ffin.kz

Қазақстанда 1,6 миллион балалы отбасы әлеуметтік төлем мен жәрдемақы алады

Қазақстанда 1,6 миллион балалы отбасы әлеуметтік төлем мен жәрдемақы алады Сурет: Tvoriashiedobro.ru

Биыл бұл мақсаттарға 537,1 миллиард теңге бөлінді.


Қазақстан Үкіметі биыл ана мен баланы әлеуметтік қолдауға 898 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылғанын жеткізді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 



«Балалы отбасылардың құқығын және олардың заңды мүддесін қорғау - мемлекет саясатының басты бағыттарының бірі. Қазіргі таңда 1,6 млн балалы отбасы әлеуметтік төлем мен жәрдемақы алады. Ана мен баланы әлеуметтік қорғау көпдеңгейлі әлеуметтік көмек пен әлеуметтік сақтандыру жүйесі арқылы жүзеге асады. Жүйеге бюджеттен төленетін жәрдемақының бес түрі мен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін төлемнің үш түрі кіреді. Биыл республикалық бюджеттен бұл мақсаттарға 537,1 млрд теңге бөлінді. Бұл былтырмен салыстырғанда 13,3%-ға көп (2021 ж. - 473,9 млрд теңге). Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 361,3 миллиард теңге қарастырылған (2021 ж. – 295,8 млрд теңге)», - делінген Еңбекмині баспасөз қызметінің хабарламасында.



Мемлекет базалық деңгейде бала тууына байланысты республикалық бюджеттен біржолғы жәрдемақы төлейді. Оның мөлшері 120 840 теңге мен (бірінші-үшінші балаға) 200 340 (төрт және одан да көп балаға) теңге аралығында. Биылғы 4 айда жәрдемақы 134,1 мың адамға берілді (18,4 млрд теңге).


Жұмыс істемейтін әйелдерге 1 жасқа дейінгі баланың күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы қарастырылған. Оның мөлшері отбасындағы бала санына қарай есептеледі. Жәрдемақы мөлшері 18 317 теңге (бір балаға) мен 28 302 (төрт және одан көп балаға) теңгенің аралығында. Биыл жәрдемақының бұл түрі 46,5 мың адамға берілді (4,7 млрд теңге).


2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап бірге тұратын 4 және одан да көп кәмелет жасына толмаған баласы бар немесе күндізгі оқу нысанында білім алатын 23 жасқа дейінгі студент балалары бар көп балалы отбасыларға табысына қарамастан мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Оның мөлшері бала санына қарай 50 976 теңгеден бастап (4 бала) 203 520 теңгеге (16 бала) дейін жетеді. Биылғы 4 айда жәрдемақының бұл түрін 495 мыңнан астам отбасы алды (110,1 млрд теңге).        


Көп балалы аналардың дәрежесін көтеру үшін де мемлекеттік жәрдемақы тағайындалған. Ол «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алған көп балалы аналарға табысына қарамастан төленеді. Қазір жәрдемақы мөлшері 20 352 теңге. Жыл басынан бері 227,6 мың адамға 17,9 млрд теңге төленді.


Бұдан бөлек мүгедектігі бар баланың кәмелет жасына жеткенге дейінгі күтімі бойынша республикалық бюджеттен жәрдемақы төленеді. Оның мөлшері - 52 345 теңге. Қазіргі таңда бұл жәрдемақы 95,5 мың отбасына берілді (19,8 млрд теңге). Мүгедектігі бар бала кәмелет жасына толған соң мүгедектіктің бірінші тобы белгіленсе, онда бірінші топтағы мүгедектігі бар адамның күтімі бойынша жәрдемақы төленеді. Оның да мөлшері - 52 345 теңге. Биыл бұл жәрдемақыны 30 мыңнан астам отбасы алды (6,5 млрд теңге). Төлемнің бұл түрі мүгедектік бойынша жәрдемақыдан бөлек төленеді.


Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысатын жұмыс істейтін әйелдерге жұмыс берушілердің есебінен түсетін әлеуметтік жарналардың негізінде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлем қарастырылған.                


Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін мемлекеттік жәрдемақылардан бөлек жүктілігіне, босануына және жаңа туған бала асырап алуына байланысты табысынан айырылған жағдайда біржолғы әлеуметтік төлем тағайындалған. Төлем алушының құқығы уақытша еңбекке жарамсыздық парағында (аурухана парағы) көрсетілген жүктілігі және босануы бойынша демалыс басталған күннен күшіне енеді. Біржолғы төлем демалыстың барлық күніне төленеді. Оның мөлшері Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына бір жылдағы орташа айлық табыстан түсетін әлеуметтік жарнаға және аурухана парағы берілген күндерге байланысты. Қазір бұл әлеуметтік төлемнің орташа мөлшері - 677,6 мың теңге. Жыл басынан бері бұл төлем 81,8 мың адамға берілді (48,8 млрд теңге).      


Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 1 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты табысынан айырылу бойынша ай сайынғы төлемдер де төленеді. Төлем алушының құқығы бала туған күннен, жаңа туған баланы асырап алу жөнінде сот шешімі күшіне енген күннен немесе қамқоршы тағайындалған күннен бастап күшіне енеді. Төлем жаңа туған баланы күтумен айналысатын және табысынан айырылғандарға төленеді. Төлем мөлшері төлем алушының құқығы күшіне енгенге дейінгі соңғы 2 жылдағы орташа айлық табысының 40%-ның шамасында. Биыл қаңтар мен сәуір айларының аралығында төлемнің бұл түрін 448 мың адам алды (56,6 млрд теңге).


Бұдан бөлек асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша базалық жәрдемақыларға қосымша бюджет қаражаты есебінен міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысатын әкесінің немесе анасының қамқорлығынсыз қалғандарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша төленетін бұл әлеуметтік төлемді бала 18 жасқа дейін алуға құқылы. Егер бала күндізгі оқу нысанында білім алатын студент болса, онда бұл әлеуметтік төлемді 23 жасқа дейін алуға құқылы. Ай сайынғы төлем мөлшері Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына 2 жылдағы орташа айлық табыстан түсетін әлеуметтік жарнаға, қараусыз қалғандар санына және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты. Биылғы 4 айда төлемнің бұл түрін 55,7 мың адам алды (6,8 млрд теңге).    


Биыл аталған әлеуметтік төлемдерге Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 361,3 миллиард теңге қарастырылған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

09:54

09:53

09:38

09:35

09:05

08:58

08:49

08:05

19:10

18:45

18:02

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14