Қазақстанда мәдениет саласында 1 млн-нан астам баланы қамтитын мәдени жобалар қолға алынған.
Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Мәдениет және спорт министрлігі Балалар жылын өткізу аясында берілген барлық тапсырма мен міндеттер бойынша белсенді жұмыс атқарып жатыр. Барлық жұмыс балалардың сапалы және қолжетімді білім алуын, шығармашылық тұрғыдан толыққанды дамуын қамтамасыз етуге, олардың спорттық және шығармашылық әлеуетін арттыруға бағытталған», - деді Д.Абаев.
Оның айтуынша, мәдениет саласында 1 млн-нан астам баланы қамтитын бірнеше ірі жоба қолға алынған.
«Атап айтқанда, республикалық «Ұлағатты ұрпақ» мәдени-білім беру онлайн жобасы қолға алынды. Жоба сайттар мен әлеуметтік желілерде жүргізіледі. Қазіргі таңда қаралым саны 986 мыңға жетіп отыр, жыл соңына дейін 2 млн қаралымға барады деп күтілуде. Бұл өте ауқымды қызық жоба. Оқушылар үйден шықпай-ақ, виртуалды саяхат жасап, опера, балет, драма өнерінің үздік үлгілерін тамашалап, қазақстандық және шетелдік фильмдер мен мультфильмдерді көре алады. Дәріскер ретінде белгілі мәдениет және өнер қайраткерлері, шығармашылық ЖОО-лардың профессорлық-оқытушылық құрамы 20 сайтқа 5 бағыт бойынша екі тілде әзірленген 402 бейнесабақ толық енгізілді. Мысалы, музыкалық өнер, кинематография, бейнелеу өнері, театр және Киелі Қазақстан туралы», - деп түсіндірді министр.
Сонымен бірге «Оқушының мәдени нормативі» жобасы еліміздегі 1510 мектепке енгізілген. Бұл жалпы мектептердің 20%-ын құрайды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 30%-ға жеткізу жоспарланған.
«Балалар әдебиетіне арналған «Дана бала» (www.danabala.kz) веб-сайтында қазір 100-ден астам қазақстандық автордың кітаптары топтастырылған. Жыл соңына дейін сайтқа 5000 кітап орналастырылады. Бұл – балаларға арналған жалғыз электронды кітапхана. Одан бөлек, балалар шығармашылығына арналған «Таланттар арамызда» республикалық фестиваль-көрме өткізілді. Фестиваль қорытындысы бойынша балаларға 16 номинация берілді. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы үздік оқушы, Қадыр Мырзалиев атындағы үздік ақын, Әлкей Марғұлан атындағы үздік археолог, Асқар Жұмаділдаев атындағы үздік өнертапқыш, Құман Тастанбеков атындағы үздік актер, Бибігүл Төлегенова атындағы үздік әнші, Дина Нұрпейісова атындағы үздік күйші, Қажымұқан Мұңайтпасов атындағыв үздік спортшы дипломдары берілді», - деді министр.
Ал «Әжемнің ертегілері» онлайн-жобасы 31 мың баланы қамтиды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 40 мыңға жетеді деп жоспарланып отыр. Балалар шығармашылығына арналған «Мейірім» инклюзивті фестивалінде ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін саз балшық терапиясы, киіз басу, интуитівті живопись, пластилин сынды 6 бағытта шеберлік сыныптары ұйымдастырылады.
«Балаларды қорғау күніне орай «Жазғы кино» ауқымды әлеуметтік жобасы басталды. Жаз бойы көп балалы, көмекке мұқтаж, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары мен жасөспірімдерге тегін кино көрсетілімдер ұйымдастырылады. Бұл «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының жобасы және «Қазақфильм» АҚ, «Ұлттық киноны қолдау орталығы» АҚ-мен бірге жүзеге асырылады», - деді Дәурен Абаев.