Алматының түкпір-түкпірінде Наурыз мейрамы әлі де дүбірлете тойлануда.
«Алатау» дәстүрлі өнер театры сахнасында мерекеге арнайы ойластырылған «Әсем әуен мен көркем қимыл» атты сазды би кеші өтті.
Қазақ халқының би өнері халықтың поэтикалық, фольклорлық, музыкалық шығармашылығымен тығыз байланысты болғандықтан, мың бұралған бишілер мен түрлі аспаптың құлағында ойнаған өнерпаздарды біріктіру ойы өзінен-өзі келген екен. Нәтижесінде хореографиялық қимылдың элементтері ұлттық аспаптарымыздың сүйемелдеуімен ұштасып, заманауи жаңа формада көрерменге ұсынылды. Сазды би кешінде ишарамен, ыммен (мимика) айту әдісі де кеңінен қолданылады.
Әсем әуен мен көркем қимыл кеші – «Алатау» театрының хореографы Карина Ержанқызының режиссер ретіндегі алғашқы жұмысы. Ол бірнеше көріністерде халық аңыз-әңгімелерін, салт-дәстүр элементтерін, табиғат құбылыстарын, наным-сенімдерді би мен әуеннен құралған, театрландырылған қойылым ретінде беруге тырысқан.
«Мен негізі мамандығым бойынша хореографпын, бірақ бүгін алғаш рет қоюшы-режиссер ретінде шығып отырмын. Бұл концерт негізінен аспаптық ансамбль мен бишілер нөмірлерінің бір арнаға тоғысуынан туындады. Біздің басты мақсатымыз – сазды әуен мен пластиканы ұтымды біріктіру», – деді Карина Ержанқызы.
Шымылдық ашылған сәттегі алғашқы көріністе халық аңызы «Қамыс» музыкалық сүйемелдеуден бөлек, оның желісі бимен сомдалып, мәнерлеп оқумен берілді. Кейіннен қойылым бағыты лирикаға ауысып, қыз ғұмырының дәстүрлері көрсетілді. Бишілер аппақ аққуға айналып, сахна көгіне ұшты. Театрдың тұрақты көрермені ретінде көріністер арасынан «Ән-Мұхит» қойылымынан алынған «Зәуреш» үзіндісін бірден байқадық. Ол да бір қазақылықтың, ұлттық өнердің белгісі. Себебі, Мұхит – жәй ғана әнші емес, халық өнерінің белді өкілі.
Қойылым барысында ерекше көзге түскен көрініс – «Табиғат» ананың ұйқыдан тұруы, оның төрт құбыласы – Аспан, Жер, От пен Судың жеке-жеке «Аужар», «Япыр-ай» сынды халық әндерінің әуезді әндеріне мың бұралып билеуі. Адам таңданатын әсерлі көрініс. Тағы бір үзіндіні осыған дейін қойылған «Алтыбақан» қойылымындағы көрініске ұқсаттық, алайда режиссер жастардың жиналып, би мен әнге толы көңіл көтерген тұсы жаңа толықтырулармен, өзгеше әуендермен берілгенін жеткізді. Кеш шымылдығы Батырхан Шүкеновтің «Гүл Алматым» әнімен жабылды. Бұл да бір алматылық көрерменге деген ілтипаттылықтың белгісі болар.
Жалпы, кеш ансамбль мен бишілердің жеке концерті болды десек, қателеспейміз. Ансамбльде 13 адам өнер көрсетсе, 8 биші жан-жақты әртіске айналып, басты рөлді сомдады десек те болады. Аспаптық өнерпаздарының арасында дәстүрлі әртістерден бөлек, классикалық аспаптардың құлағында ойнайтындар да бар. Халық әндерінің виолончель, флейта үндерімен керемет үйлесімін тыңдауға болады. Өнерпаздар мұндай кеш бұрын-сонды болмағанын, жеке-дара дүние болғандықтан жауапкершілік жүгі салмақты екенін ескере отырып, қойылымға бір айдай дайындалған екен. Виолончелист Бағжан Октябрь классикалық аспапта орындаушы болғанымен, дәстүрлі өнерге жүрегі жақын екенін айтып, кеш алдында біраз уайымдағанын жасырмады.
«Бүгінгі қойылым біздің ансамбль үшін ерекше. Себебі, менің осы театрда екі жыл жарым еңбек еткеніммен, аталмыш кеш – ансамбльдің бірінші жеке концерті. Сондықтан уайымға бой алдырғанымыз рас, оған қоса бұрын-соңды орындалмаған шығармалар көп болды. Бүгін ерекше кештің тұсаукесері болғандықтан, көрермендердің жылы қабылдауы бізге маңызды», – деді Б.Октябрь.
Кеш қазақ фольклорының үздік туындыларынан сыр шертіп, ұлттық биден шашу шашқанымен, бір қойылыммен бар дәстүрлерді қамтуға тырысқанымен, бір жүйелілік пен логикалық байланысты, өкінішке қарай, көре алмадық. Концерт дейін десең, театрлық қойылым элементтері көп, сюжет бар, толыққанды қойылым дейін десең, рөлдерді актерлер емес, бишілер ым-ишарасыз сомдайды. Әрине, би мен әнді байланыстырған бұған дейін қойылым көргеніміз жоқ, дегенмен осы екеуінің арасын бір пайымды, түсінікті сюжеттік жүйемен біріктіру керек еді деген ойдамыз. Әр көрініс жекелей әсерлі болғанымен, бір-біріне кедергі тудырғандай. Қайғылы сюжеттерден көңілді көріністерге бірден ауысу қиынға түседі екен. Негізі дәстүрлі өнерімізді сахналауда әлі де бір бағыт, жүйелілік жоқ қой, бірақ аталмыш жалғыз дәстүрлі театр сол жолда алғашқы қадамдарын жасауда. Келе-келе Еуропаның операсы мен балеті сынды бізде де өнердің өзімізге тән түрі пайда болар. Оның да ережесі мен талаптары жазылып жатар. Әзірге ұлттық өнердің қолға алынуының өзі – жетісті жолындағы үлкен қадам.