Дала құстары, су құстары келе бастағалы бірсыпыра уақыт болды. Бұлбұлдарының әуезді даусы биыл құлаққа ертерек жетті. Бұл көктемнің белгісі десек те, өкпек желдің, сарқыраған селдің ауылы алда. Адуынды «Аласапыран» басталды.
«Жартысы құдайдікі, жартысы кедейдікі» деген наурыз айы да, міне, бітіп бара жатыр. Өткенде «Бесқонақтың бір күні» деген амал жүрді. «Май боран», «Босаға басы» деген жанама атаулары бар. Қыстың бір күндік соңғы бораны көрініс берді. Алматыда қар жауды, ызғар, жауыншашын болды. Шөптің бой көтеруіне, ағаштардың ескі жапырағынан арылып, жаңасының шығуына жаңбырдың пайдасы болмаса, зияны жоқ. Бұрынғы шаруалар «Бесқонақты» күтіп, қатты сақтанған, «Бесқонақ» өтісімен арқасын сәл де болса кеңге салып, көктемгі жұмыстарға кірісетін болған. 20-сынан бастап «Әбдікей» амалы көрініс берді. Қазақ «сиырдың ораза ұстауы» деп атаған бұл амал да атына сай өтті.
Өткен пайымымызда «...Апта айдың басын да, ортасын да, соңын да қамтып тұр. Бұлардың ауа райына әсері болмай қалмайды. Күндіз күннің көзі жарқырап тұрғанымен түнге қарай суытуы мүмкін. Соның салдарынан күндіз еріген қар түнгі және таңғы аязбен қатып, мұзға айналып, көктайғақ орын алуы ғажап емес... Өйткені, бұл «Құс қанаты» амалы ғой. Құстар келіп жатыр мекеніне. Құстардың қанатымен жел келеді, самал еседі, оларға жаңбыр мен қар ілеседі...» деп жазған болатынбыз. Пайымымыз дәл келді.
Бүрсігүні (29 наурыз) қатты дауыл тұрып, талай үйдің шатыры, қорасы ұшып кетті. Боранның соңы қарға ұласты.
...Көктемнің алғашқы айы – наурыздың соңына қарай жылы жақтан құстар қайтып келіп жатыр. Олардың қанатына ілескен қар мен жаңбыр, суық жел елдің есін алуда. Мұны халқымыз «Құс қанаты» деп атаған. Қар еріп, жер лайсаң болуда.
Бұл – «Аласапыран» амалының басталғаны... Қазір ағаштар бүршігін бүртитіп, табиғаттың жылуын, көктемнің шуағын тым ерте сезінетін өрік ағаштары гүлін ашып жіберуге әзір тұр. Енді бірер аптада Алматы шаһары гүлге бөленіп, нұрға кенеліп шыға келеді.
«Қызыр қамшысы», «Тобылғы жарған», «Қызыл жұмыртқа», тағы да басқа амалдар да көктемнің еншісінде... Олар да өз ретімен келе береді. Әйтсе де, оңтүстік өңірлерде тоң еріп, жердің көбесі сөгілді.
Бүгін қолданыстағы күнтізбе бойынша, наурыз айының 31-і, ай жүйесі бойынша, 27-сі, қазақша – 18-і. Апта (31 наурыз бен 7 сәуірдің арасы) айдың басы-аяғын түгел қамтып тұр. Бұл, әрине, жоғарыда аты аталған адуынды «Аласапыран» амалының жауын-шашынды, лайсаң болатынын аңғартқандай. Дегенмен, алдағы аптада ашық, жылы күндер де болатынын жоққа шығаруға болмайды. Аспандағы қозғалыс, жұлдыз бен бұлттың қимылы бізге осыны сездіргендей. Қалай десек те, көктем шықты.
Аз күнде өрік гүлдесе, артынша шие, сосын алма гүлдейді. Табиғат-Ана мейірімін шашып, сол жемістерді ел-жұртқа бұйыртсын! Табиғат тосын мінез танытпасын. Өңірімізден шаттық, өңімізден күлкі кетпесін!