ffin.kz

«Қазақтың шешендік өнері»

«Қазақтың шешендік өнері» Сурет: Қайрат Қоныспаев

Мамай Ахетовтың үш томдық еңбегі жарық көрді


Сөз өнері күллі өнер атаулының бастамасы екені белгілі. Ал кісінің кісілігін, тіпті қарым-қабілетін сөзінен таныған қазақ сөз өнерін, әсіресе, шешендік өнерді бәрінен биік қадірлеген халық. Ауызы сөзге жарымаған адамға ел тізгінін де ұстатпаған. Елдің қамын да, ердің тағдырын да сөзбен шешкен. Қастасқанды қылышсыз кесіп, даудан-жаудан қызыл тілмен қорғай алатын асылы бекзат өнерді айрықша бағалаған. Әне, сондай ұлт мұрасы әр кезде түрлі деңгейде зерттеліп, зерделеніп те келеді. Соның өзінде тау-теңіз қазынасы түгел ақтарылып, тауыса зерттеліп болды деп айта алмаймыз.



Күні кеше ғана «Қазақтың шешендік өнері» атты үш томдық қомақты еңбек осы саланың кең айдынына келіп қосылды. Бұл еңбек әдебиет зерттеуші, фольклортанушы ғалым Мамай Ахетовтың 30 жылға жуық еңбегінің нәтижесі. Үш том еңбектің тұсауы «Әуезов үйінде» кесілді.


Айрықша атай кетейік, қазақтың шешендік өнері мен ауызекі сөйлеу дәстүрін монографиялық сипатта қарастыратын бұл еңбекті ҚР ҒЖБМ Ғылым комитеті М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Ғылыми кеңесі ұсынып отыр.


Ғылыми еңбектің тұсаукесер шарасына ұлтымыздың сөз өнерін зерттеп-зерделеген ғалымдар, өнер мен мәдениет өкілдері және БАҚ өкілдері жиналды. Қатысушылар Мамай Ахетовтың әдебиет пен фольклортануға қосқан сүбелі еңбегін жоғары бағалады. Ғылымдағы қатарлас әріптестері мен қаламдастары еңбек авторының аталған сала бойынша ұзақ жыл еңбек етіп келе жатқанын баса айтып өтті.


М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бөлім меңгерушісі, ф.ғ.д. Гүлжаһан Орда бұл еңбекке тереңдей тоқталып өтті. Оның айтуынша, үш томдық көлемді еңбек шешендік өнердің арғы-бергі тарихын түгендеген, көркемдік қырларын талдаған. Сонымен бірге, «шешендік өнер қазіргі заманға қалай жалғасты?» деген сауалға да жауап беретінін атап өтті. Ғылымдағы қатарласы бұл еңбекті өзінің 30 жылдық ізденісінің нәтижесінде ұсынып отырғанын да баса белгіледі. Сондай-ақ, осы еңбектің негізінде жоғары оқу орындары үшін оқу құралын құрастыру туралы идеясын да ортаға салды.



Қазақ әдебиеті мен өнерінің бір дәуірдегі қара шаңырағына айналған ортада ғалымдар мен қаламгерлер қазақтың шешендік өнері турасында да  әңгімеледі. Жиынның тізгінін ұстаған аталған институт директоры, ф.ғ.д. Кенжехан Матыжанов жиын тақырыбына орай бірқатар соны ойларын ортаға тастады. Ұлтымыздың шешендік өнерін биік бағалағанына қарамастан, қазіргі жоғары билік өкілдері түрлі шараларда бұған аса мән бермей жүргенін айта келіп, шетелдік тәжірибелерде бұның озық үлгілерін тиімді пайдаланып отырғанына мысалдар келтірді.



Аталған еңбек фольклортанушы, әдебиеттанушы мамандарға, жоғары оқу орындарындағы ұстаздарға, сондай-ақ, ЖОО-дағы педагогика, филология, заң, дінтану факультеттерінің студенттеріне, жалпы көпшілік оқырман қауымға арналған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

18:02

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14

14:45

14:40

14:34

14:07

13:47

13:30

12:58

12:32

12:13

11:56