ҚЫРҒЫЗСТАН: САЙЛАУ – 2026
2026 жылы көршіміз Қырғыз елінде президент сайлауы өтеді. Биыл қаңтар айының соңына таман Садыр Жапаровтың сайлауға түсуге ниеті бар екені белгілі болды. Бұл туралы президенттің баспасөз-хатшысы Аскат Алагозов жазды деп хабарлады Interfax.ru. Интернет басылым баспасөз-хатшысының әлеуметтік желідегі парақшасына сілтеме жасап хабарлаған. Бірақ оның Facebook, Instagram желілерінде мұндай ақпарат жоқ. Қазіргі президенттің келесі сайлауға түсуге ниетті екені жайлы ақпаратты жоққа шығармағанына қарағанда ақпарат шынайы болуы керек. Қалай дегенмен де, Садыр Жапаровтың қатарынан екінші рет ел тізгінін ұстауға мүмкіндігі бар. Бірақ халықтың басым көпшілігіндегі саяси абсентейстік көзқарас пен азаматтық қоғамның наразылығы оның мақсатына жетуіне кедергі болуы мүмкін.
Тепе-теңдік және тежемелілік қажет
Қырғыз Республикасы Орталық Азияда орналасқан мемлекет. КСРО құрамында болған. 1990 жылдардағы аласапыран уақытында тәуелсіздік алды. Сол кезден бері суверенді мемлекет ретінде халықаралық қатынастардың тең құқылы субъектісі болып табылады.
Қырғыз елінде 2000 жылдардан бері қарай бір-біріне қарама-қайшы екі қоғамдық-саяси үдеріс жүруде. Бір жағынан елде демократиялану үдерісі дамыса, екінші жағынан мемлекеттік саяси институттар әлсіз. Демократия мен азаматтық қоғамның дамуы бойынша аймақта көшбасшы ел. Британиялық зерттеу және сараптама орталығы саналатын Economist Intelligence Unit құрастырған рейтингте алдыңғы орындарды иеленеді. 2022 жылғы мемлекеттер арасында демократияның даму деңгейі бойынша 116-орынға жайғасып, аймақта көшбасшы елге атанған. Рейтинг 5 көрсеткішті ескере отырып құрастырылады. Оларға сайлау үдерісі және плюрализм, үкіметтің қызметі, саяси қатысу, саяси мәдениет, азаматтық еркіндік жатады.
Демократияның дамуы мен азаматтық қоғамның белсенділігінен бөлек онда мемлекеттік саяси институттар әлсіз. 2005 жылы Қызғалдақ революциясы орын алды. Жаппай наразылықтан кейін Асқар Ақаев президенттіктен кетуге мәжбүр болды. Оның орнына келген Құрманбек Бакиев 2010 жылы наразылықтан кейін өз орнынан бас тартты. Елдің экс-президенттері Алмазбек Атамбаев пен Сооронбай Жээнбеков арасында саяси қақтығыс болғаны бәрімізге белгілі. Саяси қақтығыстар тек парламент пен президент, президент пен оппозиция арасында ғана емес, экс-президенттер арасында болған. Мұның бәрі мемлекеттік саяси институттардың әлсіздігі мен билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік және тежемелілік қағидасының сақталмауын көрсетеді. Дегенмен, басты қауіп бұл емес.
Басты қауіп – абсентеизм
Елдің қазіргі басшысы Садыр Жапаров экс-президенттермен салыстырғанда саяси сауатты деуге болады. Ол елдің наразылығынан кейін билікке келді. 2021 жылы 10 қаңтарда кезектен тыс сайлауда жеңіске жетті. Президенттік сайлауды мерзімінен бұрын шақыруға елдегі саяси дағдарыс себеп болды.
2020 жылы 4 қазанда кезекті Парламент сайлауы өтті. Сайлаудың нәтижесі оппозицияға ұнаған жоқ. Наразылықтан соң сайлау нәтижесі заңсыз деп танылды. Президент Сооронбай Жээнбеков отставкаға кетті. Кейін 2021 жылы президент, парламент сайлаулары өтті. 10 қаңтарда президент сайлауымен қатар жалпыхалықтық референдум өткен еді. Конституцияға өзгеріс енгізу мақсатында өткен референдумдағы басты мәселе мемлекетті басқару формасын анықтау. Президенттік басқару керек пе, әлде парламенттік пе? Осының бірін таңдау керек болды.
Екі сайлауға қатысқан жұрттың басым көпшілігі Садыр Жапаровты қолдап, президенттік басқару нысанын таңдады. Қазіргі президент 80%-ға жуық қолдау тапты. Референдумда президенттік басқару формасын 81%-дан астам адам қолдады. Бірақ бұл сайлауларға қатысу көрсеткіші өте төмен болды. Дауыс беруге құқылы азаматтардың 39%-ы ғана сайлауға қатысты. Демек, 61%-ы ел үшін маңызды қоғамдық-саяси үдерістен тыс қалды деген сөз.
Халықтың жартысынан астамы саяси өмірге араласпаған. Бұл билік институттарына халықтың сенімінің төмен екенін көрсетеді. Мемлекет үшін халықтың сайлауға қатысу көрсеткішінің жоғары болғаны тиімді. Абсентеизм ең басты қауіп болып тұр. Себебі, түрлі ішкі және сыртқы саяси күштер арбауына түсу ықтималдығы жоғары.
- Абсентеизм(лат. absens, absentis) – сайлаушылардың сайлау кезінде саналы түрде дауыс беруге қатыспауы, өзінің құқықтары мен міндеттерін жүзеге асыруға селқостық танытуы. Кең мағынада адамдардың саяси өмірге «менің ісім емес», «менің даусымнан ештеңе өзгермейді» деп немқұрайлылықпен қарауы. Үйреншікті санада абсентеизм – «саясаттан шаршау». (Дереккөз: Уикипедия – ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет).
Садыр Жапаровтың жеңіске жету мүмкіндігі жоғары
Садыр Жапаров билікке келгеннен бері президент институтының беделін арттыруға тырысып келеді. 2021 жылғы конституциялық референдумдардан соң мемлекет парламенттік-президенттік басқару формасынан президенттік басқаруға өтті. Одан бері парламент пен президент институттары арасында ашық қақтығыстар болмады. Мұның бәрі институционалды деңгейде реформаларды жүзеге асырып жатқанын көрсетеді.
Бұл әрекеттердің бәрі алдағы, 2026 жылы өтетін сайлауға дайындық басталғанын білдіреді. Бірақ Орталық Азия елдеріне тән заңдылық бар. Сайлаулар әдетте мерзімінен бұрын өтеді. Қырғыз Республикасында мұндай жағдай болуы мүмкін бе? Біздің ойымызша жоқ. Себебі, мерзімінен бұрын президент сайлауын елдің парламенті – Жоғарғы Кеңесі шақыруға құқылы. Демек, конституцияда парламент пен президент институттары арасында тепе-теңдік және тежемелілік қағидасы сақталған.
Сайлау уақыты өткеннің өзінде Садыр Жапаровтың жеңіске жету мүмкіндігі жоғары. Елдің жаңа туын қабылдау сияқты шаралар оның ел алдындағы беделін арттыруда. Бірақ жоғарыда жазғанымыздай, басты қауіп сайлауға қатыспайтын азаматтар екенін ескерген жөн.
«Аlmaty-akshamy», №12, 13 ақпан, 2024 жыл