«Сіз Glovосыз ба?..»

«Сіз Glovосыз ба?..» almaty-akshamy.kz

Мектеп бітіруші түлектер үшін шешуші сәт – Бірыңғай Ұлттық тестілеу басталғалы да екі аптадан асты. Бір анығы, қазір тест тапсыру ережесі, жөн-жорасы әлдеқайда жеңілдеді. 

Сынақтан қай күні, қай жерде өткісі келетінін талапкер өзі таңдайды және бұрынғыдай бір-ақ рет емес, тестті екі қайтара тапсырып, грантқа соның ішіндегі үздік нәтижесімен қатыса алады. Ал өткен жылға дейін түлектер бір-ақ рет бақ сынайтын да, нәтижесі төмен болып қалса бүкіл өмір сонымен біткендей салы суға кететін. Қалай болғанда да, сынақтың аты – сынақ. Талапкердің өзі де, ата-анасы да бірінен бірі өтіп қобалжитыны, алаңдайтыны белгілі. 

Алматыдағы Қазақ ұлттық университеті аумағындағы тест орталығына жол түскенде оған көзіміз жете түсті. Топ-тобымен жүргендердің бір бөлігі – талапкерлердің ата-анасы мен жақындары болса, енді бір бөлігі – сынақ тапсыруға кіріп кеткендерге қолдау білдіруге келген жанкүйер ұстаздары, достары. Ата-аналардың жүзінен бір мазасыздық байқалады. «Қызым ғой, тұңғышым. Туғанда бір рет қиналып едім, бүгін екінші рет толғатып, қатты толқып тұрмын», – дейді орта жастағы бір келіншек. «Алла балаларымыздың бағын ашсын! Не ұйқы, не күлкі жоқ, қаншама уақыттан бері көз майын тауысып дайындалған еңбектері ақталса екен! – дейді тағы бірі. 

Мектептен бөлек, балаларды тестке дайындайтын орталық мамандары да: «Біз саған сенеміз!», «Juz 40 сенімен бірге!» деген плакаттар көтеріп, орталық маңайында жүр. Белгіленген уақыт бітіп, талапкерлер біртіндеп шыға бастағанда көпшілік қауым назары бірден соларға ауды. «Қанша балл?», «қалай болды?», «қиын болған жоқ па?» деген сұрақтар тұс-тұстан жауып жатыр. Бір жақсысы, қазір әр бала өзінің жинаған балын бірден біліп шығады екен. Көпшілігі көңілді. «115», «120», «130» деген дауыстар жарқын-жарқын шығады. «Менің баллым 108 болып қалды» деп жыламсырап тұрған қыздың сыныптастары болуы керек, екі ұл бала: «бізге де солай, 108 алып қалдық деп жылауды жазсын» деп күліп жатыр. Қалай болғанда да, әлі екінші мәрте тапсырып көретін мүмкіндіктері бар екенін барлығы біледі, соны айтып, өздері бір-бірін жұбатып та қояды.    

Тест орталығы аумағында ұялы телефон байланысы бұғатталғандықтан, талапкер сіңлімнің хабарын біле алмадым. ҚазҰУ маңайынан ұзап барып хабарласқанда оның ертерек тапсырып қайтып кеткенін, нәтижесі өте жақсы болғанын естідім. Өзін көріп, құттықтап қайтайын деп KFC-ге тапсырыс беріп қойып, күтіп тұрғам...

«Сіз Glovосыз ба?..» деген дауыс жалт қаратты. «Иә, иә» дейді сатушы үстелінің алдында тұрған жас бала. Құлағы үйренгені сонша, «Glovо» деген атау құдды өзінің төл есіміне айналып кеткен сияқты. Басындағы дулыға сияқты үлкен каскадан бет-жүзі көрінбейді де. Арқасында өзінің дене тұрқынан екі есе қомақты сары сөмке. Еңкейгенде иілген қылдырықтай мойны мен балаң иығына сөмкенің айтарлық күш түсіріп тұрғаны көрер көзге байқалып-ақ тұр. Аяғында – саптама етік. Ал далада – күн шыжып тұр... Ол қазір тапсырысты алады да, мопедке міне сала, қала көшелеріндегі қайнаған көлік тығынының ара-арасымен зулап кете барады. Қаншама қауіп, қаншама қатер!.. 

Ал көшенің арғы бетінде осы баламен қатарлас жастар жарқын болашаққа талпынып, жақсы нәтиже көрсетуге тырысуда. Қай-қайсысы да еңбегі жанып, мақсатына жетсе екен. Тауы шағылса олардың да кез келгені бүгінгі арман-мұраты түгіл, атын да, затын да ұмытып, күндердің күнінде «Glovoға» айналып кетпесіне кім кепіл?!      

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

12:47

12:43

11:36

11:25

10:36

09:50

09:43

09:01

08:49

08:01

20:25

19:51

19:02

18:49

18:42

18:02

17:38

17:29

16:40

16:24

16:18

15:52

15:31

15:25

15:08