Соңғы жылдары әлемде аймақтық сауда дамып келеді
Әзірбайжанда Қазақстан тауар өндірушілерінің сауда-экономикалық миссиясы өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Жиынға азық-түлік, химия және мұнай-химия өнімдері, фармацевтика, металл прокаттау және металл өңдеу, машина жасау, құрылыс материалдарын өндіру, IT саласында жұмыс істейтін 23 отандық кәсіпорындар қатысты.
Олардың қатарында экспорттық акселерация бағдарламасына қатысушылар да болды. Әзірбайжан тарапынан қазақстандық бизнеспен ынтымақтастыққа мүдделі 100-ден астам компания қатысты.
Жиынның ресми бөлімін ашқан Қазақстан Елшісі Сержан Әбдікәрімов елімізде өткен конституциялық референдумның мәніне тоқталып, оның нәтижелері экономика мен ұлттық кәсіпкерлікті дамытуға ықпал ететінін және экономикада ашық және әділ ойын ережелерін қалыптастыратынын айтты.
Ол сондай-ақ дипломатиялық қатынастардың 30 жылында «екіжақты және көпжақты ынтымақтастық саяси, сауда-экономикалық, энергетикалық, транзиттік, көліктік, ауылшаруашылық, мәдени-гуманитарлық және басқа да салалардағы жүйелі және көп қырлы сипатқа ие болғанын» атап өтті.
Жиналғандардың назарын қазіргі жағдайда Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТХКБ) әлемдік сауда, транзит және жабдықтау жүйесіне дұрыс интеграциялау қажеттілігіне аудара отырып, С. Әбдікәрімов Қазақстанның Әзірбайжандағы Сауда үйінің шеңберінде «TDK-Logistics» логистикалық бөлімшесінің жұмыс істейтінін еске салды. Сонымен қатар, ол 2022 жылғы 4-5 шілдеде Нұр-Сұлтанда үкіметаралық комиссияның кезекті отырысы өтетінін айтып, мүдделі кәсіпкерлерді екіжақты инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтатын екі елдің іскер топтары арасындағы тұрақты диалог алаңы ретінде құрылып жатқан «Қазақстан-Әзірбайжан іскерлік кеңесіне» қосылуға шақырды.
«QazTrade» АҚ бас директоры Азамат Асқарұлы қазіргі жағдайда екі ел арасындағы ынтымақтастық жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқанын айтты.
«Соңғы жылдары әлемде аймақтық сауда дамып келеді. Каспий өңірі, ең алдымен, Әзірбайжан мен Қазақстанның өзара тауар айналымын арттыруға әлеуеті зор. Оның үстіне қазір Еуропадан Азияға транзиттік аумақ ретінде екі елдің рөлі артып келеді, біз транзиттік елдер ретінде ғана емес, экономикалық әріптестер ретінде де ішкі өзара іс-қимылымызды тереңдете аламыз және тереңдетуіміз керек», - деді ол.
Биылғы жылдың басынан бері екі елдің Каспийдегі теңіз сауда порттары арқылы 2021 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда екі есе көп жүк тасымалданды. Жыл соңына дейін ТХКБ бағыты бойынша көлік тасымалы алты есеге артады деп күтілуде.
QazTrade басшысы бүгінгі таңда 80-нен астам қазақстандық компания өз өнімдерін Әзірбайжанға тұрақты экспорттаушы болып табылатынын атап өтті. Бұл ретте Қазақстаннан 272 млн АҚШ доллар сомасына 105 тауар позициясы бойынша экспортты ұлғайту әлеуеті бар, оның ішінде металлургия өнімдері, азық-түлік және сусындар, машина жасау және химия өнеркәсібі өнімдері.
Өз кезегінде, Әзірбайжан Шағын және орта бизнесті дамыту агенттігі басқармасының төрағасы Орхан Мамедов 1995-2021 жылдары Әзербайжанның қазақстандық шикізат емес секторына салған инвестициясы 200 млн АҚШ доллардан астам соманы құрағанын атап өтті. Қазақстанның әзірбайжандық шикізаттық емес секторына салған инвестициясы шамамен 100 млн АҚШ долларды құрады.
«Елімізде жұмыс істейтін шетелдік компаниялардың 159 қазақстандық капиталмен құрылған. Бұл компаниялар экономиканың өнеркәсіп, құрылыс, сауда, ауыл шаруашылығы, көлік және қызмет көрсету сияқты салаларында жұмыс істейді», - деді ол.
Сондай-ақ, іс-шара аясында «Қазақстан стандарттау және метрология институты» РМК-ның бас директоры Ғабит Мұхамбетов, Еуразиялық экономикалық одақ сотының судьясы Жолымбет Бәйішев, Әзірбайжан Республикасы Милли Меджлисінің депутаты Мушфиг Джафаров және PwC Еуразия аймағының директоры Мырза Сокуров сөз сөйледі.
Сауда-экономикалық миссия аясында қазақстандық тауар өндірушілерге екі елдің ұлттық компаниялары мен іскер топтарының қатысуымен B2B форматында екіжақты келіссөздер, Әзірбайжан Республикасының ірі сауда желілерімен және дистрибьюторларымен кездесулер ұйымдастырылды.
Олардың нәтижесінде жалпы сомасы 38 млн АҚШ долларынан астам 8 экспорттық келісімшартқа қол қойылды. Әзірбайжанға қазақстандық азық-түлік өнеркәсібінің тауарларын (күнбағыс майы, күріш, тұз, жарма және дайын тағам жиынтықтары), металпрокат, химия және лак-бояу өнімдерін жеткізуге келісім-шарттар жасалды.
Сонымен қатар, Қазақстанның Стандарттау және метрология институты мен Әзірбайжанның Стандарттау, метрология және патент жөніндегі мемлекеттік комитеті арасында келісімге, сондай-ақ «QazTrade» АҚ мен «Ганджа кәсіпкерлері» қоғамдық бірлестігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.