Ғалымдар әлемдегі көптеген империяны басқарған әулеттердің ауысуына климаттық құбылыстар әсер еткенін мәлімдеді
Климатологтар соңғы екі мың жылда Қытай императорлары династиясының құлауына вулкандардың атқылауы себеп болғанын анықтады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
Жанартаудың атқылауы салдарынан елде құрғақшылық немесе климат қатты суып отырған. Ғалымдардың зерттеу нәтижелері Communications Earth & Environment журналында жарық көрді.
«Біз соңғы екі мың жылда Қытай империясын басқарған әулеттердің құлауы вулкандардың атқылауына сәйкес келгенін анықтадық. Вулкан атқылаған соң ауа райы күрт суып, оның арты халық арасында түрлі шиеленістер мен дүрбелеңге әкелген. Ал, әскерилер осы ұрымтал уақытты тиімді пайдаланып, империяны басқарып отырған әулетті ауыстыруға барын салған»,-дейді АҚШ-тың Ратгер университетінің профессоры Алан Робок.
Ғалымдар соңғы жылдары жанартаудың атқылауы адамзат өркениетіне ықпал еткенін дәлелдейтін көптеген айғақ тапқан. Мысалы, тарихшылар эфиоптық вулканның атқылауын птоломейлік Египеттің құлауымен байланыстырады, сондай-ақ Көне Римде Юлия Цезарды өлтірген соң басталған азаматтық соғысты да осы вулканның атқылауымен байланыстырып келеді. Ғалымдар бұл қатарға Қытай императорлары династиясының құлауын да қосып отыр.
Робок пен оның әріптестері соңғы екі мың жылда Гренландия мен Антарктика аумағында қалыптасқан мұз қабаттарының құрамына талдау жүргізген. Онда бұрынғы дәуірде атқылаған 156 вулканның күлі сақталыпты. Тарихшылардың көмегіне жүгінген климатологтар бұл деректердің Қытай тарихындағы маңызды сәттерге сай келетінін анықтады. Зерттеушілер соңғы екі мың жылда бүкіл Қытайды немесе оның кейбір аймақтарын билеген 68 әулетпен байланысты оқиғаларды зерттеген.
Зерттеулер көрсеткендей вулкан атылған соң он жыл айналасында императорлар династиясы ауысып отырған. Бұл әсіресе вулкан атылған соң климаттық өзгеріс болған кезде орын алған, яғни құрғақшылық пен ауа райы күрт суығанда. Оның арты әскери қақтығыстарға ұласып отырыпты.
Ғалымдардың пайымдауынша, биліктің ауысуына Қытай ауыл шаруашылығының құлдырауымен қатар Цзи династиясы тұсында көктегі мандат ұғымының пайда болуы да әсер еткен.
Робоктың айтуынша, билікті басып алушылар өздерінің ізашарларын моральдық құлдырау мен көктегі мандатынан айырылды деп айыптап, оның жоғалуы катаклизм мен әртүрлі табиғи ауытқуларға әкелді деп кіналаған. Жанартаулардың атқылауы басқа да табиғи құбылыстарды тудырып отырған, оларды ең алдымен жаңа әулеттердің негізін салушылар тиімді пайдаланып келді, деп қорытынды шығарды ғалымдар.