруге болады. Алайда орталықтың басты мақсаты рейтингке ену емес.
«Біздің мақсат – бар мүмкіндікті тиімді пайдалану. Фараби суперкомпьютерінің қуаты 2000 терафлопс. Егер осы ресурсты толық жүктеп, мемлекеттік органдарға, министрліктерге және ғалымдарға нақты есептеулер жүргізе алсақ, осының өзі үлкен жетістік», – дейді Әмірхан Темірбаев.

Мәтінін редакциялаған: Жадыра Әділбекқызы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
1
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

18:46

18:21

17:50

17:35

17:25

17:20

17:10

17:01

16:34

16:30

16:15

16:05

15:51

15:24

15:18

15:01

14:45

14:35

14:15

14:04

12:37

12:30

12:13

11:50

11:35