Израиль–ХАМАС арасындағы жаңа әрі ауқымды қақтығыстың басталғанына бір ай толды. Осы уақытта Газада қаза болғандар саны төмен санға жетіп қалды. Ал Тель-Авив өзіне қол салған ұйымды түгел жоймай тынбайтынын айтады. Қазіргі шабуыл екпініне қарағанда, қарулы топты жойып біткенше Газа секторында бірде-бір бүтін кірпіш қалмайтындай. Атшаптырым аумақта ғана болып жатқан қақтығыстың дүмпуі дүниенің төрт бұрышына жетіп жатыр. Тіпті, соғыс оты аймаққа жайылып кете ме деген қауіп те бар. Бірер ұрпақ өмірінде тоқтамаған Израиль–Палестина жанжалы қазір жаңа екпін пен жаңа деңгейге ойысқан. ХАМАС қаруын сайлап Газадан қабырғасын бұзғанға дейін де әлем жағдайы аласапыран болатын. Таяу Шығыстағы соғыс оты әлемнің жанжал көрігін тіпті де қыздырып жіберді. Таяу Шығыстағы бұл соғыстың тұтас әлемдегі геосаяси жарылыс үрдісімен қатар болуы да көп нәрсені түсіндіреді.
Мұндай білтелі істе жіптің алыс бір ұшын ұстап сыртқы ойыншылардың жүретіні де белгілі. Десе де, әр тарап жанжалдың ауа жайылып бара жатқанына алаңдаулы. Аймақтағы ішкі-сыртқы ойыншылар да өзара диалог жүргізіп, қақтығыстың салдарын талқылап жатыр. Аймақ ішінде белсенді ішкі ойыншы саналатын Түркия мен Иран барлық мүдделі тарапты үстел басында бас қосуға шақыруда. Дегенмен, үрдістің сипаты бір ғана аймақтық мәселеде емес. АҚШ, Ресей, Қытай сынды ірі ойыншылар да осы мәселеде түрлі мүдде тұрғысынан әрекет етеді. Осыншалық аңдатпадан кейін бүгінгі сөз-сарапты «Израиль–ХАМАС қақтығысы біздің іргеміздегі екі державаға қалай әсер етті, олардың ұстанымы қандай?» деген сауал төңірегінде өрбітеміз.
Күтпеген дипломатиялық қадам
Әу баста Таяу Шығыста жаңа соғыс майданының ашылуы солтүстік көршімізге қолайлы шарт түзеді деген пікір айтылған. Тіптен олай болуы да екіталай. Израиль–Палестина мәселесінде Ресей позициясы бұрыннан белгілі. Көбінше, 1967 жылғы шекараны негіз еткен және тәуелсіз Палестинаның құрылуын қуаттап келеді. Бейжің де тура осы ұстанымды ұстанған. Мәскеу бұл тарихи дау-дамайда Израильге қарсы тарапқа қолдау көрсетуші ретінде көрінеді. Соған қарамастан, Ресей–Израиль қарым-қатынасы тым салқын емес. Қалыпты дипломатиялық байланысты ұстаған. Бірақ бұл жолы Тель-Авив «ХАМАС-ты ашық айыптамады» деп Мәскеуге сын айтты. Оның үстіне РФ тарабы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде ХАМАС-ты айыптаған резолюцияға вето қойды. Бұның бәрі солтүстік көршіміз жағынан күтулі позиция қатарында есептеледі.
Ал соғыс басталғаннан кейін ХАМАС делегациясын Мәскеуге шақыруы көп тарап үшін күтпеген дипломатиялық қадам болды. Өткен аптадағы бұл оқиға Тель-Авивтің айыптауына да ұшыраған болатын. Бірақ жалпы жағдай тұрғысынан, Израиль–ХАМАС соғысы кейбір энергия экспорттаушы елдермен Ресейді бір шепке қарай шоғырландырды. Мұнда зардап шегуші Еуропалық одақ болуы мүмкін. Себебі, Балтық жағалауындағы газ қорында болған апатты жағдайдан кейін, Еуропа қысқы энергия мәселесінде қорқынышқа тап болды. Қазір Еуропаның энергия импортында Ресей айтарлықтай орын иеленбейді. Бірақ Таяу Шығыста тұтанған от жағдайды өзгертуі мүмкін. Израильді қолдаған Батыс елдеріне көбінше Палестинаны жақтаушы Катар, Алжир және Мысыр секілді ислам елдері газ экспорттап отыр. Ресей осы елдермен тығыз қарым-қатынасын алдағы уақытта «газ соғысына» пайдалануы ғажап емес.
