Елордада жауын құрттарымен қоректенетін бойжеткен тұрады.
Ол жәндікті тек пайдалы болғаны үшін емес, дәмі ұнағандықтан жейтін көрінеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Elorda.info-ға сілтеме жасап.
Яна Мазуренко құрттың дәмі макарон іспеттес екенін айтқан.
«Дәмі шала пісірілген макарон сияқты. Шайнаған кезде дәмі жақсы, себебі қабығы қытырлақ, ал іші жұмсақ, мармелад сияқты», – дейді тұрғын.
23 жастағы бойжеткен 8-сыныптан бастап жауын құрттарымен коректенеді. Өз бақшасынан омыртқасыз жәндіктерді таңдап жегенді ұнатады екен.
«Жазда бақшадан қазып алатынмын, қазір оларды сатып алуға, сайттан іздеуге тура келеді. Қыста бағасы өседі, шынымды айтсам, бұл – өте қымбат», – дейді елордалық тұрғын.
Бойжеткенге 24 құрт жеткілікті көрінеді.
Десе де дәрігерлер бұдан адам паразит жұқтыруы мүмкін екенін айтады.
«Құрттарды жеу арқылы адам паразиттерді жұқтыруы мүмкін. Денесіне паразиттер еніп, өмір сүруі мүмкін. Ол ағзаға теріс әсер етіп, күйзеліске ұшырауы мүмкін», – деді гастроэнтролог Гүлмира Думык.
Тағы бір кейіпкер тау жыныстарын, топырақ, саз, бор жейді екен.
«Дәмі әк сияқты. Әк иіскеп, соны жеп жатқан сияқтымын. Сондай балғын. Жаңа ғана боялған сынды. Өте дәмді», – деді Әсия Әубәкірова.
Мектепте ол бор жеген. Кейінірек табиғи, химиялық қоспаларсыз, дәмді бор болатынын білген. Бордан басқа топырақ пен сазды да жеуге болады дейді. Әрі оның түрлі ассортименті бар. Екі жүзден астам түрі сатылады.
«Тауарды Ресейден, Украинадан сатып аламыз. Қазақстанда да бор карьерлері бар. Мысалы, наполеон тортқа ұқсайды. Бұл – өте дәмді. Сонымен қатар Орал сазы да сұранысқа ие», – деді бор, саз және гурман топырағын сатушы Ақжан Қабиден.
Ақжан бор, саз сатумен екі жылдан бері айналысады. Клиенттер жеткілікті дейді. Психологтар мен диетологтар мұны пикацизм, яғни құмарлықты тамақтану тәртібінің бұзылысы деді.
«Саз немесе борға тәуелділік бұл адам ағзасында бір нәрсе жетіспейтіндігін білдіреді. Ағзада микроэлементтер жеткіліксіз», – дейді гастроэнтролог.
Гүлмира Думык адам ағзасын токсиндерден қорғау маңызды екенін айтады. Сол себепті бор мен саз пайдалы болуы мүмкін. Бірақ оларды таза күйінде жемеген жөн. Өйткені денеде ауыр металл тұздарын жинап алу қаупі бар. Одан гөрі құрамында бор немесе саз бар пайдалы витаминдер жиынтығын немесе дәрі-дәрмектер тұтыну қажет.