Семіздік соңғы уақытта бүкіл әлемнің айтарлықтай бас ауруына айналды. Бұған не себеп? Семіздіктен қалай арылуға болады? Ендеше осы мәселенің төркініне үңіліп көрелік.
Бүгінгі өзекті мәселе – адамзат қозғалыстан қалып барады. Қоғам дамыған сайын қол еңбегінің көпшілігін тұрмыстық техникалар атқарады. Жұмыста да, үйде де аз қозғаламыз. Жаяу жүретіндер де сирек. Бір күндік жейтін тағамның мөлшері мен құнарлығы адамның атқаратын жұмысына тікелей байланысты. Мысалы, кабинетте отыратын адам мен шахтердің, құрылысшының күш жұмсауы, қозғалысы екі түрлі. Ой еңбегі мен дене еңбегінде ағза тағамды әртүрлі сіңіретініне мән беру керек. Шектен тыс семіру ең бірінші кезекте жүректің жұмысын нашарлатады.
Семіздікке дұрыс тамақтанбау, үнемі арақ-шарап ішу, қант, кәмпит, кондитерлік тәттілер, қуырылған тағамдарды жеу де әсер етеді. Семіздіктен қатерлі ісік, қант диабеті, гипертония аурулары, стенокардия мен миокард инфаркты, өтте тас пайда болады.
Негізі, «Тамақты көп жейтіндер тез толады» деп біржақты айтуға болмайды. Бұл әркімнің денсаулығына, генетикасына да байланысты. Тұқым қуалаушылық немесе ағзада белгілі бір аурулардың белгілері болса да адам семіздікке шалдығады. Бірақ көп жағдайда семіздікке шектен тыс қомағайлық, дұрыс тамақтанбау себепкер болады. Ағзадағы зат алмасу процесі бұзылған адам тез толыса бастайды.
Соңғы жылдары көбінесе, біріншіден, «алма» тәрізді толатындар көп. Бұл кезде адамның жоғарғы жағы семіріп, аяқ жағы жіп-жіңішке қалпында қалады. Екіншісі – «алмұрт» тәрізді толу. Мұндай жағдайда адам ағзасының бет пішіні, кеудесі бастапқы қалпында қалады да белінен төмен қарай үрлеген шар сияқты толады. Үшіншісі – адамның доп-домалақ болып, тұтастай толуы. Соңғы жылдары, көбінесе «алмұрт», «алма» пішіндес, сондай-ақ, ішінара «құмсағат» сияқты толғандар көп кездеседі.
Негізі, семіздікті әлеуметтік тұрмыстың түзелгені деп насихаттаудың қажеті жоқ. Бұрынырақта дұрыс тамақтану, спорт, дене шынықтыру, ағзаны сауықтыру, жүйелі ем қабылдау, демалысты дұрыс ұйымдастыра білу жайында кітаптар көп болатын. Елге түсінікті, халықтың қолы жететін дүниелер насихатталатын. Қазір пайдасы бар-жоғына қарамастан, тәтті сусындар мен шоколадтардың және фаст-фудтардың жарнамасы көбейіп кетті.
· Қалай күрескен жөн?
Артық салмақтан арылып, сымбатты болғысы келген жан ең әуелі маманның кеңесіне құлақ түргені абзал. Дәрігер «семіздікке шалдыққан» деп диагноз қойса, бірден фитнеске жүгірудің қажеті жоқ. «Қалайда арықтауым керек» деп, ағзаға күш түсіруге болмайды. Жүрекке салмақ түссе, адам аяқастынан инфаркт алып қалуы мүмкін. Адам темір емес, сондықтан кез келген жағдайда әр нәрсенің шегі бар. Сергек, шымыр болу үшін фитнестің де пайдасы бар. Алайда бұрыннан күнделікті шынығып жүрмегеннен кейін фитнеске барып азып кетемін деу – бекер.
Фитнесте көп жаттығу жасап, энергия шығындаған соң адамның қарны ашады. Ондай жағдайда көкөніс жеу керек. Аш қарынға тойып тамақ ішуге болмайды. Қанша диета ұстаса да, фитнеске қатысса да салмағы азаймай, бастапқы қалпында тұрып қалатын жағдайлар да болады. Адам бірден азып кетпейді, жинаған қорын көп уақытқа дейін сақтап тұрады. Тек белгілі бір уақытттан соң ғана ұлпалар жайлап майдан ажырай бастайды.
Семіргенде салмақ бірден емес, ақырындап қосылады. Демек арықтағанда да салмақты біртіндеп тастау керек. Айына екі-үш келі тастасаң, сол жетеді. Бірден қатты азып кету, ол да зиян.
Қазір жастарда инфаркт көп. Бұрын холестерин 60-70-тен асқан адамдарда көп кездескен болса, қазір 30-40 жастағылардың өзінде холестерин мөлшері мол. 10-15 жыл бұрын қант диабетімен үлкен кісілер ауыратын. Онда да ілуде біреу. Қазір қант диабеті жастардың арасында да кеңінен таралуда. Тіпті 12-14 жастағы балалардың өзі қант диабетімен ауырады. Семіздік жайлаған сайын басқа аурулар да жасарып барады.
Дерек пен дәйек
* Қазақстан халқының 4 миллионнан астамы семіздікке шалдыққан.
* Елімізде артық салмақ әрбір екінші әйелдің бас ауруына айналған.
* Дүниежүзі халқының 30-35 пайызы семіздіктен зардап шегеді.
* Әлемдегі ең семіз адамның салмағы 572 келі, яғни жарты тоннадан көп болған.
* Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының мәлімдеуінше, соңғы 20 жылда балалардың 60 пайызы семіздікке душар болған.
Дайындаған Р.ҚҰРМАНБАЙ
(Ғаламтор деректері негізінде әзірленді)