Алматыда мәслихаттың кезектен тыс XL сессиясы өтті. Онда қала үшін маңызды бірқатар мәселе қаралып, жыл соңындағы шешімдер қабылданды, - деп хабарлайды Aqshamnews.kz.
Атап айтқанда, депутаттар Алматы қаласының атмосфералық ауасын қорғау ережелерін бекітті. Бұл ереже Қазақстанда алғаш рет енгізіліп отыр және мегаполистің ерекшеліктерін ескере отырып, ластанудың негізгі көздерін реттеудің бірыңғай кешенді тетігін қалыптастырады. Құжат агломерация бойынша шекті жол берілетін шығарындылардың жиынтық томының деректеріне негізделген. Оған сәйкес, жалпы шығарынды көлемі – 225 мың тонна, оның 189 мың тоннасы тікелей Алматыға тиесілі. Оның ішінде шамамен 112,7 мың тоннасы автокөліктерден, ал шығарындылардың 84%-ға жуығы экологиялық класы төмен автокөліктерден бөлінеді.
Бекітілген Ережелер атмосфераға түсетін жүктемені кезең-кезеңімен азайтуды көздейді. Бұл автопарктерге экологиялық талаптарды енгізу, III санаттағы нысандарға бақылауды күшейту, төмен шығарындылар аймақтарын (LEZ) құру, сондай-ақ ауа сапасын бақылау мен цифрлық есепке алу жүйесін дамыту арқылы іске асады.
Сонымен қатар, депутаттар Алматы қаласындағы жасыл желектерді күту және қорғау ережелеріне өзгерістер енгізу жобасын қарап, қолдады. Жаңа өзгерістер жасыл желектерді түгендеу және күту тәртібін нақтылап, ағаш кесу мен отырғызу жұмыстарындағы талаптарды күшейтеді, сондай-ақ жер пайдалану және мердігер ұйымдардың экологиялық талаптарды сақтауын бақылау механизмін кеңейтеді. Ағаш зақымдау мен заңсыз кесуге қатысты жауапкершілік күшейтіліп, жойылған жасыл желектің орнына жаңасын егу және өспей қалған өсімдіктерді қалпына келтіру жөніндегі нақты ережелер енгізіледі.
Сонымен қатар, депутаттар «Алматы қаласының жол қозғалысы қауіпсіздігі мен көлік қозғалысын талдау бойынша зияткерлік жүйе» мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы аясындағы мемлекеттік міндеттемелерді қабылдау туралы мәслихат шешіміне өзгерістер енгізді. Шарттың ұзартылуына байланысты қалада қосымша 350 «Сергек» камерасы орнатылады. Жол-көлік оқиғаларының көрсеткіштерінде оң динамика байқалады: халық санының өсуіне қарамастан, 2021-2025 жылдар аралығында жол апаттарынан қайтыс болу деңгейі орта есеппен 30%-ға, ал 100 мың адамға шаққандағы ЖКО саны 10%-ға азайған.
Сондай-ақ сессия барысында 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексіне байланысты автотұрақтар мен паркингтерге салынатын жер салығын реттеу мәселелері қаралды.
Сессия барысында Алматы қаласы аумағында сыртқы (визуалды) жарнаманы орналастыру үшін ай сайынғы төлем мөлшерлемелері де бекітілді. Атап айтқанда, ірі форматты жарнама құрылымдары мен жарықдиодты LED-экрандар үшін инфрақұрылым мен энергоресурстарға түсетін қосымша жүктемені өтеу мақсатында жоғары мөлшерлемелер белгіленді, ал шағын форматты және жылжымалы жарнама үшін төмендетілген төлем қарастырылған, бұл шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған.
Сессия соңында кадрлық және ұйымдастырушылық мәселелер қаралды. Ардақ Байымбетов қаланың Ревизиялық комиссиясының төрағасы болып сайланды. Ол қаржылық бақылау және мемлекеттік аудит жүйесінде еңбек еткен, Қаржы министрлігі мен Есеп комитетінде басшылық қызметтер атқарған. 2024 жылдан бастап ҚР Энергетика министрлігінің Ішкі аудит департаментін басқарған.
Мәслихат сессиясында жаңадан құрылған сайлау учаскелерінің учаскелік сайлау комиссияларының құрамы бекітіліп, комиссия мүшелері өкілеттік мерзімі аяқталғанша сайланды. Сондай-ақ, VIII шақырылымдағы мәслихаттың тұрақты комиссияларының құрамына өзгерістер енгізіліп, 2026 жылға арналған мәслихаттың жұмыс жоспары мақұлданды.