Ал Газадағы соғыс майданы Украинадағы жағдайға да белгілі әсерін беретіні анық. Әлемнің жаңа нүктесіндегі ашылған майдан ірі державалардың стратегиялық қадамдарын жаңартып жатқандай. ХАМАС делегациясымен қатар Иран өкілдерінің де Мәскеуде болуы Кремльдің осы бағыттағы іс-қимыл ауаны қайда бағыт алғанын аңғартады. Израиль–Палестина бойынша Теһран мен Мәскеудің ұстанымдары жақындай түскен. Ал Дағыстанның Махачкала әуежайында болған оқиға ресми билік ұстанымынан алшақ болса да, антисионистік әрекеттің дүмпуі Израильге дейін жетпей қалған жоқ. Оның үстіне АҚШ бастаған батыстық стратегиялық бәскелестер Израильді қолдап тұрған кезде Мәскеу үшін тең ортадағы позицияны қарману барған сайын қиынға түсуде.
Бейжің Орта Шығыста белсенді
Әлемнің болашақ картинасына әсер ететін мәселеде әр тараптың іс-қимылы өз алдына маңызды. Десе де, жаңа ірі держава ретінде қалыптасқан шығыс көршіміздің ұстанымы да назар аударатын тақырып. Байқағанымыздай, Қытай Израиль–Палестина арасындағы жанжалды тоқтатуға бұрынғыдан да белсене кіріскен. БҰҰ жиындарында оқ атыспау келісімін түзуді пәрменді қолдауда. Тіпті, осыған дейін Құрама Штаттармен бәсекелес күйде тұрған Қытай бір қадам шегініс жасап, Вашингтонмен диалог жүргізуге ынта танытты. Қазіргі СІМ жетекшісі Уаң И (Ванг И) америкалық әріптестерімен мәселені талқылады. Орта Шығыс бойынша өкілі тікелей пікір алмасу үшін араб елдерін аралап қайтты. Бейжіңнің ХАМАС–Израиль бойынша позициясы Мәскеуге жақын. Дегенмен, жанжалға арағайындық етуге күш салып жатқаны байқалады.
Қытай Орта Шығыстағы ықпалды ойыншы болып саналмайды. Бірақ аймақтағы ішкі ойыншылар Түркия, Иран, Сауд Арабиясы сынды елдермен тұрақты әрі теңдей мәмілесі бар. Тіпті, терең тарихи қайшылыққа ие Иран мен Сауд Арабиясын биыл бір үстелдің басында кездестіргені тағы бар. Ол ғана емес, Қытай Иранның қазіргі ең ірі сауда серігі. Сондықтан да америкалық шенеуніктер Бейжің Теһранмен тығыз мәмілесін пайдаланып, ХАМАС-ты диалогқа келтіре алар деп үміттенеді. Бұған қарап Палестинаны қолдаушы тарапқа сөзі өтімді Қытай мен Израильге сөзі жүретін АҚШ ортасында келісім жасалса, Газадағы ұрыстың жалғасуына негіз жоқтай көрінеді.
Десек те, мәселенің ауқымы мен астарына қарап соншалықты оңай емес екенін де білеміз. Қытайдың арағайын болуына кедергі факторлар көп. Оның бірі – Бейжің мен Тель-Авив қарым-қатынасында жатыр. Израиль ХАМАС-ты ашық айыптамағаны үшін Қытайға наразы. Ресми ұстанымы болмаса да, ішкі ақпараттық кеңістігінде Израильдің Газадағы әрекетін «геноцид» деп бағалау күшейген. Оның үстіне, Қытайда израильдік дипломаттың отбасы мүшесіне шабуыл жасалды. Ал соңғы жылдары Бейжің Палестинаға көбірек іш тартып жүрген болатын. Тіпті, сонау Мао дәуірінде де палестиналықтарға қолдау көрсеткен тарихы тағы бар. Мұның бәрі оның Израильмен тіл табысуында кедергі келтіретіні анық.
Израиль–Палестина мәселесінде Қытайдың арағайындыққа ұмтылуын әр тарап әртүрлі қабылдауы мүмкін. Кейбірі мұны аймақтағы экономикалық мүдделерін қорғап қалу деп түсінсе, кейбірі жағдайды пайдаланып, халықаралық беделін күшейтпек деп қабылдайтыны анық. Мұндай көзқарасқа Қытай СІМ жетекшісі Уаң И мырза жауап бергендей болды. «Қытай Палестина мәселесінде ешқандай жеке мүддені көздемейді» дегені бар. Қалай болған күнде де Бейжің аймақтағы жағдайға бұрынғыдан белсенді бетбұрғаны анық байқалады.