Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар медиа саласына және жаңартылатын энергияға қатысты заңдарды, сондай-ақ, балық аулау субсидиялары жөніндегі келісімді қарады.
Отырыс барысында сенаторлар «Масс-медиа туралы» заңды және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» заңдарды қарап, мақұлдады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
Палата Төрағасы атап өткендей, бұл заңдар масс-медиа саласындағы заңнаманы жүйелі түрде жетілдіруді көздейді. Негізгі заң арқылы масс-медиа қызметінің мақсаттары, қағидаттары мен міндеттері бекітілді.
«Оқиғаларды объективті түрде жариялау және таратылатын ақпараттың анықтығы заңда көрсетілген негізгі қағидаттардың бірі. Жаңа нормалар арқылы БАҚ қызметін ұйымдастыру шарттары, журналистердің кепілдіктері, олардың азаматтармен және ұйымдармен өзара қарым-қатынасының негіздері де реттелді. Мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайту мақсатымен отандық контентті дамытуға арналған ережелер де қарастырылған. Балалар мен мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қосымша қорғауға арналған нормалар да бар. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, мемлекет, медиа және қоғам арасындағы келісім Әділетті Қазақстанның берік іргетасына айналуға тиіс. Осы ретте мақұлданған заңдар барлық мүдделі тараптың пікірін ескеретін сапалы жаңа құқықтық модель қалыптастырады деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Ұсынылған жаңа нормалардың қатарында қаржыландыру тетіктеріне, бұқаралық ақпарат құралдарының материалдарына қойылатын ескіру мерзімдерін белгілеуге, БАҚ сұрауларын қарау мерзімдерін қысқартуға және тағы басқа мәселелерге қатысты новеллалар бар.
Сонымен қатар Сенат отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау және электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қаралып, мақұлданды. Бұл заң осы бағыттағы қолданыстағы заңнаманы жетілдіруге, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану көлемін одан әрі ұлғайтуға, сондай-ақ, электр энергетикасы саласын қосымша қолдауға бағытталған. Осыған байланысты заңда жаңартылатын энергия технологияларын пайдалануды ынталандыру және өңірлік электр желілерін дамыту үшін бірқатар құқықтық тетіктері қарастырылған.
Сондай-ақ депутаттар «Дүниежүзілік сауда ұйымын құру туралы Марракеш келісіміне өзгерістер енгізу туралы хаттаманы (Балық аулау субсидиялары жөніндегі келісім) ратификациялау туралы» заңды да қарап, мақұлдады. Құжат заңсыз, хабарланбайтын және реттелмейтін балық аулауға ықпал ететін субсидия беруді шектеу арқылы балық ресурстарының сақталуын қамтамасыз етуге арналған. Отырыста атап өтілгендей, ДСҰ-ның барлық мүшесі үшін міндетті Хаттаманың қабылдануы көпжақты сауда байланысы бар ел ретінде Қазақстанның имиджіне оң әсерін тигізеді.
Палата отырысында сенаторлар депутаттық сауалдарын да жолдады.
Андрей Лукин Үкіметті сақтандыру компанияларының қызметіне бақылауды күшейтуге шақырды. Депутаттың айтуынша, қазіргі ең төменгі сақтандыру мөлшерлемесі жұмыс берушілер үшін, әсіресе, ауылдық жерлерде қаржылық ауыртпалық тудырып отыр.
Мұрат Қадырбек Кентау қаласының экологиялық проблемаларына тоқталды. Ол экологиялық қауіпті аймақтарда тұратын азаматтарға үстемақы төлеу мәселесін көтерді.
Алтынбек Нухұлы мектеп оқушыларына арналған білім беру бағдарламасының жүктемесі шамадан тыс екенін айтып, алаңдаушылық білдірді. Депутаттың пікірінше, Орта білім беру сапасын арттыру тұжырымдамасына осы бағыттағы халықаралық тәжірибені ескере отырып өзгерістер енгізу керек.
Нурия Ниязова Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы көпсалалы аурухананың өзекті проблемаларына Үкіметтің назарын аударды. Аталған нысан ангиографиялық жүйе орнатуды қажет етеді. Бұл жабдық қан айналымы жүйесінің ауруларын сапалы емдеу және инсульт салдарынан болатын өлімді азайту үшін керек.
Арман Өтеғұлов өз сауалында отандық теміржол саласындағы негізгі проблемаларға, оның ішінде инфрақұрылымның тозуы, вагондардың тапшылығы, процестерді автоматтандырудың төмен деңгейі, билеттердің жетіспеушілігі және олардың жоғары құны сияқты түйткілдерге тоқталды.
Айнұр Арғынбекова радиофармацевтикалық дәрілік препараттарды тіркеу және лицензиялау процесіндегі шектеулер елімізде ядролық медицинаның дамуына кедергі келтіретінін тілге тиек етті. Осыған байланысты сенатор процедураны жеңілдету үшін ұлттық нормативтерді еуропалық стандарттарға бейімдеуді ұсынды.